Ағзадағы сұйықтықтың жетіспеуі ұйқы сапасын төмендетіп, таңертеңгі шаршаңқылыққа себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Коннектикут университетінің зерттеушілері SN Comprehensive Clinical Medicine журналында жарияланған еңбегінде жазды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Зерттеуге 18 студент-жігіт қатысып, төрт күн бойы әртүрлі деңгейде су ішу режимін ұстанған. Нәтижесінде жеткілікті мөлшерде су ішкен қатысушылар тезірек ұйықтап, таңертең сергек оянған. Ал жеңіл сусыздану жағдайында студенттер орта есеппен бір сағатқа артық ұйықтаса да, ұйықтап кетуде қиындық көріп, таңғы уақытта әлсіздік пен шаршау сезінген.
Ғалымдар қатысушылардың гидратация деңгейін зәрдің түсі мен құрамына, сондай-ақ дене салмағының өзгеруіне қарап бағалаған. Бұл көрсеткіштер суды жеткілікті ішудің ұйқы сапасымен тікелей байланысты екенін дәлелдеді.
Зерттеу авторларының айтуынша, жеңіл сусыздану көпшіліктің күнделікті өмірінде кездесетін құбылыс. Ол түнгі демалыстың қиындауына және таңертеңгі сергектіктің болмауына әсер етуі мүмкін. Алдағы уақытта ғалымдар судың жетіспеуінің иммундық жүйеге, әсіресе балалар мен жүкті әйелдерге ықпалын зерттеуді жоспарлап отыр.