22.04.2026
10:50
140
Жаңалықтар

Елдегі автомектептер жаппай тексерілді: жүргізуші куәлігін алу қиындай ма?

Қазақстанда жүргізушілерді даярлау сапасын арттыру мақсатында Ішкі істер министрлігі автомектептердің қызметіне кешенді тексеріс жүргізді. Нәтижесінде, талаптарды бұзған автомектептердің 701 оқу тобының қызметі уақытша тоқтатылды. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті хабарлады.

Министрлік мәліметінше, қазіргі уақытта ел аумағында 727 автомектеп жүргізушілерді даярлау ісімен айналысады. Тексеру шаралары барысында көптеген оқу орындарында материалдық-техникалық база мен оқу процесіне қатысты елеулі кемшіліктер анықталған.

Атап айтқанда, бірқатар автодромдарда жол белгілері орнатылмаған, жол таңбалары салынбаған немесе талапқа сай емес күйде болған. Сонымен бірге, түнгі уақытта тәжірибелік сабақ өткізуге қажетті жарықтандыру жүйесінің жеткіліксіз екені белгілі болды. Мұндай олқылықтар болашақ жүргізушілердің қауіпсіз әрі сапалы білім алуына кері әсер етуі мүмкін.

59 автомектеп заңсыз көлік пайдаланған

Тексеру кезінде кейбір оқу көліктерінің техникалық жағдайы да сын көтермейтіні анықталды. Олардың арасында ақауы бар, қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін көліктер тіркелген. Бұдан бөлек, жүргізушілерді даярлау үшін міндетті техникалық тексеруден өтпеген және сақтандыру полисі жоқ автокөліктерді пайдаланған 59 оқу ұйымы анықталды.

Заңбұзушылықтарды жою мақсатында құзырлы органдар тарапынан 20 арнайы ұйғарым берілді. Сонымен қатар, талаптарды өрескел бұзған оқу топтарының жұмысы тоқтатылып, жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданды.

ІІМ мәліметінше, автомектептердің қызметіне бақылауды одан әрі күшейту үшін оларды ашудың қазіргі хабарлама тәртібінен рұқсат беру тәртібіне көшіру жоспарланып отыр. Яғни, болашақта автомектеп ашу үшін тек хабарлама беру жеткіліксіз болып, арнайы рұқсат алу міндеттелуі мүмкін.

Сондай-ақ автомектептердің жұмысына мемлекеттік бақылау тетіктерін енгізуді көздейтін «Жол жүрісі туралы» заңға өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасы әзірленді. Қазіргі таңда бұл құжат Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр.

Мұндай бақылау шаралары жол қауіпсіздігін арттырып, жүргізушілерді даярлау сапасын жақсартуға бағытталған. Себебі сапасыз дайындықтан өткен жүргізушілер жол-көлік оқиғаларының көбеюіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан мемлекет автомектептердің жұмысына қойылатын талаптарды күшейтуді көздеп отыр.