Эль-Ниньоның әсері: әлемдегі ең құрғақ шөл гүлге оранды

Эль-Ниньоның әсері: әлемдегі ең құрғақ шөл гүлге оранды

Көктем Қарқын
Фото: © Javier Torres / AFP

Атакама шөлі – Жер шарындағы ең құрғақ аймақтардың бірі. Алайда Чилидің солтүстігіне жауған нөсер жаңбыр шөлдің келбетін түбегейлі өзгертті. Әдетте қуаң әрі өсімдік сирек кездесетін кең алқаптар ақ және күлгін түсті гүлдерге көмкерілді.

Бұған Эль-Ниньо климаттық құбылысы себеп болған. Ол әлемнің әр аймағына әртүрлі әсер етеді: кей жерлерде аптап ыстық пен құрғақшылық күшейсе, кей өңірлерде жауын-шашын мөлшері артып, нөсер жауады.

Чилиде жауын-шашынның салдары ауыр болды. Нөсерден 13 адам қаза тауып, шамамен 4 мың үй қираған.

Шөлдегі жасырын тіршілік

Алайда табиғат үшін бұл жаңбыр Атакама шөлінде сирек кездесетін құбылыстың басталуына жол ашты.

AFP басылымының мәліметінше, Атакаманың топырағында ұзақ уақыт бойы өсімдіктердің тұқымдары мен пиязшықтары сақталып, қолайлы жағдайды күткен. Жауыннан кейін ылғал құмды топыраққа әдеттегіден тереңірек сіңіп, өсімдіктердің қайтадан өніп шығуына мүмкіндік берген.

Атакама гүлге оранды

Табиғаттың бұл өзгерісі Сантьяго қаласынан шамамен 800 шақырым солтүстікте орналасқан қорық аумағында анық байқалды. Әдетте қуаң жатқан жерлерде ақ және күлгін гүлдер қаулап өсе бастады.

Бұл құбылыс «гүлдеген шөл» деп аталатын табиғи көріністі қалыптастырды. Ол Атакамада жауын-шашыннан кейін мезгіл-мезгіл байқалады.

Фото: Javier Torres / AFP

Гүлдеу қашан шарықтайды?

Мамандардың мәліметінше, гүлдеу кезеңінің шарықтау шегі қазан айына сәйкес келеді. Сол кезде гүлдер Атакаманың шамамен 15 мың гектар аумағын қамтуы мүмкін.

Атакамадағы бұл көрініс шөл экожүйесінің ерекшелігін көрсетеді: өсімдік тұқымдары мен пиязшықтары ұзақ уақыт бойы құрғақ топырақта сақталып, қолайлы жағдай туған кезде қайтадан тіршілікке келе алады.

Оқи отырыңыз

{