Бүгiн, 10:44
Формула-1 тарихын жаңартқан Кими Антонелли: 20 жасында чемпион атанған жас жүйрікМексика Гран-приінің қорытындысы бойынша Андреа Кими Антонелли маусымның аяқталуына төрт кезең қалғанда-ақ Формула-1 чемпионы атағына ие болды. Осылайша 20 жас 2 ай 7 күнде әлем чемпионы атанған италиялық спортшы автоспорт тарихындағы ең жас чемпион ретінде рекорд орнатты.
Жас жүйріктің бұл жеңісі – талай жылғы еңбектің, табандылық пен жылдамдықтың жемісі. Кими бала күнінен автоспорттың ортасында өсті, алғашқы жарыстарына ерте араласты, талай қиындықты еңсерді. Оның өмір жолында көпшілік біле бермейтін қызықты жайттар да аз емес.
Чемпиондық атаққа қол жеткізген италиялық пилоттың өмірі мен мансабына қатысты 20 қызықты деректі назарларыңызға ұсынамыз.
Әкесі де кәсіби жарыс жолында бақ сынаған
Андреа Кими Антонелли – Марко Антонеллидің ұлы. Оның әкесі де 2025 жылға дейін автожарыстарға қатысып, GT санатындағы бәсекелерде өнер көрсеткен. Марко Италияның супертуринг чемпионатында және халықаралық GT серияларында бақ сынаған. Дегенмен ол жарыс жолында аса көп жеңіске жете қойған жоқ. Әзірге басты жетістігі – 2017 жылғы Lamborghini Super Trofeo Middle East – Am санатындағы екінші орын.
Екінші есімі Кими Райкконеннің құрметіне қойылмаған
Көпшілік жас пилоттың Кими есімі аты аңызға айналған финляндиялық спортшы Кими Райкконеннің құрметіне қойылды деп ойлайды. Алайда бұл – жаңсақ пікір. Марко ұлына өзгеше, шетелдік есім бергісі келген. Сол кезде досы Энрико Бертаджа Кими есімін ұсынған екен. Оның айтуынша, бұл есім Андреа атымен және Антонелли тегімен үйлесімді естіледі. Бүгінде жас спортшыны көбіне Кими Антонелли деп атайды.
Екі жасында-ақ картинг көлігіне отырған
Әуелде Марко ұлының футболшы болғанын қалаған. Алайда Андреа екі жасқа толғанда оны картинг көлігіне отырғызып көреді. Сөйтсе, кішкентай Кимиге доп қуғаннан гөрі, руль ұстаған әлдеқайда қызық болып шығады. Осы сәттен бастап Антонелли отбасының өмірі автоспортпен және ұлдарының болашақ мансабымен тығыз байланысып кетті.
Жеті жасында жарысқа жасырын кірмек болған
2014 жылы Марко Антонелли Porsche Supercup жарысына қатысып жүрген. Хоккенхаймдағы кезеңдердің бірінде ол ұлын паддок аймағына кіргізгісі келеді. Бірақ жеті жастағы Кимидің ол жерге кіруіне рұқсат берілмеген. Сонда әкесі баласын қосалқы дөңгелектер тиелген арбаға жасырып, үстінен қолшатырмен бүркеп, жабық аумаққа алып өтеді.
Осылайша кішкентай Кими жарыс әлемінің ішкі тіршілігін жақыннан көруге мүмкіндік алған.
Тоғыз жасында Lamborghini көлігін тізгіндеген
Кими картингтегі алғашқы қадамын 2014 жылы бастады. Ал 2016 жылы Адриядағы сынақтан кейін әкесі оған Super Trofeo чемпионатында қолданылатын Lamborghini Huracan жарыс көлігін жүргізіп көруге мүмкіндік берген. Ол кезде баланың аяғы педальға жетпегендіктен, әкесінің тізесінде отырып рөл басқарған.
Он жасында жарыс туралы фильмге түскен
2016 жылы Италияда «Желден де жүйрік» («Veloce come il vento») фильмі жарық көрді. Картина ралли жүргізушісі Карло Капоненің өмірінен алынған оқиғаларға негізделген. Кими Антонелли фильмде басты кейіпкерлердің бірі Нико Де Мартиноның мектептегі досының рөлін сомдаған. Бұл туынды Италияда бірнеше марапатқа ие болған.
