Бүгiн, 17:31
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихыАлматыдағы Қарағайлы қорымынан сақ дәуіріне жататын бірегей алтын әшекей табылды. Шамамен 2300-2400 жыл бұрын жасалған аю бейнесіндегі бұйым Қазақстанда бұрын кездеспеген. El.kz тілшісі археологиялық олжаның ерекшелігі мен ғылыми маңызын Алматы қаласы музейлер бірлестігінің мамандарынан сұрап білді.
Алтын әшекей қалай табылды?
2026 жылы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Наурызбай ауданындағы Қарағайлы қорымында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Апатты жағдайдағы обаны зерттеу кезінде Алматы қаласы музейлер бірлестігінің археологиялық тобы аю бейнесінде жасалған шағын алтын мүсіншені анықтады.
Диаметрі 25-26 метр, биіктігі шамамен 2,5 метр болатын оба ерте темір дәуіріне жатады. Археологтардың алдын ала болжамынша, ескерткіш біздің заманымызға дейінгі IV-III ғасырларда тұрғызылған.
Алтын әшекей обаның жерлеу құрылымын зерттеу кезінде, жерлеу орнының табанынан 1,5 метр тереңдікте табылған. Бұйымның ерекшелігі – шағын болғанына қарамастан, аюдың бейнесі айқын әрі көлемді етіп жасалған.
Бұл олжаның басты ерекшелігі – жануардың бейнесі жай ғана өрнек немесе бедер түрінде емес, көлемді мүсіндік пішінде берілуінде. Қазақстан археологиясында сақ дәуіріне жататын жануарлар бейнесіндегі алтын әшекейлер кездеседі. Алайда дәл осындай аю бейнесіндегі мүсіндік бұйымның еліміз аумағында бұрын анықталмауы бұл жәдігердің ғылыми құндылығын арттыра түседі, – деп түсіндірді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің мамандары.
Әшекей құйма әдісімен жасалған. Оның бекітуге арналған арнайы тесіктері бұйымның бас киімге немесе киімге тағылғанын аңғартады. Дегенмен әшекейді нақты кім таққаны және оның қандай әлеуметтік мәртебені білдіргені әзірге белгісіз.
Мамандар аю бейнесінің сақ дәуіріндегі символдық мағынасын анықтау үшін қосымша зерттеу қажет екенін айтады. Өйткені сақтардың аң стиліндегі өнері олардың дүниетанымы мен рухани мәдениетінің маңызды бөлігі болған.
Қазіргі уақытта бұйымның нақты өлшемі мен салмағы анықталып жатыр. Оның алтыннан жасалғаны белгілі болғанымен, сынамасы мен құрамындағы басқа металдардың үлесі зертханалық сараптамадан кейін нақтыланады.
Қазақстанда бұрын кездеспеген жәдігер
Археологтар Қарағайлыдан табылған алтын мүсіншені әйгілі «Алтын адамның» бас киіміндегі әшекейлермен салыстырады.
Мәселен, Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» бас киімінде арқар бейнесіндегі алтын бұйым бар. Ал 2014 жылы Көкқайнар қорымынан барыс пішініндегі сәндік әшекей анықталған.
Қарағайлыдағы олжа осы қатарды толықтырғанымен, аю бейнесінде жасалуымен ерекшеленеді.
Аю бейнесіндегі алтын мүсінше – Қазақстан үшін бірегей жәдігер. Бұған дейін елімізде мұндай олжа кездеспеген. Бұл жаңалық Қара теңіз маңынан Алтайға дейінгі бүкіл Еуразия кеңістігіндегі мәдени байланыс пен ұқсастықты зерттеуге мүмкіндік береді, – деді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова.
Мамандар пікірінше, бұл жаңалық сақ дәуіріндегі зергерлік өнердің даму деңгейін, жануарлар бейнесінің қолданылуын және ежелгі халықтар арасындағы мәдени байланыстарды тереңірек зерттеуге жол ашады.
Бір обада жеті адам жерленген болуы мүмкін
Қазба жұмыстары кезінде алтын әшекейден бөлек, көптеген адам сүйегі мен қыш ыдыстардың сынықтары табылған.
Алдын ала болжам бойынша, обада төрт ересек адам мен үш бала жерленген болуы мүмкін. Алайда сүйектердің нақты қанша адамға тиесілі екені әзірге анықталған жоқ.
Археологтардың айтуынша, мұндай көлемдегі обаларға әдетте бір немесе екі адам жерленген. Сондықтан бір жерден бірнеше адамның сүйегінің табылуы ерекше ғылыми қызығушылық тудырып отыр.
Бір обадан адам сүйектерінің әдеттен тыс көп табылуы ерекше қызығушылық тудырып отыр. Өйткені мұндай жерлеу орындары Қазақстан аумағында сирек кездеседі. Әдетте осындай көлемдегі обаларға бір немесе екі адам жерленген, – деді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің аға ғылыми қызметкері Марат Нұрпейісов.
