Кеше, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізедіӘлемнің ірі қалалары аспанмен таласқан зәулім ғимараттарымен таңғалдырса, шағын қалалардың өзіне тән ерекше сиқыры бар.
Тыныш көшелері, ғасырлар бойы сақталған сәулеті, түрлі-түсті үйлері мен көне аңыздары бұл мекендерді ертегіден шыққандай әсерге бөлейді. Осындай қалаларда уақыт баяу жылжитындай көрінеді, ал әрбір көше мен ғимараттың өз тарихы бар.
Альпі етегіндегі көркем қалалар
Миттенвальд (Германия)
Бавария Альпісінің баурайында орналасқан Миттенвальд қаласы көздің жауын алатын көрінісімен ерекшеленеді. Оюлы қасбеттері, түрлі-түсті үйлері мен қабырға суреттері бұл жерді ертегі кітабының иллюстрациясына ұқсатады. Немістің ұлы ақыны Иоганн Вольфганг Гете кезінде Миттенвальдты «жан біткен суретті кітап» деп сипаттаған.
Қала тұрғындары тарихи келбетін бүгінге дейін сақтап келеді. Көлік қозғалысы орталықтан тыс бағытталған, ал базар алаңын кесіп өтетін шағын бұлақ қайта қалпына келтірілген.
Грюйер (Швейцария)
Швейцариядағы Альпі тауының етегінде орналасқан Грюйер қаласы ең алдымен әйгілі ірімшігімен танымал. Алайда мұнда туристерді тек гастрономиялық турлар ғана емес, ортағасырлық көшелер мен тарихи ғимараттар да қызықтырады.
Қаланың басты көрнекілігі – бүгінде музей ретінде жұмыс істейтін Грюйер қамалы. Туристерге жергілікті ірімшік пен шоколадтың дайындалу тарихын таныстыратын экскурсиялар мен дәм тату бағдарламалары ұйымдастырылады.
Кольмар (Франция)
Францияның Кольмар қаласы түрлі-түсті ағаш қаңқалы үйлерімен танымал. Мұндағы ғимараттар бір-біріне тығыз орналасқан, ал қасбеттері нәзік оюлармен безендірілген.
Кейбір үйлердің жоғарғы қабаттары төменгі бөлігінен кеңірек салынған. Бұрын бұл тұрғындарға көше деңгейіндегі үйдің аумағына қарай есептелетін салықты азайтуға мүмкіндік берген. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде одақтас әскерлер XV-XVI ғасырлардағы сәулет мұрасын сақтау үшін қаланы барынша қорғауға тырысқан.
Ортағасыр рухын сақтаған қалалар
Коринальдо (Италия)
Италиядағы Коринальдо XIV ғасырда тұрғызылған қорған қабырғаларымен қоршалған. Қаланың ең әйгілі орны – 109 кең баспалдақтан тұратын Пьяджа көшесі.
Бұл баспалдақпен байланысты көне аңыз бар. Ел аузындағы әңгімеге сенсек, бір шаруаның жүгері ұны салынған қапшығы құдыққа түсіп кетеді. Оны алуға түскен адам қайта шықпаған. Аңыз бойынша, ол құдықтың түбінде шексіз полента жеп қалған көрінеді.
Жыл сайын қала тұрғындары осы оқиғаны ортағасырлық киім киіп, акробаттар мен сайқымазақтардың, рыцарлық қойылымдардың қатысуымен сахналайды.
Чески-Крумлов (Чехия)
Қызыл шатырлы үйлері мен сәнді қамалымен ерекшеленетін Чески-Крумлов ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген.
Қала шағын болғандықтан, оның көне көшелерін жаяу аралап шығуға болады. Ал әсерді күшейткісі келетіндерге Влтава өзенінде қайықпен жүзу ұсынылады.
Брюгге (Бельгия)
Брюгге – каналдарымен, көне шіркеулерімен, тарихи пабтарымен және ортағасырлық алаңдарымен танымал қала.
Көктемде қаладағы шағын аулалардың бірі мыңдаған нарциске оранады. Тарихи орталықты қайықпен немесе ат жеккен арбамен аралауға болады. Мұндағы Бонифаций көпірі ертегі декорациясына ұқсаса да, шын мәнінде қаланың ең танымал тарихи орындарының бірі.
