30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыБиыл Еуропа, Солтүстік Америка мен Азияның бірқатар елдерінде ауа температурасы тарихи рекордтарды жаңартып, орман өрттері, құрғақшылық пен адам өлімі көбейді. Ғалымдар мұны кездейсоқ табиғи құбылыс емес, жаһандық жылынудың нақты салдары деп бағалап отыр.
Аптап ыстықтың артында қандай құбылыс тұр?
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (WMO) мәліметінше, 2026 жылдың ортасынан бастап әлемде Эль-Ниньо климаттық құбылысы жүріп жатыр. Ұйымның болжамына сәйкес, жаз айларында Эль-Ниньоның даму ықтималдығы 80 пайызға жуықтаса, күзге қарай бұл көрсеткіш 90 пайыздан асады.
Эль-Ниньо – Тынық мұхитының экваторлық бөлігіндегі су температурасының қалыптан тыс жылынуынан туындайтын табиғи климаттық цикл. Ол атмосферадағы ауа айналымын өзгертіп, әлемнің әртүрлі өңірінде аптап ыстықты, құрғақшылықты, орман өрттерін немесе керісінше, нөсер жауын мен су тасқынын күшейтуі мүмкін.
Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Маликованың айтуынша, қазіргі климаттық өзгерістерге бірнеше фактор әсер етіп отыр.
Эль-Ниньо құбылысы жер бетіндегі температураның жаппай көтерілуіне ықпал етеді. Биыл басталған бұл процесс келесі жылы да жалғасады. Сонымен қатар АҚШ ғарышқа айнамен жабдықталған спутниктік құрылғыларды ұшырып жатыр. Оның да климатқа белгілі бір деңгейде әсері бар. Бұған қоса, дамушы елдерден атмосфераға бөлінетін ластаушы заттардың көлемі азаймай отыр. Себебі ауаға тараған зиянды заттар жоғалып кетпейді. Массаның сақталу заңына сәйкес олар атмосферада қалып, күн сәулесінің кері шағылуына әсер етеді. Соның салдарынан Жердің жылыну процесі күшейіп келеді, – дейді Лаура Маликова.
Осылайша эколог қазіргі рекордтық ыстықты тек Эль-Ниньомен байланыстыру қате екенін айтты. Оның пікірінше, басты себеп – адамның іс-әрекетінен туындаған жаһандық климаттың өзгеруі. Эль-Ниньо тек осы процесті одан әрі күшейтіп отыр.
Әлемнің ең ыстық жазының бірі
Биыл Франция, Испания, Грекия және Италияда ауа температурасы бірнеше күн бойы 40 градустан асып, кей өңірлерде тарихи рекордтар тіркелді. Құрғақшылық пен күшті желдің салдарынан мыңдаған гектар орман өртеніп, жүздеген мың адам эвакуацияланды.
Германияда жүргізілген алдын ала бағалаулар бойынша, жыл басынан бері аптап ыстыққа байланысты шамамен 9,8 мың адам көз жұмған. Ұлыбританияда да ыстықтан болатын өлім-жітім соңғы жылдардағы ең жоғары деңгейге жақындады.
Қытайда ұзаққа созылған ыстық электр энергиясын тұтынуды күрт арттырып, ауыл шаруашылығына қауіп төндірсе, АҚШ-та орман өрттері мен электр желілеріне түсетін жүктеме күшейді.
Ғалымдар не дейді?
Халықаралық World Weather Attribution (WWA) зерттеу тобының жедел талдауына сәйкес, адам әрекетінен болған климаттың өзгеруі Франциядағы өрт қаупі жоғары ауа райының қалыптасу ықтималдығын екі есеге, ал Испанияда жиырма есеге арттырған.
Ғалымдардың бағалауынша, Жердің орташа температурасы индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда шамамен 1,4°C-қа көтерілген. Сондықтан қазіргі ыстық толқындары бұрынғыдан әлдеқайда жиі, ұзақ әрі қарқынды болып отыр.
Scientific Reports журналында жарияланған зерттеу Оңтүстік Еуропада орман өрті қаупі жоғары күндердің саны соңғы онжылдықтарда 10 күннен 25 күнге дейін көбейгенін көрсетеді. Ал мұндай күндердің қарқындылығы шамамен 50 пайызға күшейген.
Климатологтар биылғы жағдайдың бірнеше фактордың қатар келуінен туындағанын айтады. Қыста және көктемде жауын-шашын мол жауып, өсімдіктер қалың өскен. Кейін басталған ұзақ құрғақшылық кезінде сол өсімдіктер толық кеуіп, күшті желмен бірге ірі орман өрттерінің таралуына қолайлы жағдай қалыптастырған.
Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропаны әлемдегі ең жылдам жылып жатқан құрлық деп бағалап, мұндай ыстық толқындары алдағы онжылдықтарда қалыпты құбылысқа айналуы мүмкін екенін ескертті.
