Эль-Ниньо күшейіп келеді: жыл соңында Қазақстанда ауа райы қандай болады

Эль-Ниньо күшейіп келеді: жыл соңында Қазақстанда ауа райы қандай болады

Көктем Қарқын
Фото: stena.ee

Тынық мұхитында қалыптасатын Эль-Ниньо климаттық құбылысы күшейіп келеді. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) оның шарықтау шегі 2026 жылдың соңына қарай болуы мүмкін деп болжайды. Бұл құбылыс әлемнің әр түкпіріндегі ауа райы мен климатқа әсер еткенімен, оның Қазақстанға ықпалы тікелей емес.

«Қазгидромет» мамандары 1951-2025 жылдар аралығындағы бақылау деректерін талдап, Эль-Ниньо кезеңдерінде Қазақстанның кей өңірлеріндегі жауын-шашынның өзгеруіне қатысты белгілі бір заңдылықтарды анықтаған.

Эль-Ниньо дегеніміз не?

Эль-Ниньо – Тынық мұхитының экваторлық бөлігіндегі мұхит беті суларының әдеттегіден жылынуымен байланысты табиғи климаттық құбылыс. Ол мұхиттың өзімен ғана шектелмей, атмосфералық циркуляцияға да әсер етеді.

Соның салдарынан ауа массаларының қозғалысы, циклондардың бағыты және жауын-шашынның таралуы өзгеруі мүмкін. Осы процестер арқылы Эль-Ниньо Қазақстанның ауа райына жанама ықпал етеді.

75 жыл бақылау жүргізген

«Қазгидрометтің» 1951-2025 жылдардағы мәліметтерін талдау Эль-Ниньо кезінде суық маусымдағы жауын-шашын мөлшерінің Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөлігіндегі кейбір аймақтарда белгілі бір ерекшелікке ие болатынын көрсеткен.

Бұл заңдылық әсіресе Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Жетісу облысында айқынырақ байқалады. Ал елдің солтүстік бөлігіне қарай Эль-Ниньо мен жауын-шашын арасындағы байланыс әлсірей түседі.

Яғни Тынық мұхитындағы құбылыстың Қазақстанға әсері елдің барлық аумағында бірдей болмайды.

Ғалымдар Эль-Ниньо мен Қазақстандағы ауа температурасы арасында тұрақты байланыс бар деген қорытындыға келген жоқ.

Әсіресе солтүстік және шығыс өңірлердің температурасына Эль-Ниньодан бөлек көптеген ірі атмосфералық процестер әсер етеді. Олардың қатарында Арктикалық және Солтүстік Атлантикалық тербелістер, Сібір антициклоны және атмосфералық циркуляцияның ерекшеліктері бар.

Сондықтан Эль-Ниньоның күшеюіне қарап, Қазақстанда алдағы маусым міндетті түрде ыстық, суық немесе құрғақ болады деп айтуға болмайды.

Көпжылдық бақылаулар климаттағы белгілі бір заңдылықтарды анықтауға көмектеседі. Алайда олар нақты бір маусымда Қазақстанның қай өңірінде қандай ауа райы болатынын дәл болжауға мүмкіндік бермейді.

Мамандардың айтуынша, ДМҰ жариялайтын Эль-Ниньоға қатысты бағалаулар жаһандық климаттық процестердің ықтимал өзгерісін сипаттайды. Оларды Қазақстандағы нақты ауа райының болжамы ретінде қабылдауға болмайды.

Эль-Ниньо неге маңызды?

Бұл құбылыстың ерекшелігі – оның әсері қалыптасқан аймақтан мыңдаған шақырым қашықтағы елдерде де сезілуі мүмкін. Сондықтан метеорологтар Эль-Ниньоны жаһандық климаттық процестердің маңызды факторларының бірі ретінде бақылайды.

Ал Қазақстан үшін оның ықпалы көбіне атмосфералық циркуляция мен жауын-шашын режимінің өзгеруі арқылы байқалады. Дегенмен нақты ауа райын анықтау үшін Эль-Ниньомен қатар басқа да климаттық факторлар ескеріледі.

ДМҰ деректеріне сәйкес, 2026 жылдың соңына қарай Эль-Ниньо өзінің шарықтау шегіне жетуі мүмкін. Оның әсері 2027 жылдың ақпанына дейін сақталуы ықтимал. Бірақ бұл Қазақстанда міндетті түрде қандай да бір нақты ауа райы сценарийі болады дегенді білдірмейді.

Бұған дейін биылғы аптап ыстықтың Эль-Ниньомен байланысты екенін жазғанбыз.

Оқи отырыңыз

{