Қазақстанда электрокөліктер саны жыл сайын артып жатса да, республикалық жолдардағы жағдай әлі мәз емес. Көлік министрлігінің мәліметінше, бүгінде еліміздің негізгі күре жолдарында небәрі 49 электр зарядтау станциясы (ЭЗС) жұмыс істеп тұр.
Ең қызығы, мемлекет бұл инфрақұрылымның санын арттырудан бас тартып, жауапкершілікті «нарықтық сұранысқа» – яғни жеке бизнеске қалдырып отыр. Ал кәсіпкерлер қуаттау бекетін салуға қатты қызығар емес.
Жалпы, Қазақстанда электрокармен алыс сапарға шығу қаншалықты орынды? Жүргізушілер діттеген жеріне жетіп жатыр ма? Мемлекет неге қуаттау бекеттерін салуға құлықсыздық танытты?
«Электрлі болашаққа» қатысты мемлекеттік деңгейдегі жоспарлар қағаз жүзінде позитивті көрінгенімен, іс жүзінде біздің елде шешілмеген мәселе көп. Басты мәселенің бірі – инфрақұрылым ақсап тұр.
Zeekr автокөлігінің иесі Қанат Закиев Қазақстанда электрокармен алыс жолға шығу нағыз тәуекелге бас тігу деп есептейді. Себебі өзі бұрын жолда қалып қойған. Осы оқиға оған ащы сабақ болыпты.
«Қағаз бетінде бізде бәрі заманауи көрінгенімен, іс жүзінде сервис атымен жоқ. Мен Алматыдан Астанаға қарай жолға шыққанда, қуаттау станцияларының аздығынан үлкен қиындыққа тап болдым. Жол бойындағы станциялардың көбі істемейді немесе қуаты өте төмен. Ең сорақысы, екі қала арасы тұсында көлігімнің қуаты таусылып, жолдың қақ ортасында қалдым. Түн ішінде не көмек, не эвакуатор таба алмадым. Ешқандай қызмет көрсету орталығы жоқ, байланыс нашар. Ақыр соңында көлікті тас жолдың жиегіне тастап, ең жақын деген ауылға дейін бірнеше шақырым жаяу жүруге мәжбүр болдым. Бұл - масқара жағдай. Біздегі инфрақұрылым әзірге мұндай ұзақ сапарларға мүлдем жарамайды, – дейді.
Автоәуесқой Диас Досановтың да қазақстандық сервиске көңілі толмайды. Себебі «кабинеттегі теория бір бөлек, ал А нүктесінен Б нүктесіне қиындықсыз жетуге тырысқан жүргізушінің шынайы тәжірибесі мүлдем бөлек дүние», – дейді.
Күн сайын рульде отырған адам ретінде мен жүйедегі барлық олқылықтарды іштен көріп жүрмін. Көлік желісінің дамуы туралы әдемі есептер бөлек дүние. Ал істен шыққан қуаттау станцияларымен, мегаполистерден тыс жердегі сапасыз сервистермен бетпе-бет келгенде бүкіл ойыңыз күл-талқан болады, - дейді.
Электрокөлік нарығы: Өзбекстан Қазақстанды қалай басып озды?
Біз елдегі инфрақұрылымға қатысты олқылықтарды талқылап, «діттеген жерге қалай жетеміз» деп бас қатырып жүргенде, іргедегі көршіміз – Өзбекстан электрлі көштің алдына шығып үлгерді. 2026 жылдың басындағы мәліметтер бойынша, Өзбекстандағы электрокөліктер саны 86 мыңнан асқан. Қазақстандағы көрсеткіштен (шамамен 21 700 көлік) төрт есе көп.
Өзбекстанның өзгелерді шаң қаптырып кетуінің бірден бір себебі – жүйелі мемлекеттік саясатта жатыр. Ала тақиялы ағайын электрокөлікті жай ғана сән емес, стратегиялық басымдық ретінде бекітті.
Ал Қазақстандағы жағдай әлі де «мегаполис ішіндегі жайлылық» деңгейінде қалып отыр. Біздің 21 мың көлігіміздің 70%-дан астамы тек Алматыда жүр.