Теңіз жағасындағы ерекше қала
Эс-Сувейра (Марокко)
Марокконың Атлант мұхиты жағалауындағы Эс-Сувейра XVIII ғасырда порт қаласы ретінде қалыптасқан. Қызғылт түсті қорған қабырғалары, көгілдір есіктері мен тар көшелері бұл қаланың өзіндік келбетін айқындайды.
Тарихта Эс-Сувейра Могадор және Тимбукту порты деген атаулармен де белгілі болған. Үнемі соғып тұратын желдің әсерінен оны «Африканың желді қаласы» деп атайды.
Бұл қала «Тақтар ойыны» сериалының жанкүйерлеріне де жақсы таныс. Дәл осы жерде Астапор қаласының көріністері түсірілген. Алайда Эс-Сувейраның тарихи орталығы сериалдан да құнды. Ол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген және Марокконың ең көрікті туристік бағыттарының бірі саналады.
Таулар мен өзендердің тоғысындағы көне қала
Потес (Испания)
Испанияның солтүстігіндегі Потес қаласы төрт тау аңғары мен Кивьеса және Дева өзендерінің тоғысқан жерінде орналасқан. Сондықтан мұндағы көпірлер мен қорған қабырғалары тек сәулеттік сән емес, тұрғындардың күнделікті тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналған.
Қаланың тарихы VIII ғасырдан бастау алады. Ал бүгінге дейін сақталған сәулет ескерткіштерінің басым бөлігі XIII-XVIII ғасырларда бой көтерген. Олардың қатарында готикалық стильдегі Сан-Висенте шіркеуі, көне әулет үйлері, шағын ғибадатханалар мен тас үйлердің арасымен ирелеңдеп өтетін тар баспалдақтар бар.
Табиғат пен адамның қолтаңбасы тоғысқан мекендер
Сиракава-го (Жапония)
Жапониядағы Сиракава-го ауылы әсіресе қыс мезгілінде ерекше көрікке енеді. Қалың қар жамылған бұл мекен әлемде қысы ең әсем ауылдардың бірі саналады.
Мұнда дәстүрлі гассё-дзукури үлгісінде салынған 114 үй сақталған. Олардың сабанмен жабылған тік шатырлары дұға етіп тұрған адамның қос алақанын еске түсіреді. Мұндай ерекше құрылым мол қардың салмағына төтеп беру үшін ойластырылған.
Бір қызығы, бұл үйлердің құрылысына шеге мен металл бөлшектер пайдаланылмаған. Соған қарамастан, кейбірінің бой көтергеніне екі жарым ғасырдан асқан. Ауылдың ең әсерлі көрінісі төбедегі бақылау алаңынан ашылады.
Гөреме (Түркия)
Каппадокиядағы Гөреме – табиғаттың ғажайып туындысы мен адам еңбегі үйлескен ерекше мекен.
Бұл өңір «ертегі мұржалары» аталып кеткен алып тас бағандарымен танымал. Миллиондаған жыл бұрын жанартаулардан атқылаған жұмсақ туфты адамдар қашап, үйлер, шіркеулер және тұтас жерасты қалаларын тұрғызған.
Тас жартастардың ішіндегі ежелгі шіркеулерде бүгінге дейін Византия дәуірінің бірегей фрескалары сақталған. Сондықтан Гөреме тек табиғатымен ғана емес, тарихи мұрасымен де туристерді қызықтырады.
Міндетті түрде көруге тұрарлық бағыттар
Егер Альпі тауларының баурайындағы көркем қалаларды көргіңіз келсе, Миттенвальд, Грюйер және Кольмар тамаша таңдау болмақ.
Ал ортағасырлық көшелермен серуендеп, көне Еуропаның атмосферасын сезінгіңіз келсе, Брюгге, Коринальдо, Чески-Крумлов және Потеске жол тартыңыз.
Ал ерекше табиғат пен өзгеше сәулет өнерін тамашалауды қаласаңыз, Сиракава-го мен Гөреме сізді таңғалдырмай қоймайды. Бұл мекендер ертегіден шыққандай әсер сыйлап, саяхаттың ұмытылмас естелікке айналуына себеп болады.
Кеше, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды20 Шілде, 09:39
«Ботаникалық бақта пикник жасауға болмайды»: рейдтен кейінгі көрініс16 Шілде, 17:14
Финалда Испания жеңіске жетеді – сарапшы болжамы