Гиннес рекорды, $200 мың жүлде және OpenAI қолдауы: Астанада HackAlem AI қалай өтті?

Гиннес рекорды, $200 мың жүлде және OpenAI қолдауы: Астанада HackAlem AI қалай өтті?

Көктем Қарқын
Фото: El.kz

Астанада 2 500 қатысушының басын қосқан HackAlem AI хакатоны өтті. Бес сағат ішінде студенттер, әзірлеушілер мен IT-энтузиастар энергетика, қаржы, білім беру, логистика және басқа да он бағыт бойынша жасанды интеллект шешімдерін әзірледі. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар хакатонға бір уақытта қатысушылар саны бойынша әлемдік Гиннес рекордын жаңартуға талпыныс жасады.

HackAlem AI-ге қатысу үшін барлығы 6 586 өтінім түскен. Хакатонға әзірлеушілермен қатар студенттер, жас мамандар және жасанды интеллект технологиясына қызығушылық танытқан IT-энтузиастар қатысты.

Бес сағатта – он бағыт

Қатысушыларға жобаларын әзірлеуге небәрі бес сағат берілді. Осы уақыт ішінде олар энергетика, қаржы, мемлекеттік басқару, телекоммуникация, логистика, креативті индустрия, білім беру, инновация, коммуникация және сауда бағыттары бойынша AI-шешімдер ұсынды.

Фото: El.kz

Яғни хакатондағы тапсырмалар тек технологиялық экспериментпен шектелмей, бизнес пен мемлекеттік сектордағы нақты мәселелерді шешуге бағытталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – идеяны жай ғана ұсыну емес, оны прототипке айналдырып, кейін нақты өнім ретінде дамытуға мүмкіндік беру.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, мұндай жобалар талантты жастарды, технологияны және экономиканың нақты сұранысын бір ортаға тоғыстыруға мүмкіндік береді.

Біз үшін HackAlem AI – дарынды жастарды, озық технологиялар мен экономиканың нақты міндеттерін бір арнаға тоғыстыратын бірегей мүмкіндік. Қатысушылар еліміздің жетекші компаниялары ұсынған өндірістік мәселелерді шешумен айналысып, бизнес пен негізгі салаларға қажетті шешімдерді әзірледі. Басты мақсатымыз – Қазақстанда талант, технология және нақты сектордың сұранысы бір ортада ұштасатын экожүйе қалыптастыру. Жобалардың ішіндегі ең үздіктері идея мен прототиптен бастап, оны сынақтан өткізіп, өндіріске енгізуге дейінгі толық жолдан өтуі аса маңызды. Технологиялық командалар мен өнеркәсіп саласының дәл осындай тығыз байланысы арқылы ғана жаһандық нарықта бәсекеге түсе алатын жаңа өнімдер мен компаниялар дүниеге келеді, – деп атап өтті Жаслан Мәдиев.

Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хакатонның еліміздің әр өңіріндегі студенттердің тәжірибе жинауына мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті.

Фото: El.kz

Бүгінде жасанды интеллект мемлекеттер мен экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі технологиялардың біріне айналды. Қазақстан үшін тек дайын шешімдерді ғана енгізіп қоймай, әзірлеушілердің, зерттеушілер мен технологиялық кәсіпкерлердің төл ортасын қалыптастыру өте маңызды. HackAlem AI жастарымызға нақты тапсырмалармен жұмыс істеп, өз шешімдерін жасап шығаруға және баға жетпес тәжірибе жинауға жол ашады. Бұл бастамаға еліміздің түкпір-түкпірінен университет студенттерінің белсенді атсалысқаны ерекше қуантады, – дейді Саясат Нұрбек.

OpenAI мен NVIDIA технологиялары қолжетімді болды

HackAlem AI-дің тағы бір ерекшелігі – қатысушыларға халықаралық технологиялық компаниялардың ресурстарын пайдалану мүмкіндігінің берілуі.

Фото: El.kz

Хакатонға OpenAI, NVIDIA және АҚШ-тағы Аризона мемлекеттік университеті технологиялық және білім беру ресурстарын ұсынды. Олардың жалпы құны 1,5 миллион долларға дейін бағаланады.

Astana IT университетінің 2-курс студенті Темірлан Досмұхамбетов үшін бұл алғашқы хакатон емес. Ол шараға группаластарымен бірге қатысып, басқа студенттермен тәжірибе алмасып жатқанын айтты.

Фото: El.kz

Бұл менің бірінші хакатоным емес. Осыған дейін де түрлі хакатондарға қатысқанмын. Бүгінгі хакатонға группаластарыммен бірге тіркелдік. Осы шарада басқа да студенттермен танысып, тәжірибелерімізбен алмасып жатырмын. OpenAI хакатонға серіктес болу арқылы өздерінің инфрақұрылымдарын ұсынды. Біз соның көмегімен түрлі бағдарламалар жасаймыз, – дейді Темірлан Досмұхамбетов.

Гиннестің рекорды қалай тіркеледі?

