08.05.2026
18:45
675

Grand Slam: Қырғызбаев жеңіліп, Орынбасар ерлеген күн

Елордада 8-10 мамыр аралығында дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі өтіп жатыр. Бүгін ерлер 60, 66 келі және әйелдер 48, 52, 57 келіде белдесіп, нәтижесінде 6 жерлесіміз финалға жолдама алды.

60 келідегі бәсеке: бір күміс, бір қола

Білеміз, елімізде 60 келіде бәсеке жоғары. Бүгін де соған көзіміз жетті. Осы салмақта Мағжан Шамшадин, Талғат Орынбасар, Шерзод Давлатов, Сұңғат Нұрлатұлы өнер көрсетті. Алаң иесі болған соң, бір салмақ дәрежесінде төрт бірдей балуанды бәйгеге қостық. Сөйттік те, әйтеуір бір бозкілемде қос қазақ түйісетінін біліп тұрдық. Көп өтпей, 1/16 финалда Сұңғат Нұрлатұлы моңғол балуаны Сухбат Биамбасуренмен кездесті. Тартысқа толы кездесуде Нұрлатұлы моңғол спортшысына жол берді.

Дзюдо  федерациясының баспасөз қызметі

Ал Талғат Орынбасар биыл да сенсация жасады. 20 жастағы балуан бірінші белдесуінде  испан Барросо Лопесті жеңді. Ширек финалда отандасымыз Мағжан Шамшадинмен кездесіп, қапы қалдырды. Сөйтіп, турнирдің басты фавориті Ян Юн Вэймен финал жолдамасын бөліске салды. Жай ғана бәсекелесіп қоймай, ақтық сынға өтті. Ал финалда моңғол Сухбат Биамбасуренмен белдесіп, қарсыласына жол берді. Осылайша, екінші жыл  қатарынан Grand Slam турнирінің күміс жүлдегері атанды.

Осы турнирде кім қиналды десеңіз, Мағжан Шамшадин деп жауап берер едік. Өйткені інілерімен бәсекелесуге мәжбүр болды. Ширек финалда Талғат Орынбасардан ұтылып, қола үшін Шерзод Давлатовпен жұптасты. Бірақ жарақатына байланысты қола жүлде үшін күреспей, Шерзодқа жол берді. Осылайша, 60 келі салмақта балуандарымыз бір күміс, бір қола еншіледі.

Дзюдо  федерациясының баспасөз қызметі

66 келіде жүлде бұйырмады

66 келі салмақта Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев бірінші белдесуінде украин Вадим Черновтан басым түсті. Бірақ жартылай финалда өзбек Абдурахим Нутфуллоевтан ұтылып қалды. Сөйтіп, жұбаныш белдесуде ресейлік Рамазан Абдулаевтен жеңіліп қалды. Сондай-ақ осы додада Бауыржан Нарбаев та жарыс жолына шығып, екінші айналымда сүрінді.

Ал ұлттық құраманың тағы бір үміті Нұрқанат Серікбаев жартылай финалға дейін шашасына шаң жұқтырмаған. Әттеген-айы финал үшін тартыста Абдурахим Нутфуллоевқа жол берді. Сөйтіп, өзбек балуаны бір күнде екі бірдей қазақтың жауырынын жерге тигізді. Серікбаев болса қола жүлде үшін тағы бір өзбек Анваржон Иброхимовпен айқасқа түсті. Жаңа салмаққа ауысқан Нұрқанат еркін көсіле алмай, Иброхимовтен жеңіліп қалды.  

Дзюдо  федерациясының баспасөз қызметі

Осы салмақта көптің көзіне түскен біреу болса, ол – Ақылжан Жұбатқан. Жанкүйерлер балуанның күрес мәнері Рустам Ибраевты еске түсіргенін жарыса жазды. Жұбатқан жартылай финалға дейін жеткенімен, ақтық  сын үшін белдесуде ресейлік Сайгид Керимовтен жеңіліп қалды. Ал қола медаль үшін тартыста тағы бір ресейлік Рамазан Абдулаевқа жол берді.  

Турнир жаңалығы - Меруерт Сәрсенова

Ұзақ жылдар бойы ұлттық құрамадағы қыздарға хейт көп еді. Олардың соңына дейін күреспейтіні, бәсеке жоғы сөз болатын. Десе де осы турнир сол сеңді бұзып, қазақ қыздарының күресе алатынын дәлелдеді. Әрине, Абиба мен Ғалияның жолы бір бөлек.

Сонымен, жарыстың бірінші күнінде қыздар -48келі, 52 келі және 57 келі салмақта өнер көрсетті. 48 келіде Диана Буркеева мен Аяна Дүйсенбай алғашқы белдесуде есе жіберді. Ал Тасним Әбдуәлі мен Іңкәр Құралбай екінші айналымда жарыстан шығып қалды. Десе де Тасним де, Іңкәр да ел ішінде 48 келіде бәсеке қызып келе жатқанын көрсетті.

52 салмақта Айшабибі Мурадимова, Аружан Ережепова мен Фатима Супығалиева бірінші айналымнан сүрінді.

Ал Меруерт Сәрсенова болса бірден көзге түсіп, әлеуеті бар дзюдошы екенін көрсетті. Алғашқы айналымда Моңғолияның, екінші айналымда Канада қызын қапы қалдырды. Ширек финалда әзербайжан Гүлтай Маммадалиеваға жол берді. Жұбаныш белдесуінде бразилиялық Николь Маркесті жеңіп, қола үшін күресетін  болды. Ал үшінші орын үшін тартыста ресейлік Лилия Нугаевамен сынға түсіп, жеңіліп қалды. Десе де соңына дейін күресіп, дзюдодад тағы бір қазақ қызының жұлдызы  жанып келе жатқанын көрсетті.

Қазақстан дзюдо федерациясы

57 келіде Карина Қаракенова, Бақыт Құсақбаева, Дана Әбдірова мен Диана Мұханбет татамиге шығып,  алғашқы айналымда жеңіліп қалды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы бірінші жарыс күнін бір күміс, бір қола медальмен аяқтады.