30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыҚазақстанда 2026 жылы мемлекеттік білім грантына ие бола алмаған талапкерлер үшін оқу ақысын төлемей білім алудың қосымша мүмкіндіктері бар.
Жергілікті атқарушы органдар 2 392 білім грантын бөлсе, еліміздің жоғары оқу орындары 2 мыңнан астам ректорлық, университеттік және ішкі грант ұсынып отыр.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, университеттер беретін гранттар мен жеңілдіктерді тағайындауда ҰБТ нәтижесі, талапкердің академиялық жетістіктері, «Алтын белгі» иегері болуы, олимпиадалар мен ғылыми, шығармашылық және спорттық жарыстардағы жетістіктері, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы ескеріледі.
2026 жылы жергілікті атқарушы органдар бакалавриат, магистратура және резидентура бағдарламалары бойынша білім алуға 2 392 грант бөлді. Бұл гранттар өңірлерге қажетті және сұранысқа ие мамандарды даярлауға бағытталған.
Астана қаласына – 303, Шымкентке – 285, Шығыс Қазақстан облысына – 270, Батыс Қазақстан облысына – 211 грант бөлінген. Абай және Түркістан облыстарының әрқайсысына 200 гранттан қарастырылса, Ақмола облысына – 199, Қарағанды облысына – 198, Атырау облысына – 187, Маңғыстау облысына 163 грант бөлінді. Қалған өңірлерде шамамен 100-ге жуық гранттан қарастырылған.
Конкурсқа қатысу үшін талапкер таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына өтініш беруі керек. Оған білім туралы құжат, негізгі ҰБТ сертификаты, жеке куәліктің көшірмесі және жеңілдіктерге құқығын растайтын құжаттар, егер бар болса, қоса беріледі.
Гранттарды тағайындау туралы шешімді тиісті әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Құжат қабылдау мерзімі жөніндегі нақты ақпаратты жергілікті атқарушы органдардан және жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан білуге болады. Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.
Мемлекеттік және әкімдік гранттарынан бөлек, Қазақстанның жоғары оқу орындары да талапкерлерге өз қаражаты есебінен білім алу мүмкіндігін ұсынып отыр. 2026 жылы ректорлық, университеттік және ішкі білім гранттарының жалпы саны 2 мыңнан асады.
Әр жоғары оқу орны грант санын, конкурс өткізу тәртібін және үміткерлерге қойылатын талаптарды өзі белгілейді.
Ең ірі бағдарламалардың бірін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жүзеге асырады. 2026-2027 оқу жылына Түркия Республикасы 500 білім беру квотасын бөлген. Конкурсқа құжаттар 10-15 тамыз аралығында қабылданады. Оған мемлекеттік білім гранты конкурсына қатысуға жарамды ҰБТ сертификаты бар және университет белгілеген шекті балды жинаған Қазақстан азаматтары қатыса алады.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті IT бағытындағы олимпиадалар, жобалар және дарынды оқушылар арасындағы байқаулар жеңімпаздарына 125 ішкі грант бөлген. Сонымен бірге жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға да оқу ақысын толық өтейтін гранттар берілген.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде түрлі конкурстық бағдарламалар бойынша 94 грант қарастырылған. Оның ішінде «Ақылды Awards 2026» байқауы арқылы «Алтын белгі» иегерлеріне 18 төрт жылдық грант беріледі.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті 2026-2027 оқу жылына 19 ректорлық грант бөлді. Оларға жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар, ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинап, мемлекеттік грантқа ие болмаған талапкерлер және олимпиада жеңімпаздары үміткер бола алады.
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті талантты талапкерлерге 20 ректорлық білім грантын ұсынады. Ал Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 12, Рудный индустриялық университетінде 10 білім гранты қарастырылған.
Бірқатар жоғары оқу орындары «Алтын белгі» иегерлеріне арнайы гранттар мен оқу ақысына жеңілдіктер береді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ҰБТ-дан кемінде 100 балл жинаған талапкерлер университет грантына үміткер бола алады. Іріктеу кезінде академиялық жетістіктер, «Алтын белгі», әлеуметтік жағдай және республикалық немесе халықаралық олимпиадалардағы нәтижелер ескеріледі.
«Тұран-Астана» университетінде «Алтын белгі» иегері болып, ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинаған талапкерлерге бүкіл оқу кезеңіне ректорлық грант беріледі.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинаған, «Алтын белгі» иегері болғанымен мемлекеттік грантқа өте алмаған талапкерлерге оқу ақысына 100 пайыз жеңілдік қарастырылған.
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде жаратылыстану пәндері мұғалімдерін даярлау бағдарламаларына түскен «Алтын белгі» иегерлері бүкіл оқу кезеңіне 100 пайыз жеңілдік ала алады. Ол үшін студент GPA көрсеткішін 3,5-тен төмен түсірмеуі қажет.
Кейбір университеттер гранттан бөлек әлеуметтік санаттағы студенттер мен үздік талапкерлерге оқу ақысына жеңілдіктер ұсынады.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Қамқор», «Көмек», «Жәрдем» және «Зерек» бағдарламалары бар. Олар жетім балаларды, мүгедектігі бар студенттерді, бір отбасынан білім алып жатқан жастарды, университет қызметкерлерінің балаларын және «Алтын белгі» иегерлерін қолдауға бағытталған. Жеңілдік көлемі 15-тен 100 пайызға дейін жетеді.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде жеңілдіктер 14 санат бойынша беріледі. Олардың қатарында жетім балалар, мүгедектігі бар студенттер, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан жастар, «Алтын белгі» иегерлері, олимпиада және спорт жарыстарының жеңімпаздары бар. Оқу ақысына берілетін жеңілдік 20-дан 100 пайызға дейін жетеді.
Қарағанды индустриялық университетінде бірінші курстан кейін жоғары академиялық нәтиже көрсеткен және қоғамдық өмірге белсенді қатысқан студенттер университет қаражаты есебінен оқуын жалғастыруға мүмкіндік беретін грантқа ие бола алады. Сонымен қатар 2026-2027 оқу жылында Нариман Ишмұхамедов атындағы арнайы грант енгізілген. Ол оқу ақысын толық өтеумен қатар ай сайын 150 мың теңге стипендия төлеуді қарастырады.
Satbayev University әлеуметтік осал топтардан шыққан талантты жастарды қолдау үшін жұмыс берушілер мен жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың гранттарын тартады. 2025-2026 оқу жылында осындай келісімдер аясында 538-ден астам студент қаржылай қолдау алған.
Осылайша, 2026 жылы әкімдіктер бөлген 2 392 грантқа қоса, қазақстандық жоғары оқу орындары 2 мыңнан астам ішкі, ректорлық және университеттік грант ұсынып отыр. Бұған оқу ақысына берілетін түрлі жеңілдіктер мен компаниялар қаржыландыратын бағдарламалар да қосылады.
Сондықтан негізгі мемлекеттік білім грантына ие болмаған талапкерлердің әлі де тегін немесе жеңілдікпен білім алуға мүмкіндігі бар.
Гранттардың саны, конкурс шарттары, құжат қабылдау мерзімі мен талаптары әр университетте әртүрлі. Сол себепті талапкерлер таңдаған жоғары оқу орнының ресми ақпаратын тексеріп, қабылдау комиссиясына мүмкіндігінше ертерек хабарласқаны жөн.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды