Елімізде қанша адам әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тартқан

Елімізде қанша адам әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тартқан

Мадина Асылбекова
Фото: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Қазақстанда 729 азамат мемлекет тағайындаған әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардан өз еркімен бас тартқан. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы қазанда іске қосылған «Әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тарту» цифрлық сервисін осы уақытқа дейін 729 адам пайдаланған. Олар мемлекеттік қолдауға мұқтаж емес екенін ескеріп, өздеріне тиесілі төлемдерді алудан саналы түрде бас тартқан.

Министрлік мұны әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдағы өзара ынтымақтастықтың көрінісі деп бағалайды. Яғни өзін және отбасын өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар азаматтар мемлекеттік қолдауды шынымен мұқтаж адамдарға бағыттауды жөн көрген.

Айта кетейік, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік жәрдемақының 36 түрінің 12-сі бойынша мемлекеттік қолдау көрсету тәртібі өзгереді. Атап айтқанда, көмек атаулылық қағидатына негізделіп, бірінші кезекте шын мәнінде мұқтаж азаматтарға беріледі.

Әлеуметтік төлемдерден бас тартуға арналған сервис eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді. Оның көмегімен жәрдемақы алушылар мемлекеттік мекемелерге бармай-ақ, белгілі бір әлеуметтік қолдау түрінен бас тарту туралы электрондық өтініш бере алады.

Министрлік әлеуметтік төлемдерден бас тарту азаматтардың міндеті емес екенін еске салады. Бұл – әркімнің өз еркімен қабылдайтын шешімі. Сервис, негізінен, материалдық жағдайы жақсы және өзін, отбасын өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар азаматтарға арналған.

Сонымен қатар азаматтардың өмірлік жағдайы өзгерсе, мемлекеттік қолдауды қайта тағайындау туралы өтініш беруіне болады. Мұндай өтініштер қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралады.

Ведомство азаматтарды сақ болуға шақырып, сервисті тек электрондық үкіметтің ресми платформалары – eGov Mobile қосымшасы мен eGov.kz порталы арқылы пайдалануға кеңес береді. Күмәнді сілтемелерге өтпеу және тек ресми ақпарат көздеріне сену қажет.

Оқи отырыңыз

{