Мамандар жерленген адамдардың бір отбасының немесе әулеттің мүшелері болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Дегенмен бұл әзірге ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген болжам.
Олардың өзара туыстық байланысын анықтау үшін антропологиялық және мүмкіндігінше генетикалық зерттеулер жүргізіледі. Ғалымдар сүйектер арқылы жерленген адамдардың жасын, жынысын, денсаулық жағдайын және жарақат белгілерін зерттеуді жоспарлап отыр.
Бұл мәліметтер сол кезеңдегі жерлеу дәстүрін ғана емес, сақ қоғамының әлеуметтік құрылымын түсінуге де көмектесуі мүмкін.
Ежелгі тонаушылар алтын әшекейді қалай байқамаған?
Қарағайлы қорымындағы обаның тағы бір ерекшелігі – оның ежелгі заманда тоналғаны.
Археологтер қорғанның орталық бөлігінен тонаушылар қазған, тереңдігі шамамен 3 метр болатын шұңқырды анықтаған. Сонымен қатар адам сүйектері мен қыш ыдыстардың сынықтары бастапқы орындарынан қозғалып, әр жерге шашылып қалған.
Соған қарамастан алтын әшекейдің сақталып қалуы мамандарды таңғалдырған.
Алматы қаласы музейлер бірлестігінің түсіндіруінше, тонаушылардың бұйымды не себепті байқамағанын нақты айту қиын. Болжам бойынша, шағын мүсінше жерлеу құрылымының тоналмаған бөлігінде немесе топырақ қабаттарының арасында қалып қойған болуы мүмкін.
Осылайша, мыңдаған жыл бұрын тоналған қорғаннан бүгінгі күнге дейін сақталған құнды жәдігер табылып отыр.
Алтын әшекей көпшілікке қашан көрсетіледі?
Қазіргі уақытта Қарағайлы қорымынан табылған археологиялық материалдар Алматы музейінде сақталып, ғылыми зерттеу және өңдеу жұмыстарынан өтіп жатыр.
Алдағы уақытта мамандар алтын мүсіншенің химиялық құрамын, жасалу технологиясын және көркемдік ерекшеліктерін зерттейді. Сондай-ақ Еуразия аумағынан табылған ұқсас жәдігерлермен салыстырмалы талдау жүргізіледі.
Зерттеудің тағы бір маңызды бағыты – қорымнан табылған адам сүйектерінің нақты санын және олардың өзара байланысын анықтау.
Қарағайлы қорымындағы зерттеу жұмыстары жалғасуда. Жерлеу рәсімінің ерекшеліктерін нақтылау және жерленген адамдардың санын анықтау мақсатында қосымша ғылыми талдаулар жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға антрополог мамандар да тартылады, – деді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің аға ғылыми қызметкері Марат Нұрпейісов.
Ғылыми зерттеулер толық аяқталғаннан кейін аса құнды жәдігерлерді Алматы музейінің экспозициясына енгізіп, көпшілік назарына ұсыну жоспарланып отыр. Алайда көрменің нақты мерзімі әзірге белгісіз.
Алматыда бұған дейін қандай археологиялық олжалар табылған?
Алматы қаласы музейлер бірлестігі 2022 жылдан бері қала аумағында дербес археологиялық зерттеулер жүргізіп келеді.
Сол жылы Алатау ауданындағы ерте темір дәуіріне жататын обадан сақ жауынгерінің тоналмаған жерлеу орны табылған. Зерттеу кезінде алтынмен безендірілген қылыштың бөліктері, аң стиліндегі алтын әшекейлер мен күміс бұйымдар анықталған.
2024 жылы осы аудандағы обалардың бірін зерттеу барысында адам сүйектерінің бөліктері, қоладан жасалған бекіткіштер мен шегелер табылды.
Ал 2025 жылы ерте темір дәуіріне жататын обалардың бірінен ежелгі тонаушылар қазған жерасты жолы анықталған.
Бұдан бөлек, «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінде Италия және Франция мамандарының қатысуымен геофизикалық зерттеулер жүргізілген. Бұл жұмыстар жер астындағы археологиялық құрылымдарды заманауи әдістермен зерттеуге мүмкіндік берді.
Қарағайлы қорымынан табылған жаңа олжа Алматы аумағында сақ дәуірінің әлі де толық зерттелмеген тарихи мұрасы бар екенін көрсетеді. Ал аю бейнесіндегі алтын әшекей мен бір обадан табылған көптеген адам сүйегі алдағы ғылыми зерттеулерге негіз болмақ.
Бүгiн, 17:31
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихыКеше, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер5 Қараша, 14:10
Ризабек Айтмұхан: 97 келіде чемпион атанып, гештальтімді жапқым келеді