8 Маусым, 16:10
Жолы болмаған чемпион: Германияға 30 жылдан кейінгі жеңісті сыйлаған Зверев кім?Соңғы бірнеше жылда қазақ музыкасында ерекше құбылыс пайда болды. Әлеуметтік желілерде, стриминг платформаларында және жастардың плейлистінде бір есім жиі атала бастады. Ол – Ернар Амандық. Оның әндері күрделі музыкалық эксперименттерімен немесе даңғаза шоуымен емес, қарапайымдылығымен тыңдарман жүрегіне жол тапты.
Бүгінде «Кейіпкер», «Мені күт», «Сенен кейін», «Sen Kelgeli», «Baribir», «Жарығым» секілді әндер миллиондаған қаралым жинап үлгерді. Бір қызығы, Ернардың шығармашылығына қатысты пікір айтатындардың көбі оның әндерінің бір-біріне ұқсас екенін алға тартады. Шынында да, оның репертуарына көз жүгіртсеңіз, шығармаларының басым бөлігі махаббат, сағыныш, күту, жоғалту және ішкі күйзеліс тақырыптарының төңірегінде өрбиді. Бірақ дәл осы ерекшелік оны өзгелерден бөліп тұрған басты факторға айналғандай.
Көптеген әнші әр туындысында жаңа образ жасап, жаңа тақырып іздеуге тырысса, Ернар бір ғана сезімді терең зерттеуді таңдағандай әсер қалдырады. Оның әндеріндегі кейіпкер үнемі біреуді күтеді, біреуді сағынады немесе өткен күндерді еске алады. Тыңдарман бұл оқиғалардың нақты кімге арналғанын білмеуі мүмкін, бірақ сол сезімді жақсы түсінеді. Әншінің өзі де әндерінің өмірден алынғанын жасырмайды.
Бұның барлығы шынайы оқиғаға құрылған әндер ғой. Бір жан болды. Сол кісіге әндер шықты. Одан кейін тағы бір жанды кездестірдік. Ол кісіге де әндер шықты, – деген еді ол шығармашылығы туралы сұхбаттарының бірінде.
Ернар Амандықтың шығармашылығын өзгелерден ерекшелендіріп тұрған тағы бір жайт бар. Ол әндерін орындап қана қоймайды, сөзін де, әуенін де өзі жазады. Қазіргі эстрадада әннің мәтінін бір автор, әуенін басқа композитор жазып, оны үшінші адам орындайтын жағдайлар жиі кездеседі. Ал Ернар шығармашылығында бұл үдерістің барлығы бір адамның қолында тоғысқан. Сондықтан оның әндеріндегі оқиғалар мен эмоциялар тыңдарманға шынайырақ әсер етеді.
Ернар Амандықтың әндерін мұқият тыңдаған адам тағы бір ерекшелікті байқайды. Оның шығармаларында белгілі бір сөздер мен тіркестер жиі қайталанады. «Сен», «жаным», «жарығым», «күту», «кейін», «сағындым» сияқты сөздер әннен әнге көшіп жүреді. Кейбір тыңдарман мұны мәтіндік кедейлік деп қабылдауы мүмкін. Алайда поп-музыкада қайталау әдісі тыңдарман эмоциясын күшейту үшін жиі қолданылады. Қайталанатын сөз адамның есінде тез сақталып, әннің негізгі эмоциясын жеткізетін құралға айналады.
@ernar_amandyq Жылы лебіздеріңізге рахмет❤️ #ernaramandyq #menikut #ернарамандық #менікүт #keipker #кейіпкерім ♬ оригинальный звук - Ernar Amandyq
Әсіресе қазіргі TikTok пен Instagram дәуірінде бірнеше секундтық үзінді бүкіл әннің тағдырын шешуі мүмкін. Ернардың шығармалары дәл осы форматқа бейімделгендей көрінеді. Қарапайым сөз, түсінікті эмоция және тез жатталатын қайырма оның әндерін кең аудиторияға жеткізді.
Ернар шығармашылығы төңірегіндегі ең қызық тақырыптардың бірі – оның музасы туралы әңгімелер. Желі қолданушылары арасында әншінің көптеген әні нақты бір адамға арналған деген пікір жиі айтылады. Әсіресе театрдағы әріптесі, актриса Бақытгүл Серікбаевамен байланыстыратындар да бар. Алайда екі өнер иесі де қарым-қатынастары туралы ешқандай ресми мәлімдеме жасаған емес.
@shalkarovna_01 Ернар Амардықтың кейіпкері🥹🫶 #махаббатфест #mahabbatfest ♬ оригинальный звук - 🤍
Бірақ бұл жұмбақ тыңдарман қызығушылығын одан сайын арттыра түседі. Себебі адамдар әннің артында шынайы оқиға бар екенін сезген кезде оған басқаша қарай бастайды.