HackAlem AI аясында Қазақстан тағы бір маңызды межеге ұмтылды. Ұйымдастырушылар хакатонға бір уақытта қатысқан адамдардың саны бойынша Гиннес рекордын жаңартуға өтінім берді.

Фото: El.kz

Гиннестің рекордтар кітабы ұйымының ресми инспекторы Глен Плардтың айтуынша, қазіргі статистикалық рекорд Үндістанда өткен жылдың желтоқсанында орнатылған. Ол кезде бір уақытта 2 089 адам хакатонға қатысқан.

HackAlem AI-де қатысушылардың ең жоғары саны 2 500 адамға дейін жетті. Алайда рекордты жаңарту үшін қатысушылардың көп болуы жеткіліксіз. Әр адамның белгіленген талаптарды орындауы маңызды.

Фото: El.kz

Қатысушының өз жұмыс орнында болуы маңызды. Егер ол жұмыс орнынан жалпы 60 минуттан астам уақытқа кетсе, жарыстан шеттетілуі мүмкін. Сонымен қатар хакатонға қатысу талаптарын орындамаған жағдайда да қатысушы жарыстан шығарылады, – деді Глен Плард.

Рекордты тіркеу кезінде қатысушылардың тіркеуден өтуі, ғимаратқа кіріп-шығуы және хакатон барысында жұмыс орындарында болуы арнайы жүйелер арқылы бақыланды. Әр қатысушының бейджі сканерленіп, уақыт белгіленді. Секторлардағы тәртіпті стюардтар қадағалады.

Яғни рекордқа хакатонға тіркелгендердің барлығы емес, белгіленген талаптарды толық орындап, жарыс барысында жобамен нақты жұмыс істеген қатысушылар ғана есепке алынады.

Гиннестің рекордтар кітабы қорытындысы арнайы тексеру процедуралары аяқталғаннан кейін жарияланады.

Фото: El.kz

200 мың долларлық жүлде қоры

HackAlem AI-де үздік жобалар авторларына арналған жалпы жүлде қоры – 200 мың доллар.

Оның 100 мың доллары технологиялық ресурстар түрінде, тағы 100 мың доллары Astana Hub тарапынан ұсынылады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі «AI & Digital Bridge 2026» халықаралық технологиялық форумында өтеді.

Хакатон барысында қатысушылар үшін кәсіби нетворкинг те ұйымдастырылды. Мұнда жас әзірлеушілер, технологиялық командалар және халықаралық AI қауымдастығының өкілдері бір алаңда бас қосты.

Бір хакатоннан – тұтас экожүйеге дейін

Ұйымдастырушылар HackAlem AI-ді бір реттік жарыс ретінде ғана қарастырмайды. Blockchain & AI Technology Center негізін қалаушы әрі бас директоры Айдана Қасқырбектің айтуынша, хакатон үшін арнайы цифрлық инфрақұрылым әзірленген.

Фото: El.kz

Бұл платформа алдағы уақытта да жаңа хакатондар өткізуге, компаниялардың нақты технологиялық міндеттерін жариялауға және қатысушылар жасаған жобаларды одан әрі дамытуға мүмкіндік бермек.

Осы тұрғыдан алғанда, хакатонның мәні бірнеше сағатта жоба жасап шығумен шектелмейді. Қатысушылардың идеясы кейін прототипке, одан әрі нақты өнімге айналуы мүмкін.

HackAlem AI – жай ғана ең ірі Agentic AI хакатоны емес. Бұл өңіріміздің бүгінде қандай ауқымды мүмкіндіктерге жол аша алатынын көрсететін маңызды шара. Біз бұл хакатонның Guinness World Records әлемдік рекордын орнату мақсатында ұйымдастырылып жатқанын алғаш рет ресми түрде мәлімдеп отырмыз. Жобаға OpenAI, NVIDIA, Palo Alto Networks, Firebird және Аризона мемлекеттік университеті сияқты жаһандық технологиялық серіктестердің атсалысуы – Қазақстан мен Орталық Еуразияның әлемдік AI-экожүйеге барынша терең кірігіп жатқанының айқын көрсеткіші, – деп атап өтті Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы әрі бас директоры Әсет Әбдуәлиев.

HackAlem AI Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы «AI Month» айлығының алғашқы ірі шараларының бірі болды. Алдағы уақытта жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, киберқауіпсіздік және технологиялық құзыреттерді дамытуға бағытталған басқа да іс-шаралар өтеді.

Фото: El.kz

Бүгінде жасанды интеллект саласында бәсекелестік тек дайын технологияны пайдаланумен шектелмейді. Елдер үшін өз мамандарын даярлау, технологиялық командаларды қалыптастыру және жергілікті жерде жаңа өнімдер әзірлеу де маңызды. Астанада өткен HackAlem AI осы бағыттағы жас әзірлеушілерді бір алаңға жинап, нақты мәселелерді технология арқылы шешуге мүмкіндік берген ірі жобалардың бірі болды.

Оқи отырыңыз

{