Елордалық ерекше талант иесі

27 Тамыз 2020, 12:18 4972

Дарынды студент Тынысбек Бөпіштай туралы

Адамның құштарлығына қанат болар сезім емес, сенім болуы керек. Сондықтан шын беріле қызықтаған нәрсе адамның жүрегінен ерекше орын алады. Өнер – өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал. Сондай талант иелерінің бірі – Бөпіштай Палманұлы. Бала күнінен басқатырғышқа (кубик рубик) әуестенген жас дарын бүгінде кубик рубиктен танымал тұлғалардың түрлі бейнелерін құрастырып, көпшіліктің назарында жүр. Біз де өз кезегімізде жас студенттен кубик рубиктен портрет жасаудың қыр-сыры жөнінде сұрастырған болатынбыз. 


Кубик рубиктің тарихы

Кубик рубиктің тарихына тоқталар болсақ, венгерлік Эрно Рубик Будапешт Технология және экономика университетінің құрылыс-архитектура факультетін бітіріп, бес жыл бойы ғимараттарды жобалаумен айналысады. Кейін оқытушы болып жұмыс істейді. Бір күні ол Дунайдың жағасында отырып, толқындардың тастарды ары-бері қозғалтқандығына назар аударып, олардан көлемді геометриялық фигура жасауды ұйғарады. Үйіне келіп, кезекті жобасын ойластыра бастайды. Картоннан, пластмассадан және ағаштан кіші көлемді текшелерді жасап, алты түсті қарапайым гамманы таңдайды. 


Осылайша ерекше логикалық басқатырғыш ойын құралын ойлап табады. Бастапқыда ойыншықты өндірушілер оған бей-жай қарап, зияткерлігі жоғары адамдар ғана шеше алады деп түсінеді. Кей өндірушілер кубик рубик шығару үшін сенімсіздік білдіреді. Өндіріске шыққан кубик рубик уақыт өте келе Венгрияда танымал бола бастайды. Кейінірек әлем елдеріне таралады. Бүгінде кубик рубиктің мүмкін болатын миллионнан астам комбинациясы бар. 


Қазіргі уақытта кубик рубикті жинауға байланысты түрлі жарыстар өткізіліп тұрады. Кубикті құрастыру бойынша әлемдік рекорд – 5,66 секундті құрайды. Кубик рубиктен ең бірінші жарыс Будапешт қаласында 1982 жылы өтті. Жарысқа 19 елден келген ұлттық құрамада чемпиондары қатысқан. Қазір кубик рубикке қызығушылық тудыратындардың саны күннен-күнге артып келеді.

«Талант – табиғаттан, талап – өзіңнен»

Тынысбек Бөпіштай Палманұлы – 21 жаста. Жас жігіт Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4 курс студенті, болашақ инженер механик. Түркістан облысы Созақ ауданы Қозмолдақ ауылының тумасы бала кезінен кубик рубикті жинауға қызығып, түрлі бейнелерді құрастырумен әуестеніп келеді. 


– Мен кішкентай күнімнен кубик рубикке қызығушылық танытатынмын. Сол кезден әр түрлі бейнелерді құрастырып жүрдім. Алғашында кубиктен түрлі гүлдердің, жануарлардың, мультфильмдегі кейіпкерлердің бейнесін салып шықтым. Жалпы өзімде мұндай басқатырғыштың (кубик рубиктің) саны – 600. Ал танымал тұлғаларды бейнелеу идеясы уақыт өте келе пайда болды. Бір адамның бейнесін 600 кубиктен жасап шығамын. Ең бірінші портретімді құрастыруға 7-8 сағат уақыт кетсе, қазіргі таңда мен 4 сағатта құрап шыға аламын. Ең алғашқы құрастырған портретім – өзімнің сүйіктіме арналған болатын. Соны instagram әлеуметтік желісіне салу арқылы көп адамның қызығушылығы болғанын байқадым, – деді жас талант. 


Кубиктен портрет жасауға әуестігі артқан Бөпіштай қазақ спортының қара нары, грек-рим күресiнен тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің, ұлы Абайдың 175 жылдың мерейтойына орай Абай Құнанбаевтың және қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың портреттерін құрастырған. Алдағы келе жатқан Ата заңымыздың 25 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың да портретін құрастырып жатқанын айтты.

– «Абайдың даналық сөздері қазақ халқының алтын тұғыры, түп негізімізге үңіліп, ұлттық ұстанымымызды іздеген көптеген ұрпақтың басын біріктіретін мәңгілік рухани тірек болып қала бермек» – деп ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтпақшы, халқымыздың қай тұлғасы болмасын жоғары мәртебеге лайықты деп ойлаймын. Жалпы бір кубикте алты түс болса, оның портретке бес түсі қолданылады. Менің портреттерімнің ұзындығы 1 метр 60 см болса, ені 1 метр 10 см. Кубикті құрап шашуды ең бірінші рет 8 сынып оқып жүргенімде бастаған болатынмын. Сол жылдары кубик құрастыру сәнге айналған еді. Мен содан бастап кубиктің түр-түрін сатып ала бастадым. Үйдің бір бұрышында кубиктерім жиналып тұратын. Кубик құрастырудың сананың дамуына, адамның есте сақтау қабілетіне үлкен әсері бар екенін барлығыңыз білесіздер. Кубик текшесінің баланың білік дағдыларын арттыруға, ойлау қабілетін дамытуға септігін тигізеді. Ал кей адамдар кубик рубикке ойыншық немесе ермек ретінде қарауы мүмкін, – дейді кейіпкеріміз. 


Болашақтан үміті мол студент кубик құрастырудан бөлек, домбыра тартып, қара өлең оқумен әуестенеді.

– Жалпы осы кубик рубикке портреттерді жасағаннан бері менің телефоныма көптеген хабарламалар келді. Олардың ішінде «қазақтың балалары да осындай портретті кубикен құрастыра алады екен ғой, өнерің алға өрлей берсін, жарайсың!» – деген мақтау сөздер көп. Бұл мені қатты қуантады, – деді студент.

Әңгіме соңында талантты жігіт алдағы уақытта шығармашылық байқауларға қатысып, өз өнерін сынап көруге дайын екендігін айтты. Сонымен қатар Бөпіштай портреттерді құрастыру жылдамдығын одан әрі арттырып, танымал тұлғалардың картиналарын бейнелеуді әрі қарай жалғастыруды жоспарлап отыр. Біз өз тарапымыздан өнерлі жас таланттың талабына нұр жаусын дейміз!

Кубик рубик туралы қызықты деректер:


(Суреттер: Кейіпкердің жеке мұрағатынан және yandex.kz сайтынан алынды)
Акжан Ибрагимова
Бөлісу: