Кеше, 09:05
Қазақстанда кино суретшісінің еңбегі әлі де толық бағаланбайды – Бекен НарбайЖаз мезгілінде мыңдаған қазақстандық көл мен теңіз жағасында демалады. Алайда көрікті табиғат пен жайлы жағажайдан бұрын су айдынының тазалығына назар аударған жөн. Халықаралық сарапшы, эколог Абай Еркебалан Қазақстандағы көлдер мен теңіздердің экологиялық ахуалына баға беріп, ең таза жағажайды атады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Экологтың айтуынша, Қазақстандағы барлық жағажайдың тазалығына нақты баға беру мүмкін емес. Дегенмен ол экологиялық ахуалға сүйене отырып, елдегі бірқатар танымал демалыс орындарының қазіргі жағдайына тоқталды.
Мен су астын зерттейтін сүңгуір емеспін. Қай жағажайдың таза екенін нақты айта алмаймын. Бірақ эколог ретінде айтсам, Бурабайдағы көлдер әлі де таза емес. Ал ішінде сәл болса да тазасы – Зеренді жақ. Шучинск сулары әлі де тазаланбаған,– дейді Абай Еркебалан.
Экологтың айтуынша, Каспий теңізінің жағдайы басқа су айдындарынан ерекшеленеді. Теңіз суының тұздылығы табиғи ерекшелік болғанымен, Каспийдің шекаралық аймақта орналасуы экологиялық мәселелерді күрделендіреді. Дағыстан сияқты көршілес өңірлерден келетін қоқыстар теңіздің ластануына әсер етіп отыр. Осыған байланысты Каспийді толыққанды тазалау мәселесі әлі күнге дейін жүйелі түрде шешілмеген.
Арал да теңізге жатады. Суы тұзды болғандықтан таза. Ал Балқаш көлі Қытайдан келген сумен ластанып жатыр. Яғни Балқаш Іле өзенімен қосылады. Мұны тазарту мәселесі жолға қойылмаған, – дейді эколог.
Ең таза жағажай – Алакөл
Экологтың айтуынша, Қазақстандағы басты экологиялық мәселелердің бірі – шекаралас елдерден келетін судың сапасын бақылаудың жеткіліксіздігі. Елдегі су қорының шамамен 60 пайызы сырттан келетіндіктен, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей және Қытай аумағынан ағатын өзен суларына тұрақты мониторинг жүргізіп, олардың құрамын бақылауға алу қажет. Сондай-ақ трансшекаралық сулармен бірге келетін ластаушы заттарды анықтап, оларды сүзгіден өткізетін заманауи су тазарту қондырғыларын орнату маңызды.
Сонымен қатар өз ішімізде де суға зиянды қалдықтарды жібермеуіміз керек. Балқаштың маңында «БалқашМед» компаниясы орналасқан. Олар мыңдаған тонна қалдықты өртеп, оның әсері суға түсіп, көлді ластауда. Осындай жағалауды ластап жатқан кәсіпорындар бар. Олармен күрес әлі де бір жолға қойылмаған,– дейді Абай Еркебалан.
Сарапшының пікірінше, су айдындарын тазалау және олардың экологиялық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарға Экология министрлігі, санитариялық станциялар мен санитариялық-эпидемиологиялық органдар белсенді атсалысуы қажет. Сондай-ақ ол экологиялық полиция мен табиғатты қорғау прокуратурасы тарапынан бақылау мен қадағалаудың жеткіліксіздігі салдарынан мұндай экологиялық мәселелер қордаланып отырғанын айтты.
Эколог Қазақстандағы ең таза жағажайлардың бірі Алакөл екенін айтты.
Ең таза жағажай – Алакөл. Ол шынымен таза. Ластанбаған. Сондықтан ең дұрысы – Алакөл. Бірақ ол жаққа көлікпен бару қиын. Ал пойыздың билеті тез сатылып кетуі мүмкін. Биыл қалай екенін білмеймін. Ұшақпен де баруға болады. Екі жыл бұрын тас жолмен барғанда жөндеу жұмыстары жүріп жатқан, – дейді эколог.
Бурабай көлдерінің мәселесі әлі шешілмеген
Абай Еркебаланның айтуынша, Бурабай өңіріндегі экологиялық мәселе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ.
Бурабай, Көкшетау жақта бір ғана көл емес, бірнеше көл бар. 6-7 жыл бұрын сол көлдерді тазалау мәселесі көтерілген болатын. Бірақ бөлінген қаржы жемқорлықпен жұмсалып, Экология министрінің екі орынбасары сотталған. Сол сұрақтар әлі күнге дейін шешілген жоқ. Бурабайдағы көлдерді тазалау жұмыстарын жүргізу керек, – дейді ол.
Экологтың пікірінше, Қазақстандағы су айдындарының тазалығын сақтау үшін тек жағалауды қоқыстан тазалау жеткіліксіз. Шекаралас мемлекеттерден келетін судың сапасын тұрақты бақылап, мониторинг жүргізу, заманауи су тазарту қондырғыларын орнату және өндіріс орындарының қоршаған ортаға әсерін күшейтілген бақылауға алу қажет. Сонымен бірге әрбір азаматтың экологиялық мәдениеті де табиғатты қорғауда маңызды рөл атқарады.
Кеше, 09:05
Қазақстанда кино суретшісінің еңбегі әлі де толық бағаланбайды – Бекен Нарбай1 Шілде, 17:41
Алакөлден Ыстамбұлға дейін: жазғы демалысқа қайда баруға болады?1 Шілде, 17:12
Спорттағы қазақ тілі: сәннен сұранысқа дейін30 Маусым, 14:11
«Керек болып қалар»: үйіңізде бекер шаң басып жатқан 18 зат