Алматылық оқушы Мансұр-Сойор Досанов әлемдегі ең беделді жоғары оқу орындарының бірі University of California, Berkeley университетіне оқуға қабылданды. Ол математика және физика бағыты бойынша грант жеңіп алып, өз жетістігімен көпшілікті тәнті етті.
АҚШ университетіне түсуге дайындықты Мансұр 2023 жылдан бастап жүйелі түрде қолға алған. Қабылдау кезінде негізгі талаптың бірі саналатын SAT халықаралық емтиханында ол 1600 мүмкін балдың 1530-ын жинаған. Сонымен қатар ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтайтын IELTS емтиханынан 8.5 балл алып, жоғары нәтиже көрсетті. Бұл көрсеткіштер оның ұзақ жылғы еңбегі мен үздіксіз ізденісінің жемісі болды.
Мансұрдың жетістігін ерекше ететін тағы бір жайт – оның бала кезінен церебралды сал ауруымен өмір сүріп келе жатқаны. Соған қарамастан ол білім алып, өз қабілетін дамыту жолынан бас тартпаған. Керісінше, алға қойған мақсатына табандылықпен ұмтылып, өзінің мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдей білді.
Жас талапкердің өмірінде отбасының қолдауы айрықша рөл атқарған. Ата-анасы ұлының білім алуына, дамуына және арманына жетуіне әрдайым жағдай жасап, жанынан табылған. Мансұрдың бүгінгі табысы – отбасы қолдауы мен жүйелі еңбектің жарқын нәтижесі.