«Ерекше шапан тіккен»: Димаш Құдайбергенді таңғалдырған бойжеткен кім?

«Ерекше шапан тіккен»: Димаш Құдайбергенді таңғалдырған бойжеткен кім?

Ажар Лаубаева
Фото: El.kz коллажы

Қарағандыда Кеншілер күніне арналған концертте әнші Димаш Құдайбергенге жас дизайнер Ақбота Қасымбек өзі тіккен шапанын табыстады. Әнші сыйлықты қабылдап қана қоймай, оны сол сәтте сахнада киіп шықты. Бұл көрініс әлеуметтік желіде кең тарап, көпшіліктің ықыласына бөленді. El.kz тілшісіне берген сұхбатында Ақбота Қасымбек Димашқа шапанды қалай дайындағанын айтып, «Көкпар» топтамасы мен сән саласындағы жолы туралы бөлісті.

– Ақбота, бір қызығы, Димаш Құдайбергеннің Қарағандыға келетінін білмей тұрып-ақ шапанды оған арнап тіккен екенсіз. Бұл идея қалай пайда болды? Кейін шапанды әншінің өзіне қалай табыстадыңыз?

– Мен Димаштың жанкүйерімін. Ол таныла бастаған кезден бері шығармашылығын бақылап келемін. Өзім ата-апамның қызымын. Атам екеуміз оның видеоларын көріп, қатты тамсанып отыратын едік. Димаш мен үшін қазақ ерінің, жалпы ер-азаматтың эталоны. Себебі ол кісіден аларымыз көп. Өте керемет тұлға.

Фото: Ақбота Қасымбектің жеке мұрағатынан

Сәуір айында жаңа топтамамды жасап жатқан кезде көкпар шапанын алғаш рет Димаш Құдайбергеннің үстінде елестеттім. «Осы кісіге сыйласам, керемет болар еді» деген ой келді. Ол кезде Димаш ағаның Қарағандыға келетінін мүлде білмедім. Шапанды тігіп жүрген кезімде де бүкіл үй ішіне «Бұл – Димаш ағаның шапаны» деп айтып жүрдім.

Көп уақыт өтпей оның Қарағандыға келетінін естідім. Өзім Қарағандыданмын, қазір Астанада оқимын. Сол кезде «Мен бұл шапанды беруім керек. Қарағандыға бекер келіп жатқан жоқ шығар» деп ойладым.

Бірден концертті ұйымдастырушыларды іздеп, барлығына жаздым. Бірақ ешқайсысынан жауап болмады. Соған қарамастан, үмітімді үзбедім. Інім екеуміз өз қолымызбен үлкен плакат жасап, оған «Димаш аға, сізге шапан сыйлағым келеді» деп жаздық.

Плакатты концертке жеткізудің өзі бөлек оқиға болды. Ұзын таяғымыз таксиге сыймай қалды. Концерт кезінде кейбір адамдар бізді қолдап, Димаш байқасын деп алға шығаруға тырысты. Әрине, көпшіліктің арасында итеріп, жағымсыз сөз айтқандар да кездесті. Бірақ жақсы адамдардың арқасында алға өтіп, плакатымызды концерт аяқталғанша ұстап тұрдық.

Концерттің соңында бір адам шапанымды алып кетті. Бір кезде қарасам, оны сахнада Димаш ағаға кигізіп жатыр екен. Содан кейін «Қарындасым шапан тігіп әкелген екен, сахнаға шақырайық» деп мені де жанына шақырды.

Сол кездегі эмоциямды сөзбен айтып жеткізу қиын. Димаш аға мені қолдап, үлкен батасын берді. Мен үшін өте керемет әрі ұмытылмас сәт болды.

– Димаш Құдайбергенге табыстаған шапанның ерекшелігі неде? Дизайндағы элементтер нені білдіреді? Әншінің нақты өлшемдерін қалай анықтадыңыз?

– Димаш ағаға табыстаған шапан «Көкпар» топтамасының аясында жасалды. Ол – бұған дейін подиумға шыққан шапанымның жаңартылған нұсқасы. Подиумда оның көк түсті нұсқасы көрсетілген еді.

