Емханаларда жұмыс істейтін медбикелердің функциялары кеңейтіледі

10 Қазан 2022, 12:32 1073

Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты

Емханаларда жұмыс істейтін мейіргерлердің функциялары кеңейтілмек. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Ауылда медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған «Пациентке бағдарланған тәсіл» медициналық-санитариялық алғашқы көмектің озық тәжірибелерінің жобалары енгізіліп жатыр. Пациенттерді қолдау қызметі, ақпараттандырылған қоғамдық мониторинг және халыққа кері байланыс тетігі, инфекциялық емес ауруларды ерте анықтау, сондай-ақ дұрыс тамақтану, ер адамдардың денсаулығын жақсарту, баланы дамыту жобалары кеңінен таралып жатыр», - деді А. Ғиният ауылдағы денсаулық сақтау мәселесін талқалуға арналған Үкімет сағатында.

Сонымен қатар ол емханаларда жұмыс істейтін медбикелердің функциялары кеңейтілгенін айтты.

«Олар рецепт жазудан, құжаттарды ресімдеуден басқа, созылмалы аурулары бар пациенттердің динамикаларын қадағалайды, пациенттердің проблемаларын шешуді жоспарлайды. Бұл қадамдарды барлық өңірге тарату, енгізу жүзеге асырылып жатыр», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық емханасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймағына мүше 53 мемлекет үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша демонстрациялық алаң болып танылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзінің Еуропалық аймағының үш елінде, яғни Қазақстанда, Испанияда және Швецияда демонстрациялық алаңдар ашты.

«Емханалар деңгейінде үздік тәжірибелерді енгізумен қатар, көпбейінді орталық аудандық ауруханалар деңгейінде медициналық көмек көрсету тәсілдері жетілдіріліп жатыр», - деді ведомство басшысы.

Бөлісу: