28 Қыркүйек, 15:55
Аутизм диагнозы қойылған әлемге танымал адамдарЖапонияда өтіп жатқан Азия ойындарының кезекті жарыс күні Қазақстан құрамасы үшін қуаныш пен өкініш қатар жүрген күн болды.
Дзюдода ел үміт артқан Елдос Сметов пен Абиба Әбужақынова финалға дейін жеткенімен, екеуінің де алтын алу арманы орындалмады. Бокста да шешуші кезеңге келгенде қатарымыз сиреп, финалға Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай ғана жолдама алды.
Соған қарамастан Қазақстан қоржыны жүлдесіз қалған жоқ. Дзюдодан екі күміс, слаломды есуден қола, грек-рим күресінен тағы бір қола түсті. Ал енді бокстағы басты үміт екі финалиске ауып отыр.
Елдос пен Абибаға алтын бұйырмады
Күннің басты назарында дзюдо болды. Қазақстан татамиге төрт спортшысын шығарса, соның екеуі финалға дейін жетті.
48 келіде Абиба Әбужақынова шешуші белдесуде жапониялық Мицуки Кондомен кездесті. Қазақстандық дзюдошы бұл қарсыласқа алдын ала дайындалғанын, әсіресе партердегі күреске ерекше көңіл бөлгенін айтты. Бірақ финалда жапониялық спортшы басым түсті.
Әбиба осымен екінші Азия ойындарында қатарынан күміс жүлде алды. Ханчжоуда да финалға жетіп, екінші орын иеленген еді. Сондықтан бұл жолы оның мақсаты біреу ғана болатын – алтын.
Жоғалтатын ештеңем жоқ еді. Финалда барымды салдым. Өйткені күміс медаль менде бар еді, – деген сөзінің өзінен бұл жеңілістің Абиба үшін қаншалықты ауыр болғанын аңғаруға болады.
Дегенмен көп ұзамай оны тағы бір үлкен сын күтіп тұр. Үш күннен кейін Абиба әлем чемпионатында татамиге шығады. Демек Азиададағы өкінішті ұмытып, қайта күш жинауға уақыт өте аз.
Елдос Сметов те Азия ойындарының алтыны үшін күресті. 60 келіге дейінгі салмақтағы финалда ол жапониялық Хаято Кондомен кездесті.
Белдесу тағдырын бір сәт шешті. Елдос қателесті, қарсыласы сол мүмкіндікті пайдаланып кетті.
Бұл финалдың Сметов үшін орны бөлек еді. Ол екі жылдық үзілістен кейін үлкен жарысқа қайта оралып, бірден Азия ойындарының шешуші белдесуіне дейін жетті. Оның үстіне финалға барар жолда Корея, Моңғолия және Қытай Тайбэйінің мықты дзюдошыларымен күресті.
Елдостың Азия ойындарында алтыны бұрыннан бар. Ол 2014 жылы Инчхонда чемпион атанған. Бірақ араға 12 жыл салып тағы бір мәрте Азиаданың ең биік тұғырына көтерілу мүмкіндігі бұл жолы жүзеге аспады.
Сметовтің өзі де күміске көңілі толмағанын жасырмады.
Қазақ елі, ренжімеңіздер, бұл жолы күміс болып қалды. Алдағы уақытта Олимпиадада да, әлем чемпионатында да алтыннан алқа тағуға бар күшімізді саламыз, – деді ол.
Қазақстанның тағы екі дзюдошысы жүлдеге өте жақын болған. Ғұсман Қырғызбаев 66 келіде, Меруерт Сәрсенова 52 келіде қола медаль үшін күрескенімен, екеуі де бесінші орынмен шектелді.
Осылайша дзюдода финалға екі спортшымыз жеткен күн екі күміспен аяқталды. Медаль бар. Бірақ Елдос пен Абибаның деңгейі мен мақсатын ескерсек, екеуінің де ойында алтын болғаны анық.
