Golden Globes: актриса Шұғыла Ешен арнайы марапат алады

Golden Globes: актриса Шұғыла Ешен арнайы марапат алады

Айзат Айдарқызы
Фото: Шұғыла Ешеннің Instagram парақшасы

Отандық актриса Шұғыла Ешен халықаралық кино саласындағы маңызды оқиғалардың бірінде марапатталады. Ол Орталық Азия мен Кавказ елдерінің кино және телевизия өкілдерін ұлықтауға арналған Golden Globes Silk Road Tribute Gala шарасында арнайы Beacon Award жүлдесін алады.

Салтанатты шара 2026 жылғы 23-24 қазанда Өзбекстан астанасы Ташкентте өтеді. Golden Globes ұйымының ресми хабарламасына сәйкес, биыл бұл гала-кеш алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оның мақсаты – Орталық Азия мен Кавказдағы кино және телевизия өнерінің жетістіктерін халықаралық деңгейде таныту, сондай-ақ өңірдің шығармашылық әлеуетіне назар аудару.

Шұғыла Ешен қандай марапат алады?

Golden Globes Beacon Award аймақтың кино және телевизия саласында көзге түсіп келе жатқан жаңа буын өкілдеріне беріледі. Бұл марапат Шұғыла Ешеннің шығармашылық жолындағы жетістіктерін халықаралық деңгейде атап өтуге бағытталған.

Актриса қазақстандық көрерменге «7 қарақшы», «Ғашықпын саған», «Қайтадан» және «Шекер. Последний шанс» фильмдері мен жобаларындағы рөлдері арқылы танымал. Сондай-ақ ол соңғы туындыдағы ойыны үшін «Киносыншылар таңдауы» сыйлығының «Екінші пландағы үздік актриса» аталымында жеңіске жеткен.

Бұған дейін Шұғыла Ешен 2025 жылы ALTYN SAQA фестивалінде «Үміт» санатында, ал 2026 жылы «Ұлттық классикадағы бейне» аталымында марапатталған.

Алғашқы Silk Road Tribute Gala кімдерді марапаттайды?

Биылғы салтанатты шарада барлығы алты өнер өкілі марапатталады. Олардың қатарында Қазақстаннан – Шұғыла Ешен, Армениядан – Самвел Тадевосян, Әзербайжаннан – Тахмина Рафаэлла, Грузиядан – Леван Когуашвили, сондай-ақ Өзбекстаннан Гүлчехра Жамилова мен Әли Хамраев бар.

Марапаттар үш бағыт бойынша табысталады. Golden Globes Meridian Award кино, телевизия және өнер саласына ұзақ жылдар бойы елеулі үлес қосқан тұлғаларға беріледі. Бұл санатта өзбек актрисасы Гүлчехра Жамилова мен режиссер Әли Хамраев марапатталады.

Golden Globes Trailblazer Award кино мен телевизияның дамуына өзіндік шығармашылық  үлесін қосқан өнер иелеріне арналған. Бұл марапат әзербайжандық режиссер әрі актриса Тахмина Рафаэлла мен грузиялық режиссер Леван Когуашвилиге табысталады.

Ал Golden Globes Beacon Award жаңа буынның танылып келе жатқан актерлерін қолдауға бағытталған. Осы санатта Қазақстан атынан Шұғыла Ешен, Армения атынан Самвел Тадевосян марапатталады.

Оқи отырыңыз

{