Спорт

Футболдан әлем чемпионаты: Матчтар қайда және қай уақытта көрсетіледі

07.06.2026 13:58
Асқар Таудай
Фото: Фото: Getty Images

11 маусымда футбол тарихындағы ең ауқымды әлем чемпионаты басталады. АҚШ, Канада және Мексика бірлесіп қабылдайтын мундиаль бірден бірнеше көрсеткіш бойынша рекорд жаңартпақ. Алғаш рет әлем біріншілігіне 48 ұлттық құрама қатысады, матчтар саны 104-ке жетеді, ал турнирдің өзі бір айдан астам уақытқа созылады.

Бұл өзгерістер жай ғана статистикалық өсім емес. FIFA ұйымдастырып отырған жаңа формат әлем чемпионатының болашағын айқындайтын маңызды сынаққа айналмақ.

Әлем чемпионатының жаңа форматы қандай?

1930 жылы Уругвайда өткен алғашқы әлем чемпионатында небәрі 13 құрама бақ сынаған еді. Арада ғасырға жуық уақыт өткенде қатысушылар саны төрт есеге жуық көбейді.

ЧМ-2026 турнирінде 48 команда 12 топқа бөлінеді. Әр топта төрт құрама ойнайды. Плей-офф кезеңіне топтағы алғашқы екі орын иегерлері және үшінші орын алған сегіз үздік команда жолдама алады. Нәтижесінде турнир бірден 1/16 финалдан басталатын жаңа жүйеге көшеді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл формат фавориттер үшін әлдеқайда қолайлы. Бұған дейін бір сәтсіз матчтың өзі мықты құрамаларды топтық кезеңде жарыстан шығарып жіберуі мүмкін болса, енді олардың келесі кезеңге өту мүмкіндігі айтарлықтай жоғары.

Сонымен бірге жаңа жүйе әлем чемпионатына бұрын қатыса алмаған көптеген елдерге мүмкіндік беріп отыр. Бұл FIFA-ның футбол географиясын кеңейтуге бағытталған стратегиясының бір бөлігі саналады.

Үш ел, 16 стадион және миллиондаған жанкүйер

Чемпионат матчтары Солтүстік Американың 16 аренасында өтеді. Турнирдің негізгі жүктемесін АҚШ көтереді. Елдегі 11 стадион Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Майами, Даллас және Атланта сияқты ірі қалаларда орналасқан.

Мексика өз тарихында үшінші рет әлем чемпионатын қабылдайды. Әсіресе Мехикодағы әйгілі «Ацтека» стадионының символдық маңызы зор. Бұл аренада кезінде Пеле мен Диего Марадона әлем чемпионы атанған болатын.

Ал Канада өз тарихында алғаш рет әлем чемпионаты матчтарын өткізбек. Ойындар Торонто мен Ванкувер қалаларында ұйымдастырылады.

Мамандардың пікірінше, үш елдің бірлескен ұйымдастыруы инфрақұрылымдық шығындарды азайтып қана қоймай, турнирдің коммерциялық әлеуетін де арттырады.

Негізгі фавориттер кімдер?

Букмекерлік кеңселер мен футбол сарапшылары басты фавориттер қатарына қазіргі әлем чемпионы Аргентинаны қосып отыр. Сонымен қатар Франция, Испания, Англия және Бразилия құрамалары да басты үміткерлер саналады.

Аргентина үшін бұл турнир ерекше мәнге ие болуы мүмкін. Өйткені команда көшбасшысы Лионель Месси үшін әлем чемпионатындағы соңғы мүмкіндік болуы ықтимал.

Испания соңғы жылдары жастарға сенім артып, жаңа буын қалыптастырды. Франция құрамасының терең құрамы мен тәжірибесі жеткілікті. Ал Бразилия дәстүрлі түрде кез келген мундиальда чемпиондыққа басты кандидаттардың бірі болып есептеледі.

Сенсация жасауға қабілетті құрамалар

Әлем чемпионаттары әрдайым күтпеген нәтижелерімен есте қалады. Бұл жолы да бірнеше командадан тосынсый күтілуде.

Норвегия құрамасы Эрлинг Холанд бастаған шабуыл шебімен ерекшеленеді. Марокко 2022 жылғы әлем чемпионатында Африка футболының әлеуетін дәлелдеп, жартылай финалға дейін жеткен болатын. Сенегал да тәжірибелі әрі физикалық тұрғыдан қуатты ұжым ретінде бағалануда.

Ал басты назар Өзбекстан құрамасына аударылып отыр. Орталық Азия елінің футболшылары тарихында алғаш рет әлем чемпионатына қатыспақ. Бұл оқиға бүкіл өңір футболы үшін маңызды белес саналады.

Аңыздардың соңғы ойындары ма?

ЧМ-2026 тек жаңа форматпен ғана емес, тұтас бір дәуірдің аяқталуымен де есте қалуы мүмкін.

Футбол жанкүйерлері Лионель Месси, Криштиану Роналду, Лука Модрич, Мануэль Нойер және Кевин де Брюйне секілді жұлдыздардың соңғы әлем чемпионатын тамашалауы ықтимал.

Соңғы жиырма жыл бойы әлем футболының бет-бейнесіне айналған бұл ойыншылардың мансабындағы соңғы мундиаль ерекше эмоция сыйлайтыны анық. Сондықтан турнир тек чемпиондық үшін күрес емес, футбол тарихындағы ұлы буынмен қоштасу алаңына да айналуы мүмкін.

2026 жылғы әлем чемпионаты FIFA тарихындағы ең ірі жоба ретінде бағалануда. Қатысушылар санының артуы, жаңа формат, үш елдің бірлескен ұйымдастыруы және аңыз ойыншылардың соңғы жарысы турнирге деген қызығушылықты бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріп отыр.

Ендігі басты сұрақ – жаңа формат футбол сапасын арттыра ма, әлде сенсациялардың санын азайта ма? Бұл сұрақтың жауабын әлем 19 шілдеде Нью-Джерсидегі финалдық матчтан кейін білетін болады.

Футболдан әлем чемпионаты: Күнделікті ойын кестесі

Турнирдің шымылдығын Мексика мен Оңтүстік Африка Республикасы (ОАР) арасындағы матч ашады. Ойын Мехикодағы «Ацтека» стадионында өтеді.

ӘЧ-2026 алғашқы матчының көрсетілімі 11 маусым күні Қазақстан уақытымен сағат 23:50-де басталады, ал ойынның басталу ысқырығы 12 маусымға қараған түні сағат 00:00-де шалынады.

12 маусым

13 маусым

14 маусым

15 маусым

16 маусым

17 маусым

18 маусым

19 маусым

20 маусым

21 маусым

22 маусым

23 маусым

24 маусым

25 маусым

26 маусым

27 маусым

28 маусым

Футболдан әлем чемпионатының плей-офф кезеңі 29 маусым мен 20 шілде аралығында өтеді. Финалдық матч 19-нан 20 шілдеге қараған түні Нью-Джерсиде (АҚШ) ұйымдастырылады.

Қазақстанда ӘЧ-2026 матчтарын Qazsport және Qazaqstan телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Сондай-ақ ойындардың трансляциясын аталған телеарналардың ресми сайттарынан да тамашалауға болады.

Оқи отырыңыз