Автоәуесқой Диас Досанов сол себепі біздің ел бұл салаға дұрыстап ден қоюы қажет деп отыр.
Егер біз Қазақстанды шынымен «электрлі» ел қылғымыз келсе, құрғақ статистиканы қойып, мына үш нақты қадамға көшуіміз керек, – дейді ол.
Станциялардың сапалы мониторингі: Қуаттау бекетінің жай ғана орнатылғаны маңызды емес, оның 24/7 жұмыс істеп тұрғаны маңызды. Бізге әрбір станцияның күйін онлайн көрсететін бірыңғай мемлекеттік реестр мен техникалық қолдау сервисі қажет. Жүргізуші жолда сан соғып қалмауы тиіс.
Трассалық хабтарды дамыту: Қуаттау станцияларын жол жиегіне «шашып тастамай», оларды заманауи демалыс орындарымен, асханалармен және интернетпен жабдықталған кешенді хабтар салу керек. Электрокөлік қуат алғанша, жүргізуші де демалуы қажет.
Техникалық стандарттар мен жеңілдіктер: Тез қуаттайтын (DC) станциялардың санын арттырып, оларды орнататын кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер беру керек. Инфрақұрылым тек мемлекеттің емес, бизнестің де қызығушылығында болғанда ғана алға жылжимыз.
Қазақстанда электрокөлік инфрақұрылымы неге дамымай отыр?
Жүргізушілердің жанайқайы мен сарапшылардың сынына қатысты ресми тараптың да айтар уәжі бар. ҚР Көлік министрлігі елде 49 электр зарядтау станциясы (ЭЗС) жұмыс істеп тұрғанын айтып, оның нақты қай бағыттарда екенін нақтылап берді.
Ең ұзын транзиттік дәліз «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» (Қорғастан Жайсаңға дейін) бойында бар болғаны 18 станция орнатылыпты. Ал Атырау – Орал немесе Ақтөбе – Атырау бағытындағы жүздеген шақырым жолға небары 2 станциядан ғана келеді екен. Бірақ соған қарамастан министрлік ұстанымын өзгертпек емес. Болашақта зарядтау бекеттерінің санын көбейту бойынша нақты жоспар құрмайтынын ашық айтты.
Министрлік республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойында электр зарядтау станцияларының нақты санын жоспарламайды. Даму нарықтық сұраныс қағидатына негізделеді. Инвесторлар тарапынан қызығушылық болса, жобаларды дербес іске асырады, – дейді Көлік министрлігінің баспасөз хатшысы Дәулет Сәмбетбаев.
Министрлік бүгінде кәсіпкерлерге станция орнату бойынша ешқандай қатаң шектеулер немесе арнайы талаптар қойып отырған жоқ. Бұл сала «нарықтық сұраныс» қағидатымен жұмыс істейтіндіктен, кез келген инвестордың өз жобасын дербес жүзеге асыруға мүмкіндігі бар. Дегенмен станцияны іске қосу үшін тиісті министрліктерден рұқсат алуы қажет. Қазіргі таңда Қазақстандағы электрокарлар нарығының болашағы осы рұқсат алу рәсімдерінің жеделдігі мен кәсіпкерлердің белсенділігіне тікелей байланысты болып тұр. Министрлік өкілдері атап өткендей, инвесторлар тарапынан қызығушылық болған жағдайда, республикалық маңызы бар жолдардағы сервис деңгейі нарықтық жолмен біртіндеп арта түспек.
Бұл - мемлекеттің стратегиялық инфрақұрылым жауапкершілігін толықтай нарық еншісіне қалдырғанын білдіреді. Демек инвестор үшін тиімсіз шалғай жолдарда мемлекет тарапынан ешқандай балама жасалмайды. Мұндай ұстаным жүргізушілерді «инвестор қашан келеді?» деген белгісіздік пен «жапан далада қалып қоймаймын ба?» деген үрейдің арасында қалдырып отыр.
Мақала авторы: Жанель Умарова