14.04.2026
09:45
263

Халықаралық олимпиадада жүлдегері: қазақстандық оқушы MIT-ге грантқа түсті

Алматылық мектеп оқушысы Амирлан Аманжолов халықаралық деңгейде үлкен жетістікке қол жеткізіп, әлемнің ең үздік университеттерінің біріне оқуға шақырту алды, деп хабарлайды El.kz интернет-порталы. 

Haileybury Almaty мектебінде 12-сыныпта білім алып жүрген ол беделді International Mathematical Olympiad (IMO) олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.

Жас математик бірнеше жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетіп келеді. Ол олимпиадалық математикамен 7-сыныптан бастап айналысып, табандылығы мен ұстаздарының қолдауының арқасында жоғары нәтижелерге жеткен.

2025 жылы Аустралияда өткен халықаралық олимпиадада Амирлан күміс медаль жеңіп алып, ел намысын абыроймен қорғады. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 112 елдің ішінде 17-орынға тұрақтап, ұлттық команданың әлеуеті жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Дарынды оқушының жетістігі мемлекет деңгейінде де ескерусіз қалған жоқ. Ол былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуге шақырылып, 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы сыйақы сертификатына ие болды. Сонымен қатар оның жаттықтырушысы да мемлекеттік марапатпен бағаланды.

Амирланның табысты жолы оған әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарынан шақырту алуға мүмкіндік берді. Олардың қатарында Harvard University, Stanford University, University of California және Massachusetts Institute of Technology бар. Нәтижесінде ол толық білім гранты ұсынылған MIT университетін таңдады.

Оқушының айтуынша, олимпиадаларға қатысу оның дамуына үлкен әсер етіп, армандаған университетіне түсуіне мүмкіндік берген.