«Феррари» академиясына қабылданбай қалған
2017 жылғы маусымда Кими Tony Kart картинг командасының сапында өнер көрсетті. Бұл ұжымның «Феррари» командасымен тығыз байланысы бар еді. Сол кезде жас Антонеллиді «Скудерияның» жас пилоттарды даярлау академиясына қабылдау мәселесі қарастырылған. Алайда Маранеллодағылар Кимиді әлі тым жас деп санап, онымен келісімшарт жасасудан бас тартқан.
12 жасында «Мерседес» сапына қосылды
«Феррари» академиясына қабылданбағаннан кейін Антонелли отбасымен «Мерседес» өкілдері байланысқа шықты. Олар жас пилотқа команданың жастар бағдарламасынан орын ұсынған. Марко мен Кими бұл ұсынысты бірден қабылдады. Осылайша 12 жасында Антонелли «Мерседес» жүйесіне қосылып, содан бері неміс маркасының намысын қорғап келеді.
Бір кездері Льюис Хэмилтонға арналған тақтайшаны ұстаған
2018 жылы «Мерседес» бағдарламасына қабылданғаннан кейін Кими Италия Гран-приіне арнайы қонақ ретінде барды. Сол жарыста ол старттық торда Льюис Хэмилтонның нөмірі жазылған тақтайшаны ұстап тұрған. Арада алты жыл өткенде жас италиялық дәл осы британиялық чемпионның командадағы орнын басатынын ол кезде ешкім болжай қоймаған еді.
Картингтен әлем чемпионатында апатқа ұшырады
2020 жылы Портиман қаласында өткен картингтен әлем чемпионатында Кими ауыр апатқа тап болды. Трассада тоқтап қалған Майя Вёгті байқап үлгермеген Антонелли жоғары жылдамдықпен келіп соғылған. Салдарынан италиялық спортшының асықты жілігі мен табан сүйектерінің ортаңғы бөлігі сынған. Ол көп ұзамай жарақатынан айығып, жарысқа қайта оралды. Дегенмен алғашқы кезеңдерде әлі де ауырсынуды сезінген.
Жүргізуші куәлігін алмай тұрып, Формула-1 келісімшартына қол қойған
Кими небәрі 17 жаста болғанда «Мерседес» командасының басшысы Тото Вольф оған және әкесі Маркоға Формула-1-де негізгі пилот ретінде өнер көрсетуге мүмкіндік беретін келісімшартқа қол қойылғанын хабарлаған. Бір қызығы, сол кезде Антонеллидің әлі жүргізуші куәлігі болмаған.
Пит-стоп жаттығуында механикті жарақаттап ала жаздаған
Формула-1-дегі дебютіне дайындық кезінде Кими пит-стоп жаттығуларына қатысқан. Жаттығулардың бірінде ол механиктер дөңгелек ауыстыру жұмысын толық аяқтамай жатып, газ педалін басып қалған. Соның салдарынан артқы оң жақ дөңгелекті ауыстырып жатқан механик көлікпен бірге қозғалып, дөңгелектің үстінен асып түскен. Абырой болғанда, ол жарақат алмады.
Формула-1-дегі алғашқы сессиясы апатпен аяқталған
Антонелли Формула-1 жарыс демалысына алғаш рет 2024 жылғы Италия Гран-приінде қатысты. Еркін жаттығудың алғашқы сессиясында-ақ трассаға шыққан жас пилот екінші айналымында «Параболика» бұрылысында апатқа ұшырады.
Кейін Кими сол оқиғадан соң медициналық орталықта жылағанын айтып еді. Ол командасы мен отбасының сенімін ақтай алмадым деп ойлап, тіпті үйіне қайтқысы келген. Алайда келесі күні Тото Вольф жас пилоттың 2025 жылғы маусымда «Мерседес» сапында өнер көрсететінін ресми түрде жариялады.
