Елеусіз қалған бір өлең: ақын Жанна Елеусіз өмірден өтті

Елеусіз қалған бір өлең: ақын Жанна Елеусіз өмірден өтті

Айзат Айдарқызы
Фото: Жазушылар Одағы

Белгілі ақын Жанна Елеусіз 56 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Ақынның артында сыршыл өлеңдері мен жұмбақ болмысы қалды. 

Жанна Елеусіз «өтпестей көрген Өмір, күні ертең бізден қалар…» деп жүріп, Ақтөбенің аппақ бұлтын құшақтаған күйі бұл фәниден кете барды. Өлеңіндегідей «тірісінде – пенде, өлген соң – ұлы» екенін біліп кетті. Алматымен қайта қауышар күнді аңсап кеткені тағы бар. Оның халын «қара жерге құлаған қар» білді, жанын аспандағы Ай түсінді. Өзі жалғыздың күйін кешіп, әдеби ортадан тасада ғұмыр кешті. Өлеңді жаны сүйді, өле-өлгенше ақсүйек поэзия жазды. Сөйтті де қазақ поэзиясының аспанында жауған күзгі жаңбырдай әсер қалдырды. 

Жанна Елеусіз 1970 жылы 22 қарашада дүниеге келген. 1992 жылы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Аудандық «Шалқар» газетінде тілші болып жұмыс істеген. 1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған мүшәйраның жүлдегері атанған.

2004 жылы «Мен сүйетін дүние», 2011 жылы «Тіршілік трилогиясы» атты кітаптары жарыққа шыққан. Сондай-ақ өлеңдері «Жәдігер» атты Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясына, «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен шыққан жергілікті қаламгерлердің 50 томдығына енген.

***

Біз бір күні Алматыдан кетерде...

Өмір,өмір...
Өмір өстіп өтерде
Адам,тегі,қиналмайды бекерге...
Сен де қимай.
Мен де қимай жылармыз.
Біз бір күні Алматыдан кетерде...

Екеуміз де мың қайырар бір Әнбіз.
Жал - құрықсыз.
Жалқы басты құланбыз.
Сен де қимай.
Мен де қимай!
Бір күні...
Алатауды артқа тастап шығармыз...

Ақ бас таудың етегіне жас тамып.
Табандарды тамшы тесер Тас қарып.
Сөйлей алмай.
Қой...дей алмай тұрармыз!
Бордай босап.
Қол қысысып.
Қас қағып...

Сосын.
Сосын...
Осы мұңның бәрі шын :
жақын болып кетеді де алысың!
Қара жолға қасқая кеп шығамыз.
Жалғыздықтың жамылып ап Шәлісін...

Жаудырумен жаутаң көздің жаңбырын.
Үңілеміз өткенге көз талдырып...
Жиырма бірде -
біз екеуміз қайтамыз!
Он сегізді Алматыға қалдырып...

Арман болып - біздер талай іздеген!
Үміт болып.
Түндерде көз ілмеген...
Махаббат боп.
Машақат боп меңіреу!
Бұл Алматы...қоштасады Бізбенен.

Сағыныштан талай көрген түсімде.
Ұқсастық бар түрінде де,ісінде.
Өкінемін...
Өлең сүйген өрім Қыз
қап қояды жатақхана ішінде...

Өкінемін!..
Бұны да көөп айтқанбыз.
Басымыздан Қаз да ұшып.
Қайтқан Күз.
Қап қояды көп бөлменің бірінде
жарым түнде жандай сырын айтқан Қыз...

Бәрі...Бәрін...
Санасаң сан жетер ме...
Адам,сірә,қиналмайды бекерге...
Сен де қимай.
Мен де қимай жылармыз...
Біз бір күні Алматыдан кетерде!

Жүректері мың шертілер күй аңсап.
Арман қуған Қыздар едік - ұялшақ...
Алматыдан Біз кетеміз бір күні -
Бір Көрісу үшін тағы жиі аңсап..

***

Сен де бөтен. Мен де саған бөтенмін…
Өз мұңымды өзім үнсіз көтердім…
Сен де қиын. Мен де саған қиынмын..
шілдедегі аспандай сап тыйылдым…

Сен де жаңбыр. Мен де сондай жаңбырмын!
Жауғызбаған, жауа алмаған тағдырмын…
Сендегі аспан…мендегі көк тамаша.
Тек оңаша жылайтының болмаса..

тек оңаша жылайтыным болмаса…
Сен де кешір…мен де сені кешіргем…
кетпейтінім болмаса тек есіңнен…
кетпейтінің болмаса тек есімнен!..

***

...ақ қаланы қап - қара Бұлт қамады.
Шер ме? Мұң ба - бұл Бұлттың ұрттағаны?
Жанға батып - жаманның оттағаны!
Жанға батып - жақсының сырттағаны...

Қап - қара Бұлт құшақтап Ақтөбені!
Таңдайына тұнығын сап көреді.
Түңілмеңдер! Түнерсе - бауырына ап,
өз Жүрегін ол өзі шақ келеді...

Болса - айтар еді әлгі Ауа тілі :
- осы ғой,деп,жаныңа Дауа түбі!..
...Қасиет пе,дүние,Қасірет пе -
қара бұлттар Әппақ боп жауатыны?!.

Жерге жетер - сері ақын,сал ақыны.
Жоқтайды жоғалтқанын Дала түбі!..
...Қасірет пе,дүние,Қасиет пе?!
Әппақ бұлттар - Аспанда қалатыны...

***

Халымды сұрамаңдар.
Жүрегімде белгісіз бір алаң бар!
Бір түсінсе, түсінер мені жалғыз –
қара жерге аспаннан құлаған Қар.
Сынамаңдар!
Азабына пейіштің шыдағам бар.
Алып-ұшып мен-дағы жетіп едім, –
Періштесіп мұнда да жүр адамдар...
Ұнамады.
Бұларың ұнамады.
Бақыттарың бар болсын – құрамалы...
Көктем сайын еритін мен бе десем...
Адамдардың екен ғой Күнәлары!
Қайғыларың Құдайдан үлкен бе еді?
(Құрсыншы... түртем нені...)
– Қарамын мен! Ағартшы...
– дей алатын
қарапайым сағындым бір Пендені!

...жинаймын деп бір нәзік желең - Айдан,
өледі - жауып Бұлттар. Өледі - ойдан.
...ал,сендер,құдайым - ау,сұрайсыңдар :
- келеді Өлең қайдан?
Өлең - қайдан...

***

...айтпа - оларға.
Айтпа енді - Сырыңды.
Көрсетпе де - мұң торлаған Жүзіңді.
Сайтан болып кеткендігін білмейді -
Сағыныштың жендеттері бүгінгі...
Келісейік.
Сен де мендей үндеме.
Біздер жоқта бақ та қонар - бүргеге.
Көр де тұр!
Жасайды әлі балшықтан
қол,аяғы қыбырлаған - бірдеңе.
- Ми ма?..десе :
- мишық...дей сал,басыңда.
Оны да олар түсінбейді,расында.
Сен - Махаббат,
мен - Сағыныш екеуін
жеткізейік сөйтіп анау Ғасырға...

Оқи отырыңыз

{