Франция климатқа бейімделе бастады
Ұзақ жылдар бойы Францияда кондиционерлерге сақтықпен қаралатын. Себебі олар электр энергиясын көп тұтынып, қоршаған ортаға қосымша салмақ түсіреді деген пікір басым болды. Алайда биылғы бірнеше аптап ыстық толқыны бұл көзқарасты өзгертті.
Франция үкіметі тұрғын үйлерді ыстыққа бейімдеуге арналған жаңа жоспар қабылдап, көппәтерлі үйлерде кондиционер, сыртқы жалюзи және төбелік желдеткіш орнатуға қатысты бюрократиялық рәсімдерді жеңілдетуге кірісті. Сонымен қатар тұрғындарға арнайы эконесиелер арқылы қаржылай қолдау көрсету тетіктері қарастырылып жатыр.
Тағы бір маңызды өзгеріс – тұрғын үй сапасын бағалау талаптарының жаңаруы. Енді ғимараттың тек қыста жылы болуы ғана емес, жазда салқын болуы да маңызды көрсеткіш ретінде қарастырылады.
Тек кондиционер мәселені шешпейді
Франция мамандары мәселені тек кондиционер арқылы шешу мүмкін емес екенін айтады. Сондықтан елде қалаларды табиғи жолмен салқындатуға басымдық берілуде.
Париж, Лион және басқа қалаларда:
Лион қаласында тұрғын үйлердің ішкі температурасы тұрғын үйдің жайлылығын бағалайтын жаңа өлшемдердің біріне айналды. Егер пәтер жазда шамадан тыс қызып кетсе, меншік иесіне оны жаңғырту жөнінде талап қойылуы мүмкін.
Францияның Климат жөніндегі жоғары кеңесі мен халықаралық сарапшылардың пікірінше, көмірқышқыл газының шығарындылары азаймаса, алдағы жылдары аптап ыстық бұрынғыдан да жиілейді.
Бұл тек ауа температурасының көтерілуі емес. Орман өрттері, құрғақшылық, су тапшылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің азаюы және ыстықтан болатын өлім-жітім де арта түседі.
Сондықтан көптеген мемлекет климаттың өзгеруінің алдын алумен қатар, оған бейімделу стратегияларын әзірлеуге кірісті. Францияның тәжірибесі көрсеткендей, бұрын экология үшін тиімсіз деп есептелген шешімдердің өзі бүгінде адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың маңызды құралына айналып отыр.
Ғалымдардың айтуынша, XXI ғасырда аптап ыстық сирек кездесетін табиғи құбылыс емес, адамзат бейімделуге мәжбүр болатын жаңа климаттық шындыққа айналуда.
Қазақстан климатқа қалай бейімделеді?
Климаттың өзгеруі әлем елдерін ғана емес, Қазақстанды да жаңа жағдайларға бейімделуге мәжбүрлеп отыр. Сарапшылардың айтуынша, ендігі міндет – салдармен күресу емес, климаттық тәуекелдерді алдын ала ескеріп, оларға жүйелі дайындалу.
Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Маликованың айтуынша, климаттың өзгеруі бүгінде ғылыми болжам емес, мемлекеттік деңгейде нақты шешімдер қабылдауды талап ететін шынайы үдеріс.
Сондықтан Париж келісімі аясында қабылданған міндеттемелерді қатаң орындау қажет. Климаттың өзгерісі тек халықаралық ұйымдардан немесе басқа елдерден қаржы тарту кезінде ғана көтерілетін мәселе болмауы тиіс. Бұл – дәл қазір жүріп жатқан процесс. Сондықтан оған бейімделу мен дайындықты бүгіннен бастау қажет. Біз Экологиялық кодексті қарау барысында климаттың өзгеруіне бейімделудің ұлттық жоспарын қабылдау туралы бірқатар толықтырулар мен өзгерістер ұсынған болатынбыз. Бұл ұсыныстар қолдау тауып, тиісті өзгерістерге қол қойылды. Олар 8 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Ендігі міндет – осы бағыттағы жұмыстарды проактивті түрде жүргізу, – дейді Лаура Маликова.
Экологтың айтуынша, климаттың өзгеруі Қазақстанның өңірлеріне әртүрлі әсер етеді. Әсіресе елдің оңтүстігінде су ресурстарының азаю қаупі күшейіп келеді.
Қазірдің өзінде климаттың қалай өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Алдағы уақытта Қазақстанның оңтүстік өңірлері су тапшылығы мәселесіне қатты тап болуы мүмкін. Оның үстіне бұл аймақтарда халық тығыз орналасқан. Сондықтан ішкі көші-қон мәселесін де қазірден бастап жоспарлау қажет. Ал «жасанды жаңбыр жаудырып, ауа райын өзіміз басқара аламыз» деген пікірлердің ғылыми негізі жоқ. Мұндай мәселелермен кәсіби мамандар айналысуы керек. Сондықтан экология саласындағы кадрлық саясатты жүйелі түрде реттеу маңызды, – дейді Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды