Кеше, 17:51
Математика, физика және химия есептерін шығаруға көмектесетін алты нейрожеліӘлемдегі ең биік таулар бірнеше ірі тау жүйесінде шоғырланған. Олардың қатарында Эверест пен К2 сияқты әйгілі шыңдар бар. Алайда тау жүйелерін тек ең биік шыңына қарап бағалау жеткіліксіз. Егер әр жүйедегі ең биік үш шыңның орташа биіктігін есептесек, қайсысы алдыңғы орынға шығар еді?
Бұл материалда әлемдегі ең биік 10 тау жүйесі осы өлшем бойынша салыстырылған, яғни рейтинг әр тау жүйесіндегі ең биік үш шыңның орташа биіктігіне қарай жасалған. Мұндай тәсіл Жер шарындағы ең биік таулы аймақтарды кеңірек салыстыруға мүмкіндік береді. Деректер WorldAtlas және Wikipedia дереккөздерінен алынған.
Гималай – әлемдегі ең биік тау жүйесі
Гималайда әлемдегі ең биік үш шыңның екеуі емес, үшеуі де орналасқан. Олар – Эверест (8849 метр), Канченджанга (8586 метр) және Лхоцзе (8516 метр). Үшеуінің де биіктігі 8500 метрден асады. Бұл рейтингке енген өзге тау жүйелерінің ешқайсысында ең биік үш шыңның үшіншісі де мұндай межеден жоғары емес.
Эверестің әлемдегі ең биік шың ретінде танымал болуы оған шығуға құмар альпинистер санын арттырды. Әсіресе маусым кезінде шыңға көтерілетін жолдарда адам көбейіп, кезек пен кептеліс пайда болады.Қарақорым: К2 шыңының қатал мінезі
Рейтингте екінші орында – Гималаймен көршілес жатқан Қарақорым тау жүйесі. Оның ең биік шыңы – 8611 метрлік К2.
К2 Эверестен 238 метр аласа болғанымен, оған шығу әлдеқайда қауіпті әрі техникалық тұрғыдан күрделі. Бұған тау беткейлерінің тік болуы, тас құлау мен қар көшкіні қаупі, сондай-ақ ауа райының құбылмалы әрі қатал болуы себеп.
Үшінші және төртінші орындарды Памир мен Гиндукуш иеленген. Бұл тау жүйелеріндегі ең биік үш шыңның орташа биіктігі тиісінше 7575 және 7534 метр.
Бір қызығы, Гиндукуштың ең биік шыңы – Тирич-Мир (7708 метр) Памирдегі Конгур-Тагтан (7649 метр) биік. Соған қарамастан, ең биік үш шыңның орташа көрсеткіші бойынша Памир Гиндукуштан алда тұр.
Неліктен ең биік тау жүйелерінің көбі Азияда орналасқан?
Азияда аса биік таулардың көп шоғырлануы Үнді тектоникалық тақтасының Еуразия тақтасымен соқтығысуына байланысты. Бұл геологиялық үдеріс ондаған миллион жыл бұрын басталып, әлі де жалғасып келеді. Соның нәтижесінде жер қыртысының жекелеген бөліктері біртіндеп көтеріліп, Гималай мен оған іргелес биік таулы аймақтар қалыптасқан.
Осы тектоникалық қозғалыстардың әсерінен Тибет қыраты да таутүзілу үдерістері ерекше қарқынмен жүретін өңірлердің біріне айналды.
Алғашқы төрттіктен кейінгі орындарда Тянь-Шань, Ньенчен-Тангла, Хэндуаньшань және Куньлунь тау жүйелері тұр. Олардың әрқайсысындағы ең биік үш шыңның орташа биіктігі 7000 метрден асады.
Әсіресе Хэндуаньшань мен Куньлунь көрсеткіштері бір-біріне өте жақын. Біріншісінде бұл көрсеткіш 7028 метр болса, екіншісінде – 7025 метр. Айырмашылығы небәрі үш метр.
Азиядан тыс ең биік тау жүйелері
Азиядан тысқары жатқан биік тау жүйелерінің басым бөлігі Оңтүстік Америкада орналасқан. Әлемдік рейтингте Анд таулары тоғызыншы орынға жайғасқан. Мұндағы ең биік үш шыңның орташа биіктігі – 6883 метр.
Анд тауларының ең биік нүктесі – Аконкагуа (6961 метр). Одан кейін Охос-дель-Саладо (6893 метр) мен Монте-Писсис (6795 метр) орналасқан. Аконкагуа – Азиядан тыс жердегі ең биік тау әрі Оңтүстік Американың ең биік шыңы.
Үздік ондықты Аляска мен Канаданың солтүстік-батысында орналасқан Сент-Элиас тау жүйесі түйіндейді. Мұндағы ең биік үш шыңның орташа биіктігі – 5563 метр.
Бұл тау жүйесінің ең биік нүктесі – Логан тауы (5959 метр). Ол – Канаданың ең биік шыңы. Одан кейін Сент-Элиас (5489 метр) пен Люкания (5240 метр) таулары орналасқан.
Сент-Элиас тау жүйесінің көрсеткіші Азиядағы алып тау жүйелерінен едәуір төмен. Мәселен, мұндағы ең биік үш шыңның орташа биіктігі Гималайдағы осындай көрсеткіштен 3000 метрден астамға кем. Соған қарамастан, бұл өңірде Солтүстік Американың ең айбынды әрі жетуі қиын тау шыңдарының бірқатары шоғырланған.
Кеше, 17:51
Математика, физика және химия есептерін шығаруға көмектесетін алты нейрожеліКеше, 10:44
Формула-1 тарихын жаңартқан Кими Антонелли: 20 жасында чемпион атанған жас жүйрік29 Қазан, 09:00
«Пышақ сабын арқар мүйізінен жасаймын»: қазақ ұстасының қайталанбас қолөнер туындылары28 Қазан, 15:16
Қымбат көрінудің құпиясы: биылғы қыста трендке айналатын бес түс