Танымалдық артқан сайын сын да көбейеді. Соңғы уақытта Ернардың «Жарығым» әні әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Әсіресе әндегі «Алатау ұшының, қары да еріп бастайды» деген жолға қатысты түрлі пікір айтылды. Ақын Олжас Қасым бұл тармаққа қатысты өз ойын білдіріп, ән мәтінінің балама нұсқасын ұсынды.
«Сен күлсең, күнім, Алатау шыңының қары да ери бастайды» деген жол үйлесімдірек болар еді, – деп жазды ақын.
Бұл пікір бірден талқылауға ұласты. Бір тарап ақынның сынын қолдаса, енді бірі ән мәтінін өзгертуге қарсы болды. Осы тұста тағы бір қызық құбылыс байқалды. Әлеуметтік желілерде Ернар шығармашылығын қорғаған пікірлер де аз болған жоқ.
Мәселен, xsyrym есімді қолданушы:
Ернар Амандық өлең шығармаса, өлең тыңдауды қояды екенмін. Қазір көп ән бар, бірақ сөзінде салмақ жоқ, мағынасы жұқа. Әуені әдемі болғанымен, жүрекке жетпейді. Бұрынғыдай әр жолын ойланып тыңдайтын, астарынан мән іздейтін дүниелер азайып бара жатқандай. Өлең деген – жай рифма емес, ол жанның айнасы ғой. Сөзінде шындық болмаса, қанша хит болса да, ұзаққа бармайды. Тыңдарман да өсті, құр даңғаза емес, мағыналы дүние күтеді, – деп жазды.
Бұл пікірдің астарында қазіргі қазақ музыкасына қатысты маңызды сұрақ жатыр. Тыңдарманға бүгін не маңызды: мінсіз поэзия ма, әлде шынайы эмоция ма?
Бәлкім, Ернар шығармашылығының басты құпиясы да осында шығар. Оның әндерін бәрі бірдей ұнатпауы мүмкін. Бірақ ол адамдарды бейжай қалдырмайды. Бірі сынайды, бірі қорғайды. Ал дәл осындай пікірталас кез келген өнер иесінің шығармашылығына қызығушылықты арттырады.
Ернар Амандық феноменін тек жеке орындаушының табысымен түсіндіру жеткіліксіз. Оның шығармашылығы соңғы жылдары қазақ музыкасында қалыптасып келе жатқан жаңа бағыттың көрінісіне айналды. Бүгінде әлеуметтік желілерде тыңдармандар Қазыбек Құрайыш, Абзал Өтешов және Ғазизхан Шекербеков секілді орындаушылардың шығармашылығын да осы бағытпен байланыстырып жатады.
Әрине, олардың әрқайсысының өзіндік стилі бар. Дегенмен ортақ белгілер де жоқ емес. Олар да махаббат тақырыбын жиі қозғайды, қарапайым сөздер арқылы эмоция жеткізеді, күрделі аранжировкалардан гөрі сезімге жұмыс істейтін әуендерді таңдайды. Егер бірнеше жыл бұрын қазақ эстрадасында той әндері мен би композициялары басым болса, бүгінде жастар арасында мұңға толы лирикалық шығармаларға сұраныс артқанын байқауға болады.
Сондықтан Ернар Амандықтың феномені оның әндерінің танымал болуында ғана емес. Оның табысы қазақ музыкасында жаңа аудиторияның пайда болғанын көрсетті. Бұл аудитория әсерлі шоу емес, өз сезіміне ұқсас оқиғаны іздейді.
Ернар Амандықтың ерекшелігі дауыс диапазонында немесе күрделі музыкалық шешімдерінде ғана емес. Оның феномені – өз әндерінің сөзін де, әуенін де өзі жазып, сол арқылы тыңдарманға дайын образ емес, жеке тәжірибесін ұсына білуінде.
Сондықтан оның әндері музыкалық тұрғыдан күрделі болмауы мүмкін. Бірақ олар адамдардың жеке тарихымен үндеседі. Ал өнердегі ең үлкен табыстың өзі де осы шығар. Өзің туралы емес, мыңдаған адамның өзі туралы ойлануына себеп болу.
8 Маусым, 16:10
Жолы болмаған чемпион: Германияға 30 жылдан кейінгі жеңісті сыйлаған Зверев кім?2 Маусым, 18:20
Ушу-саньда төңірегіндегі у-шу: Нұрсұлтан Тұрсынқұлов стипендия ала алмай жүр22 Мамыр, 12:15
«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алды20 Мамыр, 08:00
Хусановтың өзі сұхбатқа келді | «Ордабасы» чемпион болмайды | «Барсаның» фанаты емеспін