Кейінгі жылдары киноиндустрияда атағы жер жарған киноны қайта таспалау трендке айналды. 15, 20, тіпті 30 жылдан кейін жалғасы шыққан фильмдер көрерменмен қайта қауышып, жаңа буынның да талғамына бейімделіп жатыр. Бірақ мұндай жобалардың бәрі бірдей сәтті шыққан жоқ. Қай фильмдер культін сақтай алды, ал олардың режиссерлері қандай тәсіл қолданды?
Топ Ган: Мэверик (1986 → 2022, 36 жыл)
Режиссер Джозеф Косински классикалық фильмнің рухын жоғалтпай, оны заманауи авиациялық технологиямен толықтырды. Фильм актерлердің тамаша ойыны, шынайы трюк, қат-қабат сюжетімен есте қалды. Сыншылар мен көрермен тарапынан жоғары баға алып, культ қайта жанданды. «Оскар» сыйлығын алғаны тағы бар.
Blade Runner 2049 (1982 → 2017, 35 жыл)
Режиссер Дени Вильнев түпнұсқаның баяу, философиялық стилін сақтады.
Визуалды эстетика өзгермеді, жаңа кейіпкерлер қосты. Бұл фильм түсірілім жұмысын ақтап, командаға атақ та, ақша да әкелді. Аудитория жылы қабылдап, 35 жылдан кейін де «өтуге» болатынын көрсетті.
Mad Max: Fury Road (1985 → 2015, 30 жыл)
Режиссер Джордж Миллер франшизаны қайта жандандырып қана қоймай, жаңа деңгейге көтерді. Практикалық трюктер орындап, минималды CGI енгізіп, экшн жанрында эталонға айналды.
Tron: Legacy (1982 → 2010, 28 жыл)
Режиссер Джозеф Косински визуалды стильді толық жаңартты. Фильмдегі Daft Punk саундтрегі көрерменнің сағынышын одан сайын оятты. Бұрынғы атмосферасын сақтап, осылайша аудиторияны ұстады. Алайда сыншылар сценарийін әлсіз деп бағалады.
Режиссер Брэд Берд алғашқы фильмнің энергиясын жоғалтпай жалғастырды.
Сол отбасы динамикасын сақтап, заманауи әлеуметтік тақырыпты қозғады. Анимацияда сирек кездесетін сәтті сиквел болды. Ересектер де, балалар да жылы қабылдады.
Режиссер Дэнни Бойл уақыт факторын басты тақырыпқа айналдырды. Кейіпкерлер қартайып, өткенмен бетпе-бет келді. Ностальгия мен реализм үйлескен жоба көптің сұранысына дөп жауап берді.
Avatar: The Way of Water (2009 → 2022, 13 жыл)
Режиссер Джеймс Кэмерон технологиялық революция жасады. Алғашқы бөлімдегі әсерді одан сайын күшейту үшін заманауи технологияны қолданды. Осылайша, жаңа буынның критерийіне сай келуді ойлады. Осы фильмнің екінші бөлімін көру үшін көрермендер кезекке тұрып, кинотеатрға ағылды.
The Devil Wears Prada (2006 → 2026, 20 жыл)
Басты рөлдегі Мэрил Стрип пен Энн Хэтуэйдің экрандағы химиясы фильмді танымал еткені рас. Сол үшін көпшілік фильмнің екінші бөлімін ұзақ күтті. Олардың әлеуметтік желідегі пікіріне қарасақ, режиссер жұмысын сәтті орындаған сыңайлы. Дэвид Френкель актерлік құрамды өзгерткен жоқ. Көрерменнің осал тұсынан ұстап, заманауи сән индустриясының жаңа кезеңін көрсетті.
Режиссерлер қолданатын негізгі тәсілдер
Араға 15-30 жыл салып шыққан фильмдерді талдай отырып, бірнеше ортақ заңдылықты көруге болады. Біріншіден, режиссерлер ностальгия препаратының дозасын не көбейтпейді, не азайтпайды. Көрерменге таныс элементтерді не локацияны көрсетіп, құрық тастайды. Артынша сол жер жаңа контексте ұсынылады.
Екіншіден, жаңа технологияны қолданып, CGI, дыбыс, түсірілім тәсілдері – бәрін жаңартады. Үшіншіден, уақыт желісін басты сюжет етіп алып, кейіпкерлердің өзгергенін көрсетеді. Төртіншіден, жаңа аудиторияны да естен шығармайды. Жанкүйеріне де, жаңа буынға да түсінікті болуы үшін алтын аралықты ұстауға тырысады.