Ерлан Қарин Қазақстандағы ескерткіштерге қатысты бірыңғай ұстаным қалыптастыруды тапсырды

Ерлан Қарин Қазақстандағы ескерткіштерге қатысты бірыңғай ұстаным қалыптастыруды тапсырды

Фото: Кадрдан скрин

Қазақстанда ескерткіштер, мүсіндер мен шағын сәулет нысандарына қатысты көзқарас қайта қаралмақ. Енді олардың орнатылу тәртібімен қатар, мағыналық мазмұны мен көркемдік сапасына да баса назар аударылады. Бұл туралы вице-президент Ерлан Қарин отандық мүсіншілермен кездесуінен кейін мәлімдеді.

Вице-президенттің айтуынша, алдағы уақытта елде тарихи жадты сақтау мәселелерімен жүйелі түрде айналысу жоспарланып отыр. Осы бағыттағы жұмыстардың бірі – қоғамдық кеңістіктерге орнатылатын ескерткіштердің мазмұны мен сапасына ортақ талап қалыптастыру.

«Осыған дейін ескерткіштерді орнатуды реттеп, тәртіпке келтірдік. Енді олардың мағыналық, мазмұндық сапасына қатысты жұмысты бастаймыз. Өйткені барлығына ортақ бір ұстаным керек», – деді Ерлан Қарин.

Өңірлердегі ескерткіштерден «жершілдіктің белгілері» байқалады

Ерлан Қарин кейбір өңірлерде орнатылған ескерткіштерге қатысты сын айтты. Оның пікірінше, мұндай нысандардан жершілдік пен қоғамдағы басқа да келеңсіз құбылыстардың белгілері байқалады.

«Өңірлерде ашылған ескерткіштерден жершілдік пен қоғамдағы тағы да басқа бір кеселдердің белгілері байқалады», – деді вице-президент.

Оның сөзінше, ескерткіштер мен мүсіндер тек белгілі бір тұлғаны немесе тарихи оқиғаны ұлықтайтын нысан ретінде қарастырылмауы керек. Олар ұлттық бірегейлікті дамытуға және қоғамға ортақ құндылықтарды орнықтыруға қызмет етуге тиіс.

«Шын мәнінде, қандай да бір ескерткіш, мүсін немесе шағын сәулет формасы болсын белгілі бір деңгейде ұлттық бірегейлікті дамытуға, ортақ қоғамдық құндылықтарды орнықтыруға қызмет етуі керек», – деді Ерлан Қарин.

Мүсіншілер мен сәулетшілер жұмысқа тартылады

Вице-президент қалыптасқан кемшіліктерді бір реттік шаралар арқылы емес, жүйелі әрі тұрақты негізде түзету жоспарланып отырғанын атап өтті.

Осы мақсатта Ерлан Қарин еліміздің бірқатар танымал мүсіншілерімен кездесіп, ескерткіштердің мазмұны мен көркемдік сапасына қатысты пікір алмасты. Кездесу қорытындысында тараптар бірнеше жаңа бағыт бойынша бірлесіп жұмыс істеуге келіскен.

Бұл жұмысқа алдағы уақытта мүсіншілермен қатар сәулетшілер де тартылмақ. Негізгі мақсат – елдің барлық өңірінде қолданылатын ортақ тәсіл қалыптастырып, қоғамдық кеңістіктердегі нысандардың тарихи жад пен ұлттық құндылықтарға сай болуын қамтамасыз ету.

Ішкі саясат мәселелері де талқыланды

Сондай-ақ Ерлан Қарин сенбі күні ішкі саясат мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Жиында президент бастамаларын іске асыру, қоғамдық бірлікті нығайту, конституциялық құндылықтарды орнықтыру және қоғамдағы диалогты дамыту мәселелері қаралды.

Кеңес қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берілді. Мұндай жиындарды алдағы уақытта тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президенттің өкілеттігін айқындайтын жарлыққа қол қойған.

Құжатқа сәйкес, вице-президент ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеп, оларды мемлекет басшысының қарауына енгізеді. Сондай-ақ президенттің тапсырмасы бойынша оның атынан Құрылтаймен, Үкіметпен, мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасай алады.

Осылайша, ескерткіштерге қатысты жаңа тәсіл тек олардың сыртқы келбеті немесе орнатылатын орнына ғана емес, тарихи және қоғамдық мағынасына да басымдық беруді көздейді. Билік бұл бағыттағы талаптарды барлық өңірге ортақ жүйеге келтіруді жоспарлап отыр.

Оқи отырыңыз

{