Бұл – топтамадағы негізгі образдардың бірі. Шапанда көптеген тағалар бейнеленген. Таға – сәттіліктің белгісі. Сонымен қатар бұл деталь көкпардағы ат пен тағалы тұяқпен тікелей байланысты.

Шапанның арқасында спираль тәрізді шеңбер жасап, айналып шауып жүрген аттар бейнеленген. Көкпар ойынын жоғарыдан бақыласаңыз, шабандоздардың бір нүктені айнала қозғалып жүргенін байқауға болады. Сол көріністі шапанға түсіруге тырыстым.

Шапанның ортасынан түсіп тұратын ұзын бауды «айдар» деп атадым. Айдар – қазақ дәстүріндегі маңызды белгілердің бірі. Ал шапанның пішіні классикалық үлгіге жатпайды, формасын өзім ойлап таптым.

Шапанды тігуге шамамен бір апта уақыт кетті. Джинса матасын пайдаланып, компьютерлік кестелеу әдісін қолдандым. Димаш ағаның нақты өлшемдері қолымда болмағандықтан, интернеттегі оның бойы мен дене бітіміне қатысты мәліметтерге сүйеніп, өлшемін шамалап келтірдім.

– «Көкпар» топтамасын жасауға не түрткі болды? Бұл тақырыпты жан-жақты зерттеген екенсіз. Сол ізденістеріңіз топтамада қалай көрініс тапты?

– Көкпар – мен үшін үлкен шабыт көзі. Үшінші курста осы тақырыпты курстық жұмысым аясында тереңірек зерттей бастадым. Көкпаршылардың бейнесінен қазақтың болмысын көрдім. Бірте-бірте осы тақырыпты киім арқылы көрсетсем деген ой келді.

Топтаманы дайындау барысында суретші-фотограф Саид Атабековтің шығармашылығына ерекше назар аудардым. Оның көкпар әлемін өзге бір галактика ретінде қабылдауы маған қатты әсер етті. Осыдан кейін көкпарды жай ғана ұлттық ойын емес, өзіндік эстетикасы мен рухы бар тұтас әлем ретінде қарастыра бастадым.

Сонымен қатар Евгений Сидоркиннің суреттерін, көкпар тақырыбын зерттеген фотограф Никита Басовтың жұмыстарын қарадым. Университет кітапханасынан тарихи материалдар іздеп, көкпар туралы деректерді оқыдым.

Осының бәрі топтамадағы образдарға әсер етті. Мысалы, көкпаршылардың биік саптама етіктері, бас киімдері мен басқа да ерекшеліктерін негізге алдым. Ал шабандоздардың мінезі мен көкпардағы қозғалысты ірі формалар мен түрлі детальдар арқылы беруге тырыстым.

Топтамада дәстүрлі элементтермен қатар дрон мен тікұшақтан шабыт алған образдар да бар. Қазір көкпарды жоғарыдан тікұшақпен бақылайды, дронмен түсіреді. Алаңда аттармен қатар қозғалып жүрген дрондарды көргенде, бұл маған көне дәстүр мен бүгінгі технологияның тоғысуы секілді әсер етті. Тіпті оны өзімше «қазақтың жаңа космологиясы» деп қабылдадым. Сондықтан осы көріністі де топтамаға қосуды жөн көрдім.

– «Көкпар» топтамасымен Next Designer Award Empowered by Visa байқауына да қатысқан екенсіз. Бұл байқау туралы қалай білдіңіз және іріктеу кезеңі қалай өтті?

– Байқау туралы басталуына бір апта қалғанда жарнамадан білдім. Ол кезде «Көкпар» тақырыбын зерттеп жүрген едім. Байқау өтіп жатқанын көргенде, міндетті түрде қатысуым керек деп шештім. Бір аптаның ішінде он эскиз дайындап, өтінім жібердім.

Шынымды айтсам, жеңіске жетемін деп ойлаған жоқпын. Өйткені байқауға Орталық Азия елдерінің дизайнерлері қатысты. Оның үстіне мен үлгі тұтатын ірі дизайнерлердің біразы осы байқау арқылы танылған.

Алғашқы іріктеу онлайн өтті. 400-ге жуық адамның арасынан 16 финалист таңдалып, Алматыда өтетін финалға шақырылдық. Финалға эскиздеріміздің негізінде үш-төрт образ дайындап апаруымыз керек болды. Оған бір ай уақыт кетті.

Фото: Ақбота Қасымбектің жеке мұрағатынан

Финалда арнайы жүлдеге ие болып, Visa Fashion Week аясында өз топтамамды көрсетуге мүмкіндік алдым. Финалға өткенімді білгендегі сезімді сөзбен жеткізу қиын. Кейін өз көрсетілімімді өткізгенде де сондай ерекше күйде болдым. Димаш ағаға шапан сыйлаған сәттегі эмоциям да осыған ұқсас еді.

– Байқаудан кейінгі алғашқы кәсіби көрсетіліміңізге қалай дайындалдыңыз? Бұл кезеңде қандай қиындықтар болды?

– Финалдан кейін бізге екі айдың ішінде 20 образдан тұратын толық топтама дайындау міндеті қойылды. Сол уақытта университетте оқып жүрдім. Оқуым Астанада, ал өзім Қарағандыданмын. Сондықтан әр сенбі-жексенбі сайын Қарағандыға келіп, топтамамен жұмыс істедім. Екі ай бойы күндіз-түні еңбектеніп, кейде ұйықтамай, 20 образды дайындап шықтым.

Фото: Ақбота Қасымбектің жеке мұрағатынан

Бұл менің алғашқы кәсіби көрсетілімім еді. Ең қиыны – барлық киімді белгіленген уақытқа дейін аяқтап үлгеру болды. Оның үстіне дизайнердің жұмысы киім тігумен ғана шектелмейтінін сол кезде түсіндім. Көрсетілімнің өзін, модельдердің жүрісін ойластыру керек. Белгілі бір деңгейде режиссердің де міндетін атқарасың. Музыка таңдауда композиторлармен жұмыс істейсің. Бірнеше жұмысты қатар алып жүруге тура келді, оның басым бөлігін өзім атқардым.

Фото: Ақбота Қасымбектің жеке мұрағатынан
Фото: Ақбота Қасымбектің жеке мұрағатынан

Көрсетілімге 20 ер модель шықты. Олардың подиумдағы жүрісін де көкпардың атмосферасына сай жасағым келді. Модельдер бірінен кейін бірі шығып, көкпардағыдай өзара тартысқа түсті. Бұл көріністі әуел бастан ойластырған едім. Ойымдағы дүниенің сахнада жүзеге асқанын көру мен үшін ерекше болды.

– Бұл сіздің алғашқы кәсіби көрсетіліміңіз болғанын айттыңыз. Жалпы, сән саласына қызығушылығыңыз неден басталды? Мамандық таңдауыңызға отбасыңыздың ықпалы болды ма?

– Киім тігуді шамамен 11 жасымнан бастадым. Уақыт өте келе бұл қызығушылығым үлкен мақсатқа айналды. Өйткені өз ойымды, айтқым келген дүниелерді киім арқылы жеткізгім келді.

Ол кезде қызығушылығым бір ғана дизайнмен шектелмейтін. Бірінші сыныптан он бірінші сыныпты аяқтағанға дейін Қарағандыдағы «SARYARQA» телеарнасында «Қуырмаш» бағдарламасының жүргізушісі болдым. Көркемөнер мектебін тәмамдадым. Музыкалық театр бөлімі мен академиялық вокал үйірмесі бойынша екі дипломым бар. Яғни мектеп кезінде өнердің бірнеше саласымен қатар айналыстым.

Сол кездің өзінде болашақта үлкен тұлға болып, қоғамға пайдалы адам болуды армандайтынмын. Мектеп бітіруге жақындағанда нақты таңдау жасадым. Киім арқылы қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін әлемге танытқым келді. Сөйтіп, киім дизайны мамандығына оқуға түстім. Қазір Қазақ ұлттық өнер университетінде оқимын, биыл төртінші курсқа көштім.

Бұл таңдауыма анамның да ықпалы зор болды. Көзімді ашқалы бері тігіннің ортасында өстім. Анам ұлттық нақыштағы киімдер тігеді. Ол да киім дизайны мамандығы бойынша білім алған, ал кәсібін үш баласын дүниеге әкелгеннен кейін бастаған.

Анам – мен үшін үлкен шабыт көзі. Ол бәрін нөлден бастап, өз күшімен кәсібін қалыптастырды. Кішкентай кезімнен тігіннің қыр-сырын үйретіп, үнемі қолдап отырды. Қазір де ең үлкен қолдаушым әрі басты тірегім.

Бүгінде ата-анам «Ұлжан» сән үйін бірге дамытып келеді. Бұл – біздің отбасылық кәсібіміз. Әзірге менің жеке дүкенім жоқ. Анамның шағын цехында тәжірибе жинап, киімдерімді өзім тігемін.

– Шығармашылығыңызда ұлттық нақышқа ерекше мән беретініңіз байқалады. Бұл бағыт сіз үшін несімен маңызды? Болашақта өз брендіңізді дамыту жоспарыңыз бар ма?

– Ұлттық нақыш менің болмысыммен, дүниетанымыммен тікелей байланысты. Сондықтан оны шығармашылығымның ажырамас бөлігі деп айта аламын.

Түптеп келгенде, бәрі «Мен кіммін?» деген сұраққа келіп тіреледі. Мен қазақпын және бұл мен үшін өте маңызды. Сондықтан алдағы уақытта да осы бағытта жұмыс істей беремін.

Фото: Ақбота Қасымбектің жеке мұрағатынан

Әрине, болашақта өз брендімді дамытқым келеді. Оның атауын да осыдан екі жыл бұрын, екінші курста оқып жүргенімде ойластырып қойғанмын. Брендімді «Ғажайып» деп атадым.

Бұл атаудың өз тарихы бар. Кішкентай кезімнен ғажайыпқа сенемін. Мектепте оқып жүргенімде әшекей бұйымдар жасап сататын шағын дүкенім болған, оны Magic Shop деп атаған едім. Magic қазақша «ғажайып» деген мағынаны білдіреді. Кейін бала кезден келе жатқан осы атау мен сенім болашақ брендімнің атауына айналды.

– Өз тәжірибеңізге сүйенсек, жас дизайнерге кәсіби ортада танылу үшін не қажет?

– Меніңше, Қазақстандағы жас дизайнерлер мамандар мен көпшілік жиналатын түрлі шараларға көбірек қатысуы керек. Байқаулар мен сән көрсетілімдеріне өтінім беріп, жұмыстарын таныстырғаны дұрыс.

Ең бастысы – істеп жүрген жұмысыңды жақсы көру және көп еңбектену. Тоқтап қалмай, үнемі ізденіп, зерттеу керек.

– Ендігі мақсатыңыз қандай? Шығармашылығыңызды алдағы уақытта қай бағытта дамытқыңыз келеді?

– Үлкен мақсатым – кәсіби сәнгер ретінде дамып, өз брендімді халықаралық деңгейге шығару. Қазір сол бағытта жұмыс істеп жүрмін.

«Көкпар» топтамасын сатылымға шығаруды жоспарлап отырмын. Қазірдің өзінде кейбір образдар онлайн сатылымға қойылған. Сонымен қатар топтамамды халықаралық сән алаңдарында көрсеткім келеді.

Маған Нью-Йорк, Грузия және Катардан топтамамды көрсетуге ұсыныстар түсті. Алайда олардың барлығы ақылы болды. Әлі студент әрі жас дизайнер болғандықтан, қатысу құны мен үшін жоғары. Ұйымдастырушылардан демеушілік мүмкіндігін сұрадым, бірақ жауап болмады. Сондықтан әзірге бұл ұсыныстарды жүзеге асыра алмадым.

Фото: Ақбота Қасымбектің жеке мұрағатынан

Алдағы уақытта қазақстандық өнер жұлдыздарымен ғана емес, шетелдік танымал тұлғалармен де жұмыс істегім келеді. Соның ішінде Голливуд жұлдыздарына арнайы образ дайындау – үлкен армандарымның бірі.

Жаңа киім үлгілерін жасап, «Ғажайыпты» дамыта беремін. Ең бастысы, ұлттық мәдениетімізді, соның ішінде көкпардың рухы мен ерекшелігін сән арқылы әлемге танытқым келеді.

– Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Оқи отырыңыз

{