Фоторепортаж: Учаскелік полиция лейтенантының қызметі

28 Қаңтар 2023, 12:00 1878

Халықпен үнемі тікелей қарым-қатынаста болатын, заңға қайшы әрекет орын алған кезде көмекке келетін тәртіп сақшыларының жұмысы оңай емес. Олар таңнан бастап кешке, тіпті түнге дейін аянбай қызмет етіп жатады. Сондықтан полиция қызметкерлерінің ел арасындағы мәртебесі қашанда жоғары.

Бүгін біз Астана қаласы Полиция департаменті «Алматы» ауданы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің бөлімі №11-учаскелік полиция пункті учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Нұрдәулет Бақытжанды кейіпкер еттік. Ол тәртіп сақшысы болуды кішкентай кезінен армандаған. Сөйтіп, кәсіптік мансап жолын 2021 жылы Астана қаласындағы Құқық қорғау органынан бастайды. Қазіргі таңда білікті, епті полиция қызметкерінің бірі болып қызмет етеді.  

«Тәртіп сақшысы болу кез келген адамның қолынан келе бермейді деп ойлаймын. Себебі халықпен жұмыс істеу қиын. Таңертең үйден шыққаннан кейін сағат нешеде қайтатының белгісіз. Бұл өте қауіпті жұмыс. Елге қызмет ету барысында «жан пида» деген ұстанымды басты назарға аламыз», - дейді Нұрдәулет Ғалымжанұлы.

Расымен де мұндай қызметте жүру үшін азаматқа батылдық, өжеттілік, сабырлық пен жан-жақтылық қажет. Ал аталған қасиеттер әрбір азаматтың бойынан табыла бермейтіні анық. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі оқырмандарды сақшының қызметімен таныстыру мақсатында арнайы учаскелік полиция бөліміне барып қайтты.

Жұмыс таңғы сағат 08:00-де басталды.

Нұрдәулет Бақытжан қызмет орнына келе саласымен учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты учаскелік полиция инспекторы Жандос Сырмаханбетовтен кезекті тапсырмасын алды. Оған сәйкес тәртіп сақшысы шағым түсірген тұрғындарға барып, мәселені шешуі қажет болды. 

Алдымен түн тыныштығын бұзу туралы шағыммен астаналық тұрғыннан шақырту алған сақшы әріптесімен бірге сол мекен-жайға аттанды.

Шақырту алған үйге бара салысымен шағымданушы өз наразылығын білдірді. 

«Астымыздағы бір пәтер тұрғындары шу шығарды. Дауыстары түні бойы тым қатты естілді. Сіздерден қандай да бір шара қолдануларыңызды сұраймыз», - деді тұрғын.

Полиция қызметкері астаналық тұрғынның шағымын қабыл алып, төменгі қабатта орналасқан пәтерге келіп, есігін қақты. Алайда онда ешкім жоқ болмай шықты. 

Екінші болып тәртіп сақшылары қала тұрғынының шағымы негізінде мешітке қарай жол жүрді.

Нұрдәулет Бақытжан мешіттің алдында ақша сұрап елдің мазасын алған тұрғынға өзін таныстырып, профилактикалық әңгіме жүргізді.  

Осылайша біз учаскелік полиция қызметкері жұмысының бір бөлігімен таныстық. Олардың қызметінің ауырлығын өз көзімізбен көріп қайттық. Еліміздің бірлігін нығайтып, халқымыздың қауіпсіздігін сақтауға ықпал етіп отырғандардың бірі полиция қызметкерлері деген тұжырымдамаға келдік. 

Ажар Лаубаева
Бөлісу: