Қазақ қоғамында махаббат күні ретінде Қозы Көрпеш пен Баян сұлу есімдерінің таңдалуы жиі талқыланатын тақырыптың бірі. Әсіресе, «неге дәл осы трагедиямен аяқталған хикая?» деген сұрақ көпшілікті ойландырады. Осыған байланысты этнограф Ернұр Сағатбек өз пікірін білдірді.
Этнографтың айтуынша, қазақтың махаббат жырларының астарында тек романтикалық сезім ғана емес, терең әлеуметтік мазмұн жатыр. Мысалы, Қыз Жібек пен Төлеген хикаясында қатыгездік пен жауыздық элементтері айқынырақ көрінеді. Ал Қозы мен Баян жырында, керісінше, қоғамдағы теңсіздік, таптық бөлініс салдарынан қосыла алмаған екі жастың тағдыры суреттеледі.
Этнографтың пікірінше, дәл осы әлеуметтік тосқауылдар мен әділетсіздік тақырыбы халыққа жақынырақ болуы мүмкін.
Қозы Көрпеш – Баян сұлу жыры жастардың бір-біріне қол жеткізе алмағанын көрсететін, қоғамдағы кедергілерді айқын бейнелейтін шығарма. Сол себепті ол халық санасына тереңірек сіңген, – дейді ол.
Сонымен қатар Ернұр махаббат күні үшін символ ретінде бақытты аяқталған хикаялар лайық деген пікірді де жоққа шығармайды. Оның айтуынша, адамдардың жадында көбіне әсерлі, драмалық оқиғалар сақталады, ал сәтті, бақытты аяқталған оқиғалар жиі ұмыт қалып жатады.
Негізінде, махаббат күні сәтсіз аяқталған емес, бақытқа жеткен жандардың символымен байланыстырылса дұрыс болар еді. Бірақ өкінішке қарай, мұндай оқиғалар халық жадында онша сақтала бермейді, – дейді этнограф.
Бұл күннің ресми түрде енгізілген мерекеден гөрі, қоғамның өзі қалыптастырған символдық күн екенін айтады. Оның пікірінше, кез келген мереке халықтың ішкі сұранысы мен ортақ келісімінен туындайды.
Бұл – қоғамның өзі бекіткен мереке. Мұндай образдар адалдықты, махаббат жолындағы күресті көрсететін мәңгілік үлгі ретінде сақталады. Егер бұл жырлардың бүгінгі қоғамға әсері болмағанда, олар әлдеқашан ұмытылар еді, – дейді.
Этнографтың айтуынша, Қозы мен Баян образы әлі де өзектілігін жоғалтпайды және болашақта да мәдени ықпалын сақтай береді. Дегенмен, ол махаббат тақырыбында трагедиядан гөрі бақыт идеясын алға шығару маңызды екенін атап өтті.
Бақытты көбірек насихаттау керек. Бірақ сол бақытқа жету жолындағы күресті қызықты етіп көрсете алған шығармалар ғана халық жадында қалады, – дейді Ернұр Сағатбек.
Сөз соңында ол бұл мерекенің қоғамда қалай қалыптасқанын да атап өтті. Оның айтуынша, көпшілік бастапқыда бұл күннің мәніне терең бойламай, «Валентин» күніне балама ретінде қабылдаған. Уақыт өте келе бұл күн отбасылық жылылық пен жақындарға ықылас білдіретін ерекше мерекеге айналып келеді.
Басында бұл күнді көпшілік «Валентин» күніне қарсы балама ретінде атап өтті. Кейіннен ол жақын адамға көңіл бөлу, отбасы ішінде жылы қарым-қатынас орнату күніне айналып келеді, – деп түйіндеді этнограф.
Өз кіндіктерінен бала болмаған осы өңірдің мыңғыртып мал айдаған байлары Қарабай мен Сарыбай аң аулап жүріп, ен таудың арасында жолығысып қалады. Екеуінің үйдегі бәйбішелері де екіқабат екен. Ақыры екеуі ажырамас дос болуға, егер біреуінде ұл, біреуінде қыз туса, құда болуға серттеседі.
Сол сапарда Сарыбай мерт болып, Қарабай достығын ұмытып, оның сүйегін айдалаға тастап кетеді. Шынында да, Қарабайдың әйелі ай десе аузы, күн десе көзі бар керім сұлу қыз табады, ал Сарыбайдың әйелі маңдайы кере қарыс айбынды ұл туады. Қыз – Баян сұлу, ұл – Қозы Көрпеш аталады.
Жетім ұлға қыз беруге арланған арам ниетті Қарабай аяқ астынан мың қат жүгін жүздеген нарға артып, оқыс көшеді. Тоқсан мың жылқысымен ешқайда сыймаған ол ақыры Аягөздің бойына келіп, көшінің қомын ағытады. Бірақ Аягөздің аядай бұлағы тоқсан мың жылқыға жетпей, тартылып қалып, Қарабай су жұтына ұшырайды.
Дәл осы кезеңде сол өңірдегі бай-манаптардың ұлдары Баянның көркіне таңғалып, үйленуге ниет ете бастайды. Талас-тартыс өршиді. Қарабай әлгілерге бір ғана шарт қояды:
Кімде-кім осы шөлден сандаған құдық қазып, тоқсан мың жылқымды аман алып қалса, Баян сұлуды соған беремін, – дейді.
Міне, енді оқиғаға Қодар араласады. Қодар – жауырыны алты қарыс, бойы киіз үйдің тіреу ағашындай, аса алып күш иесі. Ол осы өңірдегі Баян сұлуға да ойы бар, мұқым бай-манаптардың мырзаларын жалғыз өзі өңгеріп кететін жан. Қарабайға да керегі осындай дүлей күш иесі еді. Қодар құдық қазып, тоқсан мың жылқыны суарады. Қысқасы, Қарабайдың оң қолына айналады.
Ал Баян сұлу Қодарға тигенді қойып, оның маңын басудан жиренетін.
Алтайда қалған Қозы да бұл кезде ер жеткен жігіт болады. Ол дүниеге келмей жатып-ақ Қарабайдың қызына атастырылғанын естіп, оның керемет сұлу болып бойжеткенінен хабардар болады. Содан бастап Қозы жатса да, тұрса да Баянға жетуді армандайды. Ақыры көптеген қиындықтарды жеңіп, Аягөз бойына жетеді. Ешкім танымас үшін басына тазы кеп киіп, Қарабайдың қозысын бағады. Сөйтіп жүріп Баянмен жолығады.
Екі жас енді бірінсіз бірі тұра алмайтындай күйге жетеді.
Бұлардың кездесулерін тыңшысы арқылы естіп қойған Қодар Қозыға жекпе-жекке шығайық, кім жеңсе, Баян соған тиесілі болсын дейді. Жекпе-жекте Қодар жас Қозыдан оңбай жеңіліс табады. Алайда сөзінде тұрмайды, Қозыны аңдып жүріп, жауырыннан пышақ сұғып өлтіреді.
Қодар Қозыны өлтірсем болды, Баян мендік болады деп пасық ойлаған еді. Бірақ оқиға мүлдем басқа бағытта өрбиді. Қозыны жан-тәнімен сүйген Баян үшін ендігі өмірдің мәні де, сәні де қалмайды. Тірліктен баз кешкен ол Қозыны арулап жерлетіп, сол бейіттің басында өз өмірімен қоштасады.
Сөйтіп, қос ғашық бір молаға жерленеді. Ал аппақ махаббатқа қол көтеріп, екі жастың өмірін қиған Қодарды халық азаптап өлтірген екен.