Италиялық Ferrari компаниясының жаңа спорттық электромобилінің бағасы рекордтық деңгейге жетуі мүмкін.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Ferrari Luce моделінің құны шамамен 550 мың еуродан (314 млн теңге) асып түсуі ықтимал.
Биыл ақпан айында компания жаңа электрокардың салонын алғаш рет көрсеткен болатын. Көлік дизайнын Apple компаниясының бұрынғы бас дизайнері Джони Айв және оның LoveFrom командасы әзірлеген.
Ferrari Luce моделінің ресми таныстырылымы мамыр айына жоспарланған. Сарапшылардың айтуынша, жаңа электромобиль бағасы жағынан Ferrari Purosangue моделінен де қымбат болуы мүмкін. Тіпті ол әлемдегі ең қымбат электрокөліктердің біріне айналуы ықтимал.
Bloomberg агенттігінің дерегінше, көліктің бастапқы бағасы Еуропада 550 мың еуроға жуықтайды. Алайда нақты бағасы әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Егер бұл ақпарат расталса, Ferrari Luce бағасы 849 Testarossa мен 12 Cilindri модельдерінен жоғары болады. Одан тек F80 суперкары ғана қымбат болып қалуы мүмкін.
Жаңа модельдің басты ерекшеліктерінің бірі – оның электрлі қуат жүйесі. Ferrari дәстүрлі түрде іштен жану қозғалтқышы бар көліктерімен танымал болғандықтан, бұл жаңалық жанкүйерлер арасында түрлі пікір туғызады деген де болжам бар.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Ferrari Luce төрт электр қозғалтқышымен жабдықталады. Олардың жалпы қуаты 986 ат күшіне тең. Сонымен қатар көлік 122 кВт/сағ аккумулятормен жұмыс істеп, 350 кВт жылдам қуаттауды қолдайды. Толық қуатпен 530 шақырымнан астам қашықтықты еңсереді деп жоспарланып отыр.
Ferrari жаңа электромобилінің толық техникалық сипаттамалары мен ресми бағасы мамыр айындағы таныстырылымда белгілі болады.