Бүгін қазақ өнері тағы бір алып тұлғасынан айырылды. Қазақстанның халық әртісі, көрнекті театр режиссері, профессор Есмұхан Несіпбайұлы Обаев дүниеден өтті.
Қаралы хабарға байланысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның отбасы мен жақындарына, халқына көңіл айтты.
Қазақ театрының көрнекті тұлғасы
Қазақстанның халық әртісі, көрнекті режиссер, профессор Есмұхан Несіпбайұлы Обаев – қазақ театр өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер. Ол 1941 жылы Алматы облысы Кеген ауданында дүниеге келген.
1960-1964 жылдары Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетінің режиссерлік бөлімін үздік бітіріп, еңбек жолын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында бастады. Жас режиссер ретінде бірден танылып, кейін Мәскеудегі МХАТ-та білімін жетілдіріп, кәсіби деңгейін арттырды.
Әр жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры мен Шығыс Қазақстандағы Абай атындағы театрда қызмет етіп, ондаған қойылымды сахналады. 20 жылға жуық көркемдік жетекші болып, ұлттық және әлемдік драматургияны сахнаға шығарып, театр өнерінің жаңа белесіне жол ашты.
Сондай-ақ Қазақ ұлттық өнер академиясы ректоры, кейін Мәдениет министрлігінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарып, мәдениет саласының дамуына мемлекеттік деңгейде үлес қосты. 2001-2013 жылдары Әуезов театрының көркемдік жетекшісі болып, кейін осы театрда бас директордың кеңесшісі ретінде еңбек етті.
Есмұхан Обаевтың шығармашылық мұрасы аса бай. Ол Николай Гоголь, Уильям Шекспир, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сынды классиктердің туындыларын сахналап, 100-ден астам қойылымды сахналады.
Ол Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, халық әртісі атанып, «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты болды. Сондай-ақ «Парасат» және «Барыс» ордендерімен марапатталған.
«Табиғатпен етене өскен бала өнерге жақын болады»
Есмұхан Обаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында өнерге келу жолын туған жердің қасиетімен, табиғаттың әсерімен және ұлы ұстазға жолыққан тағдырымен байланыстырды.
Өнерді сонша сүйіп, осы кәсіпті таңдағаным алдымен ел мен жердің қасиетінің арқасы болса, содан кейін Асқар Тоқпанов секілді ұлы ұстазға жолыққанымның нәтижесі деп білемін. Бармақтай бала күнімнен даланың дыбысына ғашық болдым. Судың сылдырап аққаны, қардың үнсіз жауғаны, тұлпардың дүбірі – бәрі мені ойландыратын. Таңның атуы мен күннің батуы да бөлек әсер сыйлайтын, – дейді ол.
Режиссер туған жері Кегенді ерекше ықыласпен еске алады.
Кегенде, таудың бергі жағында өстік, ал арғы жағы біз үшін арман еді. Сол арманшылдық адамды әнге, әдебиетке, сұлулыққа жақындатады. Жалпы рухани әлеммен дос болуға ерте үйретеді, – дейді ол.
Есмұхан Обаев еңбекке ерте араласқанын да айтады. Таңғы бестен тұрып, ағаларымен бірге жұмыс істеген балалық шағы оның тұлға болып қалыптасуына әсер еткен.
Алты жасымыздан бастап еңбек еттік. Қазір ойласам, біздің азамат болып қалыптасуымызға табиғаттың өзі ықпал еткен. Ал ауылға келіп, жас таланттарды іздеген Тоқпановпен кездесу мені өнерге алып келген тағдырлы сәт болды, – дейді режиссер.
Сұхбатында ол өнердің адамға беретін рухани қуатын ерекше атап өтеді.
Өнердің бір жақсысы – аштықты да, жоқтықты да білдірмейді. Жақсы адамдармен бірге жүргеніңе, жақсы сөз естігеніңе жаның семіріп, өзіңді тоқ сезінесің, – дейді Есмұхан Обаев.
«Үлкенге құрмет, кішіге ізет – біздің ұстаным»
Есмұхан Обаев адамгершілік пен қарапайымдылықты өмірлік қағидасы екенін айтқан еді.
Әр сөзін тісінің арасынан сыздықтатып шығарып, сызданып, өзін көрсету – біздің ұстаным емес. Біздің ұстаным – «үлкенге құрмет, кішіге ізет». Айналамдағы адамдармен қалжыңдасып, ойнап-күліп жүргенді жақсы көремін. Бәлкім, бұл туабітті мінез шығар, күн сайын жұмысыма күліп келемін, күліп кетемін, – дейді ол.
«Театрдың бағы да, соры да режиссерге байланысты»
Есмұхан Обаев «Айқын» газетіне берген сұхбатында театр тағдырында режиссердің орны айрықша екенін айтты. Оның сөзінше, сахнаның тынысы да, көркемдік деңгейі де, көрерменге жететін ойы да ең алдымен режиссерге байланысты. Сондықтан ол театр өнеріндегі басты жауапкершілік осы маман иесінің мойнында екенін ерекше атап өткен.
Театр режиссураға байланысты. Сондықтан театрдың бағы да, соры да режиссерге байланысты. Режиссерден бағы жанған театр – бақытты театр. Театрдың ең қара күші, театрдың ары мен паспорты – режиссер. Режиссер бар кезде театр бар, ол жоқ болса театр да жоқ, – деген еді ол.