Елена Рыбакина US Open чемпионы атанды: Қазақстан теннисінің жаңа белесі

Елена Рыбакина US Open чемпионы атанды: Қазақстан теннисінің жаңа белесі

Асқар Таудай
Фото: ҚР теннис федерациясы

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина әлемдік теннис тарихындағы кезекті ірі белесті бағындырды. Елдің бірінші ракеткасы Нью-Йоркте өткен US Open-2026 турнирінің финалында әлемнің үздік теннисшілерінің бірі Арина Соболенконы жеңіп, алғаш рет АҚШ Ашық чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Маусымдағы соңғы «Үлкен дулыға» турнирінің шешуші кездесуінде қазақстандық спортшы мен Беларусь өкілі үш сет бойы тартысты ойын өрнегін көрсетті. Екі сағат 21 минутқа созылған матчта Рыбакина 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Финалдағы тартыс алғашқы минуттардан-ақ жоғары деңгейде өтті. Рыбакина алғашқы сетте қарсыласынан басым түсіп, 6:4 есебімен алға шықты. Алайда Арина Соболенко екінші партияда қарымта қайтарып, 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Шешуші үшінші сетте қазақстандық теннисші өз мүмкіндігін толық пайдаланды. Рыбакина қарсыласына қысым жасап, маңызды сәттерде тұрақты ойын көрсетті. Нәтижесінде үшінші партия 6:2 есебімен аяқталып, Елена Рыбакина US Open чемпионы атанды.

Матч барысында қазақстандық теннисші 12 эйс жасап, бес рет қос қателікке жол берді. Сонымен қатар ол 12 брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды.

Бұл – 27 жастағы Елена Рыбакинаның спорттық мансабындағы үшінші «Үлкен дулыға» титулы. Бұған дейін ол 2022 жылы Уимблдон турнирінде жеңіске жетсе, биылғы маусымда Australian Open жарысының да чемпионы атанған еді.

US Open-дегі жеңіс Рыбакинаны әлемдік рейтингтің жаңа шыңына шығарды. Турнир қорытындысы бойынша қазақстандық теннисші 9901 ұпай жинап, әлемнің бірінші ракеткасы атанады. Ал соңғы екі маусымда US Open турнирінің жеңімпазы болған Арина Соболенко екінші орынға түседі.

Осылайша, Қазақстан өкілі тек кезекті ірі титулды жеңіп қана қойған жоқ, әлемдік теннистегі көшбасшылық орнын да нығайтты. WTA деңгейіндегі жалпы титулдарының саны 14-ке жетті.

Жеңістен кейінгі баспасөз мәслихатында журналистер Елена Рыбакинадан тарихи жетістікті қалай атап өтетіні туралы сұрады. Қазақстандық спортшы бұл қуанышты командасы және жақындарымен бірге бөлісетінін айтты.

Достарыммен, командаммен бірге міндетті түрде атап өтемін. Олар маған өте көп көмектесті. Әзірге нақты не істейтінімізді білмеймін, бірақ көңілді болатынына сенімдімін, - деді Елена Рыбакина.

Қазақстандық теннисшінің тарихи жеңісі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалған жоқ. Президент Елена Рыбакинаны АҚШ Ашық чемпионатындағы жеңісімен құттықтап, оның жетістігі қазақстандық спорт үшін маңызды екенін атап өтті.

Бұл – Сіздің әлемнің бірінші ракеткасы атағына лайық екеніңізді растайтын тамаша табыс. Сіз тағы да асқан шеберлік пен табандылық танытып, жоғары мәдениетіңізбен көпшілікті тәнті еттіңіз. Қазақстан халқы жетістіктеріңізді мақтан тұтады, - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Президент Рыбакинаның кәсібилігі мен табандылығы Қазақстандағы жас теннисшілер үшін үлкен үлгі екенін атап өтіп, спортшының алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.

Нью-Йорктегі жеңіс Елена Рыбакинаның жеке мансабындағы ғана емес, Қазақстан теннисінің тарихындағы да айтулы жетістіктердің бірі болды. Уимблдоннан басталған жеңіс жолы Australian Open және US Open чемпиондықтарымен жалғасып, қазақстандық теннисшіні әлемдік рейтингтің ең биік сатысына шығарды.

Ендігі мақсат – көшбасшылық орынды сақтап қана қоймай, әлемдік теннистегі жаңа рекордтарға ұмтылу. Ал Нью-Йорктегі бұл жеңіс Қазақстан спортының жылнамасында ерекше жетістік ретінде қалары анық.

Оқи отырыңыз

{