«Елден ұят болады» деген түсінік: несиеге той жасау неге ажырасуға әкеледі?

«Елден ұят болады» деген түсінік: несиеге той жасау неге ажырасуға әкеледі?

Көктем Қарқын
Фото: AI көмегімен жасалды

Қалтасы көтермесе де, «елден қалмайық», «бір-ақ рет үйленеміз» деген түсінікпен несие алып той жасайтындар бар. Алайда бірнеше сағаттық салтанаттың қарызын жас отбасы жылдар бойы өтеуі мүмкін. Несиеге той жасау отбасылық бюджетке қалай әсер етеді? Осы мәселені саралап көрдік.

Есімін атамауды өтінген кейіпкеріміз той жасау үшін несие алып, бірнеше жылдан кейін ажырасып кеткенін айтты.

Кредит алып той жасау – отбасының берекесін қашыратын алғашқы қателік. Тойды ақша жинап жасаған дұрыс. Кредитке той жасағанша, үй алыңдар дер едім. Біздің отбасымыздың бұзылуына да осы себеп болды. Жігітім тойға 5 миллион теңге несие алыпты. Кейін ата-анасы «өздерің төлеңдер» деді. Ал біз Алматыда пәтер жалдап тұрдық. Бұл жақта өмір сүрудің қаншалықты қымбат екенін білесіз. Екеуміздің тапқан табысымыз несие мен пәтер ақыдан аспады. Содан ортақ баламыз жоқ кезде ажырасып кетейік деп шештік, – дейді ол.

Той жарысқа айналып кеткен

Бұл мәселенің екінші жағы да бар. Кейбір адамдар үшін той – жай ғана бірнеше сағатқа созылатын мереке емес. Ол – ата-ананың, туған-туыстың қалауы, отбасының беделі мен маңызды дәстүрінің бір бөлігі. Сондықтан жас жұбайлар кейде өз мүмкіндігінен асып түсетін шығынға баруға мәжбүр болады.

Антрополог Динара Әбділданың айтуынша, қазіргі тойдың қарқынды дамуы экономиканың жақсарған кезеңінде қалыптасқан. Ал Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде той-томалақ пен жиындар көбіне далада өткізілген. Кеңес үкіметі тұсында үлкен той жасауға шектеу қойылғаннан кейін адамдар 20-30 адамды үйіне жинап, шағын дастархан өткізетін болған. Кеңес Одағының саясаты әлсіреп, экономикалық жағдай өзгере бастағанда тойға шақырылатын адамдардың саны да біртіндеп көбейген.

Менің зерттеуім бойынша, дәстүрді ақшасы бар адамдар қалыптастырған. 2000 жылдары экономикалық жағдай жақсарғанда ұзату тойлары мейрамханаларда өте бастады. Қалталы азаматтардың жасаған ұзату тойын басқа халық көріп, іліп алып кетті. Бай отбасылардың шақыратын қонағы да көп болған. Мен зерттеген өңірде 2015 жылы осындай бір отбасы мейрамханаға шақыратын қонақтары сыймағандықтан, «беташар» дәстүрін пайдаланып, екінші той жасаған. Бірақ келесі жылы еліміздегі экономикалық жағдай төмендеп, халық үнемдеуге көшті. Дегенмен, менің ойымша, сол кезде экономика тұрақты болғанда, «беташар» екінші той ретінде бөлініп шығып, оны мейрамханада өткізу трендке айналар еді, – дейді антрополог.

Оның айтуынша, ақшасы бар адамдар бір тойға екі асаба жалдап, екі көйлек киіп шығуы да мүмкін. Себебі адамдар өзін ешқашан жаман жағынан көрсеткісі келмейді. Сондықтан тойдағы кейбір әрекеттерін «біздің өңірдің дәстүрі» деп ақтап алатын жағдайлар кездеседі.

Бір күндік тойдың құны қанша?

Finprom зерттеуіне сәйкес, үйлену тойының құны таңдалған форматқа қарай өзгереді. Тек неке қию рәсімін өткізудің өзі шамамен 128,3 мың теңгеден басталады. Бұл сомаға киім, гүл шоғы, неке жүзіктері, фото және видео қызметтері кіреді. Ал қымбат киім мен әшекейлер таңдалса, шығын 474 мың теңгеден асуы мүмкін.

50 адамға арналған шағын Wedding Weekend форматының құны 1 миллионнан 4,2 миллион теңгеге дейін жетеді. Мұнда локация, кейтеринг, киім, неке жүзіктері, декор, фото-видео және тойбастарға кететін шығындар есептеледі.

Ал 300 адамдық дәстүрлі тойдың ең үнемді нұсқасының өзі шамамен 8,7 миллион теңге тұрады. Оның 7,5 миллион теңгесі мейрамхана мен асқа жұмсалады. Егер премиум формат таңдалса, 300 адамдық тойдың құны 57,8 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл сомаға қымбат мейрамхана, декор, бірнеше көйлек, торт, өнерпаздар мен асабаның қызметі кіреді.

