13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңызАстанада үстел теннисінен WTT Star Contender Astana 2026 President’s Cup халықаралық турнирі өтеді. Әлемнің 29 елінен 160-қа жуық спортшы қатысатын дода 15-20 қыркүйек аралығына жоспарланған. Турнирдің жалпы жүлде қоры – 300 мың АҚШ доллары. Жарыс қарсаңында ұйымдастырушылар мен танымал спортшылар алдағы бәсеке мен Қазақстандағы үстел теннисінің даму мүмкіндіктері туралы айтты.
Астанаға кімдер келеді?
Президент кубогы елордада екінші рет ұйымдастырылып отыр. Биыл жарыс алғаш рет World Table Tennis (WTT) күнтізбесіне еніп, WTT Star Contender мәртебесінде өтеді. Турнирге әлемнің әр елінен танымал спортшылар келеді. Олардың қатарында 2015 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, қазір Nomad Table Tennis Academy сапында өнер көрсететін қытайлық Фан Бо және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы, мысырлық Омар Мұхаммади Ассар бар.
Фан Бо бүгінде академияда қазақстандық жас спортшылармен де жұмыс істейді. Оның айтуынша, шәкірттерінің жаттығуға деген ынтасы жоғары.
Олар іс жүзінде демалмайды деуге болады. Бар назарын жаттығуға аударған. Тіпті менен де көп жаттығады, – деді Фан Бо.
Омар Ассар Астанадағы жағдайға жоғары баға берді
Мысырлық Омар Мұхаммади Ассар Астанаға алғаш рет келіп отыр. Спортшы жарысты ұйымдастыру деңгейі мен қатысушыларға жасалған жағдайға ерекше тоқталды.
Астанаға алғаш рет келуім. Бұл турнирді өткізу және спортшыларды орналастыру үшін үлкен жұмыс атқарылғаны көрініп тұр. Русланға, Nomad Academy командасына және WTT-ға еңбектері үшін алғыс айтамын. Қазақстанға келген сәттен бастап өзімді Мысырда жүргендей сезіндім. Адамдар өте жылы қарсы алды. Мұнда болғаныма қуаныштымын және жақсы турнир болады деп үміттенемін, – деді ол.
Ассардың пікірінше, халықаралық деңгейдегі спортшылардың Астанаға келуі қазақстандық теннисшілер үшін үлкен мүмкіндік. Жергілікті ойыншылар әлемдік рейтингте жоғары тұрған қарсыластармен кездесіп қана қоймай, олардың жарысқа қалай дайындалатынын да жақыннан бақылай алады.
Турнирге халықаралық деңгейдегі, рейтингте жоғары тұрған ойыншылар қатысады. Қазақстандық спортшылар үшін бұл – тамаша мүмкіндік. Олар мықты ойыншылардың матчқа қалай дайындалатынын, жоғары кәсіби деңгейде қалай өнер көрсететінін жақыннан көре алады. Меніңше, Астанаға келіп, осы кубок үшін күресу – барлық қатысушы үшін жақсы мүмкіндік, – деді спортшы.
Омар Ассарға Қазақстанның Спорт университетіндегі жағдай да ерекше әсер еткен. Оның сөзінше, спортшыларға қажетті инфрақұрылымның бір жерде шоғырлануы жоғары деңгейде дайындалуға мүмкіндік береді.
Алғашқы әсерім Қазақстанның Спорт университетіне барған кезде қалыптасты. Ондағы жағдай шынымен керемет. Барлық қажетті инфрақұрылым бар. Тіпті өзіңді Олимпиада ойындарына келгендей сезінесің. Спортшылардың қажетінің бәрі жанында. Nomad Academy үлкен жұмыс атқарған. Сондай-ақ Кирилл Герасименкомен бірнеше күн бірге жаттығуға мүмкіндік алдым. Қаланың біраз жерін де көрдім. Астана – әдемі қала. Болашақта мұнда тағы да қуана келемін, – деді Ассар.
Мысырлық спортшы кейінгі жылдары халықаралық аренадағы бәсекенің күшейгенін атап өтті. Оның айтуынша, қазір жоғары деңгейде өнер көрсететін елдердің қатары көбейген.
Қазір бәсеке бұрынғы кез келген кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Германия, Франция сияқты елдер өте жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр. Африкада да бәсеке күшейді, Нигерияны атап өтуге болады. Жалпы, үстел теннисі бұрынғыдан да жаһандық спорт түріне айналды, – деді ол.
Омар Ассар Қазақстандағы үстел теннисінің даму қарқынына да оң баға берді. Спортшының пікірінше, қазір атқарылып жатқан кәсіби жұмыстың нәтижесі алдағы уақытта көріне бастайды.
Қазақстанда үстел теннисі кейінгі жылдары айтарлықтай дамыды деп ойлаймын. Қазақстанның Спорт университетіндегі жұмысты өз көзіммен көргеннен кейін бұған деген сенімім одан әрі артты. Мұнда өте кәсіби жұмыс жүргізіліп жатыр. Енді нәтиженің көрінуі – уақыттың еншісінде, – деді Омар Ассар.
Турнир Қазақстанға не береді?
Nomad Table Tennis Academy директоры Руслан Жетубаевтың айтуынша, биыл Президент кубогы алғаш рет World Table Tennis күнтізбесіне енгізілген. Ұйымдастырушылар турнирдің деңгейін алдағы жылдары одан әрі көтеруді жоспарлап отыр.
2027 жылы жарысты тамыз айында өткізіп, оған жоғары мәртебе беру көзделген. Академия жас қазақстандық спортшыларды даярлау үшін Қытайдағы серіктес мектеппен де жұмыс істейді. Жас теннисшілер сол елге оқу-жаттығу жиындарына барып, Қытайда қалыптасқан дайындық жүйесі бойынша тәжірибе жинайды.
Жетубаев бұл тәжірибені отандық үстел теннисін дамытудың маңызды тетіктерінің бірі деп санайды. Әлемдік үстел теннисінде көшбасшы саналатын елдің жаттығу әдістемесін меңгеру қазақстандық жас спортшылардың кәсіби деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев та мұндай халықаралық жарыстардың ел спорты үшін маңызына тоқталды.
Оның айтуынша, ірі турнирлер жастар арасында үстел теннисін кеңінен насихаттаумен қатар, қазақстандық спортшыларға әлемнің үздік ойыншыларымен тікелей бәсекеге түсуге мүмкіндік береді. Осылайша, WTT Star Contender Astana 2026 President’s Cup тек халықаралық жарыс қана емес, отандық спортшылардың тәжірибе жинап, шеберлігін шыңдауына және Қазақстандағы үстел теннисінің деңгейін көтеруге мүмкіндік беретін алаң болмақ.
13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңыз11 Қыркүйек, 12:07
Бала көргенін қайталайды: танымал мультфильмдерді көрсеткенде ата-ана нені ескеруі керек11 Қыркүйек, 09:00
«Ұял» дегенде бетін басады: Челси есімді ит қазақша бұйрықтарды қалай үйренді?10 Қыркүйек, 12:44
«Маугли қыз»: 17 жастағы қырғыз қызының ерекше қабілеті көпшілікті таңғалдырды