Атасының тұмарын өзімен бірге алып жүреді
Формула-1-дегі алғашқы жарысының алдында әкесі Кимиге ерекше тұмар сыйлаған. Ол – шынжырға тағылған, алтын түстес шағын автокөлік бейнесіндегі алқа. Бұл бұйым бір кездері Кимидің атасына тиесілі болған. Атасы оны Маркоға сәттілік әкелсін деп табыстапты. Енді әулеттің осы бір жәдігерін Кими жарыс кезінде өзімен бірге алып жүреді.
№12 нөмірін Айртон Сеннаның құрметіне таңдаған
Кими бала кезінен аты аңызға айналған бразилиялық пилот Айртон Сеннаның жанкүйері болған. Әкесімен бірге оның жарыстарының бейнежазбаларын жиі тамашалаған. Сондықтан Формула-1-де өнер көрсету мүмкіндігі туған кезде Антонелли №12 нөмірін таңдады. Бұл – Сеннаның 1985 жылы Формула-1-дегі алғашқы жеңісіне, ал 1988 жылы тұңғыш чемпиондық атағына қол жеткізген кездегі нөмірі.
Формула-1 пилоты бола жүріп, мектепті тәмамдаған
Антонелли 2025 жылдың жазында орта мектепті аяқтады. Бір қызығы, бұл оқиға оның Формула-1-дегі алғашқы тұғырға көтерілуінен бірнеше күн өткен соң болды. Кими Канада Гран-приінде мәреге үшінші болып жетіп, мансабында алғаш рет жүлдегерлер қатарына қосылған еді, яғни ол бір мезетте әрі мектеп бітіруші түлек, әрі әлемдік автоспорттың ең беделді чемпионатындағы пилот болды.
Жеке көлігімен екі рет жол апатына түскен
Кими Антонелли қоғамдық жолдарда да екі рет жол-көлік оқиғасына тап болған. 2026 жылдың ақпанында Сан-Маринодағы үйінің маңында түнгі уақытта келе жатып, көлігімен қабырғаға соғылған. Ал АҚШ Гран-приі өтетін күндері Mercedes-AMG GT 4-Door Coupe көлігін артқа жүргізбек болғанда ағаш қоршауға соғылған.
Монако Гран-приінің ең жас жеңімпазы атанған
2026 жылдың маусымында Кими Антонелли Монако Гран-приінде жеңіске жетіп, Формула-1-дегі бесінші жеңісіне қол жеткізді. Сол кезде ол 19 жас 9 ай 13 күнде еді. Осы нәтижесінің арқасында жас италиялық Монако кезеңінің тарихындағы ең жас жеңімпаз атанып, Льюис Хэмилтонның бұрынғы рекордын жаңартты.
Анасы дайындаған пастаны ерекше жақсы көреді
Жарыс жолындағы қатаң тәртіп пен тынымсыз жаттығуларға қарамастан, Кимидің сүйікті тағамы – италиялық асхананың қарапайым әрі дәмді тағамдарының бірі. Ол пастаны жақсы көретінін, тіпті күн сайын жеуге дайын екенін бірнеше рет айтқан. Ал ең сүйікті асы – тортеллини.
1953 жылдан бері әлем чемпионы атанған алғашқы италиялық
Андреа Кими Антонелли араға 73 жыл салып Италияға Формула-1 әлем чемпионы атағын қайта әкелді. Бұған дейін бұл елдің атынан тек екі пилот қана чемпион атанған: 1950 жылы Джузеппе Фарина, ал 1952 және 1953 жылдары Альберто Аскари топ жарған.
Тағы бір жайт, Кими Италияда шығарылған көлікпен емес, шетелдік команданың сапында чемпион атанған алғашқы италиялық пилот болды.
Бүгiн, 10:44
Формула-1 тарихын жаңартқан Кими Антонелли: 20 жасында чемпион атанған жас жүйрік29 Қазан, 09:00
«Пышақ сабын арқар мүйізінен жасаймын»: қазақ ұстасының қайталанбас қолөнер туындылары28 Қазан, 15:16
Қымбат көрінудің құпиясы: биылғы қыста трендке айналатын бес түс23 Қазан, 12:09
Мысырға саяхаттау жеңілдейді: Қазақстан мен Мысыр қандай келісімге келді