Екі боксшымыз финалда
Қазақстан бокстан кез келген жарысқа үлкен мақсатпен барады. Сондықтан бұл спорттағы әр жеңіліс құрамаға да, жанкүйерлерге де ауыр тиетіні рас.
Бұл жолы да құрамда әлемдік деңгейде тәжірибесі бар, үлкен жарыстарда жүлде алған боксшылар аз емес еді. Алайда финалдық кезеңге келгенде олардың көбі жарыстан шығып қалды.
Нәтижесінде алтын үшін Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай ғана жұдырықтасады.
Төрехан Сабырхан жартылай финалдағы жеңісінен кейін өзінің Жапонияға чемпион болу үшін келгенін ашық айтты. Оның үстіне жас боксшы үшін финалдың жеке есебі де бар. Егер қарсы алдынан бұрын Азия чемпионатында жеңілген қарсыласы шықса, сол есені қайтаруға ниетті.
Махмұд Сабырхан 55 келіде филиппиндік Карло Пааламмен тартысты айқас өткізіп, 2:3 есебімен жеңілді. Ол үшін бұл жеңіліс тіпті ауыр болды. Өйткені Махмұд Азиадаға чемпиондықты көздеп келгенін жасырмады.
Наталья Богданова да финалға бір қадам қалғанда тоқтады. 75 келідегі жартылай финалда үндістандық Ловлина Боргохайнға 2:3 есебімен есе жіберді.
Алуа Балқыбекова 51 келіде вьетнамдық Тхи Там Нгуеннен жеңіліп, қола жүлдеге ие болды.
Осылайша бірнеше салмақта алтыннан үміт болғанымен, шешуші жекпе-жектерге Төрехан Сабырхан мен аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбай ғана жетті. Айбек жартылай финалда үндістандық Нарендерді жеңіп, 2 қазанда алтын үшін қолғап түйістіреді.
Енді бокстан Қазақстан құрамасының Азиададағы нәтижесіне соңғы бағаны осы екі финал береді.
Слаломда екі қола
Күннің жағымды жаңалығы слаломды есуден келді.
Анастасия Ананьева әйелдер арасындағы бір адамдық каноэ жарысында 127,32 секунд нәтиже көрсетіп, қола медаль алды.
Оған дейін Александр Коробов ерлер арасындағы бірлік-байдаркада үшінші орынға ие болған еді. Ол қашықтықты 94,48 секундта бағындырды.
Осылайша Қазақстан слаломды есуден Азия ойындарында екі қола жүлде еншіледі. Үлкен назар көбіне бокс, күрес пен дзюдоға ауғанымен, мұндай спорт түрлерінен алынған әр жүлденің маңызы бөлек.
Шермаханбет қола алды
Грек-рим күресінде Қазақстан қоржынына Мейіржан Шермаханбет жүлде салды.
67 келіде өнер көрсеткен балуан үшінші орын үшін белдесуде моңғолиялық Ганбаяр Намсрайды 11:0 есебімен айқын жеңді.
Мейіржан бұған дейін Ханчжоудағы Азия ойындарында күміс алған еді. Бұл жолы тұғырдың үшінші сатысына көтерілді.
Ал 87 келіде Шамиль Ожаев қола үшін өзбекстандық Жалгасбай Бердимуратовпен күресіп, 1:9 есебімен жеңілді. Ол жарысты жүлдесіз аяқтады.
Жалпы алғанда, Қазақстан үшін бұл күнді сәтсіз деуге келмейді. Қоржынға бірнеше жүлде түсті, екі боксшымыз финалға шықты. Бірақ жанкүйер күткен алтын әзірге бұйырған жоқ. Ендеше өзге спортшыларымыздың жолына қарап, соларға тілекші боламыз.
28 Қыркүйек, 15:55
Аутизм диагнозы қойылған әлемге танымал адамдар13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңыз11 Қыркүйек, 12:07
Бала көргенін қайталайды: танымал мультфильмдерді көрсеткенде ата-ана нені ескеруі керек11 Қыркүйек, 09:00
«Ұял» дегенде бетін басады: Челси есімді ит қазақша бұйрықтарды қалай үйренді?