14 миллион теңгеге 700 адам шақырған

Мұндай соманы көпшіліктің қалтасы көтермейтіні анық. Дегенмен «көршіден қалмайын», «туыстардан ұят болады» деген түсінікпен кей адамдар той жасау үшін банктен несие алады.

Бір ғана мысал келтірейік. Әлеуметтік желідегі пікірлердің бірінде ипотека саласындағы қаржыгер клиенттерінің бірі туралы жазған. Оның айтуынша, бір отбасы 2023 жылы 10 миллион теңге несие алып, той жасаған. Арада уақыт өтсе де, қарыздың 7 миллион теңгесі қалған. Отбасында бала бар, әйелі декреттік демалыста, негізгі табысты күйеуі тауып отыр.

Күйеуі ай сайын 500 мың табамын дейді. Оларға көмектесуден бірден бас тарттым. Себебі ертең төлей алмай қалатынын көріп тұрмын. «Кредиттеріңізді азайтып келіңіз» деп қайтардым. Біз құр мақтаныш үшін той жасауды қашан қояды екенбіз? Сол тойға келген 200 адамның біреуі саған қазір алғашқы жарна ретінде мың теңге бермейді. Тіпті, көбінің есінде сенің әйеліңнің аты да қалмаған. Атыңда түк жоқ болса да, 4-5 сағат өзіңді ақшасы бар, керемет адам қылып көрсеттің. Одан шынымен керемет болып кеткен жоқсың, – дейді қаржыгер.

Ол Шымкентте 14 миллион теңгеге 700 адам шақырып той жасаған отбасы туралы да жазған. Қазір олардың үй алуға жинаған небәрі 4 миллион теңгесі қалған. Сонымен қатар ер адамның мойнында тағы 3 миллион теңге несие бар.

Тойға жұмсаған ақшаны және қолдарындағы 4 миллион теңгені қайта жинап алды деп ойлайсыздар ғой? Ауылдағы ата-анасының үйін сатқан. «Өмір бір-ақ рет беріледі», «бір-ақ рет үйленемін» деген сөздер ғой адамды құртатын.

Бес сағаттық тойдың қызығы үшін жылдар бойы банкке ақша төлеу – нағыз ақымақтық. Мақтаныш үшін той жасауды тоқтатайық. Егер шынымен той көйлегін кигің келсе, 50-70 адамға қарапайым, бірақ әдемі той жасауға да болады. Ақылмен ойлайтындар қазір кредитке той жасамайды. Ал бүгінгі күнін ғана ойлайтындар банктің құлы болып, жылдар бойы кредит төлеп жүреді, – дейді ол.

«Өмір бір-ақ рет беріледі» деген түсінік

Тойға қатысты шешім қабылдағанда адамдар көбіне эмоцияға беріледі. «Бір-ақ рет үйленеміз», «өмірде бір рет болатын күн», «елден ұят болады», «туған-туыстың бәрін шақыру керек» деген түсініктер шығын көлемін арттыруы мүмкін.

Алайда мұндай шешімнің салдары той аяқталғаннан кейін де жалғасады. Мейрамханадағы бірнеше сағаттық мереке біткен соң, несие төлемі мен басқа да қаржылық міндеттемелер отбасының мойнында қала береді.

Антрополог Динара Әбділданың пікірінше, несиеге той жасаудың себебін тек адамның қаржылық сауатсыздығымен түсіндіру жеткіліксіз. Бұл мәселеге қоғамдағы әлеуметтік қарым-қатынастар да әсер етеді.

Несиеге той жасауды орынды немесе орынсыз деп айта алмаймыз. Бірақ қоғамдағы өзгерістер осыған мәжбүрлеп отыр. Ақша туыстардың, жақын адамдардың қарым-қатынасын бұзады. Сондықтан той жасайтын адамдар қарым-қатынасын сақтап қалу үшін несиеге жүгінеді, – дейді Динара Әбділдә.

Яғни кей жағдайда тойдың көлемін жас жұбайлардың өз қалауы ғана емес, айналасындағы адамдардың күтімі де анықтайды. «Қалай болады?», «кімдерді шақырасыңдар?», «тойды қай жерде өткізесіңдер?» деген сұрақтардың өзі отбасыға белгілі бір әлеуметтік қысым қалыптастыруы мүмкін.

Үлкен той – міндет емес

Той аяқталған соң қонақтар үйлеріне тарайды, музыка тоқтайды, ал естелік ретінде фотосуреттер мен бейнематериалдар қалады. Бірақ несие төлемі жалғаса береді.

Сондықтан тойға жұмсалатын ақшаны тек оның жалпы сомасымен емес, кейінгі ай сайынғы төлемімен де есептеген маңызды. Мысалы, бірнеше миллион теңгелік несие алған отбасы оны қанша жыл төлейтінін, ай сайынғы төлемнің отбасылық бюджетке қаншалықты салмақ түсіретінін алдын ала есептеуі керек.

Қазақта «Көрпеңе қарай көсіл» деген сөз бар. Оның мәні бүгін де өзекті. Той жасау – адамның жеке таңдауы. Біреу үшін 300-500 адамдық үлкен той маңызды болса, енді бір отбасы үшін ең жақын адамдарымен бірге өткізген шағын дастархан жеткілікті болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз

{