eGov 3.0 порталының жаңа нұсқасы іске қосылды: не өзгерді?

eGov 3.0 порталының жаңа нұсқасы іске қосылды: не өзгерді?

Аян Қайырбаев
Фото: gov.kz

Қазақстанда QazTech платформасында әзірленген заманауи eGov 3.0 порталы іске қосылды. Ол мемлекеттік қызметтерді көрсетуді оңтайландыруға, артық талаптарды болдырмауға және инфрақұрылымға жүктемені азайтуға мүмкіндік берді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.  

eGov порталы да өзінің технологиялық мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеп келді. Осыған байланысты жақында QazTech платформасында әзірленген заманауи eGov 3.0 порталы іске қосылды. Қызметтер барынша оңай, пайдаланушы үшін ыңғайлы форматта жинақталды. Талаптар мен қадамдар саны азайды. Сұранысқа ие қызметтердің бір бөлігі жаңа форматта қолжетімді, – деді Жаслан Мәдиев.

Қазақстанда осы жылдың сәуір айында іске қосылған eGov GPT интеллектуалды цифрлық ассистентінің функционалы кеңейтілуде. Сервис азаматтарға өмірлік жағдайдың мәтіндік сипаттамасы бойынша нысандар мен анықтамаларды өз бетінше іздемей-ақ қызмет алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Фото: gov.kz

Бүгінде eGov GPT-де жалпы трафиктің шамамен 30%-ын құрайтын ең сұранысқа ие 50 қызмет қолжетімді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 70%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Азаматтар eGov GPT мүмкіндіктерін 150 мыңнан астам рет қолданып үлгерді. Ол мемлекет пен азаматтар арасындағы барлық мәселелер бойынша әмбебап AI-ассистентке айналуы тиіс, – деп баяндады вице-премьер.

Электрондық үкіметті дамыту және жасанды интеллектті енгізу нәтижесінде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Электрондық үкіметті дамыту индексінде әлем бойынша 24-орында тұр.

Соңғы жылдары Халыққа қызмет көрсету орталықтарына  барған азаматтар саны 30%-ға кеміді. Себебі ЭЦҚ рәсімдеу, көлікті алғаш тіркеу, жер учаскелеріне акт беру, жылжымайтын мүлікке кадастрлық паспорт беру сияқты қызметтер алғаш рет онлайн қолжетімді болды.

Фото: gov.kz

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, осыған байланысты Халыққа қызмет көрсету орталықтарының форматы толығымен өзгеруде. Енді олар кезексіз, ашық әрі жайлы кеңістікке трансформациялануда.

Жалпы аумақтың 70%-ын негізгі бөлігін экспресс-аймақ алады. Онда қызметтерді eGov GPT цифрлық көмекшісі орнатылған өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы дербес алуға болады. Сонымен қатар офисте консультант көмек көрсететін сараптамалық және оқыту аймақтары да бар. Алғашқы заманауи офис Жезқазған қаласында ашылды. Кейін цифрлық офистер Түркістан, Астана және Сәтбаев қалаларында жұмысын бастады. Небәрі бірнеше айдың ішінде цифрлық офистер 4 мыңнан астам адамға қызмет көрсетті, – деп атап өтті вице-премьер.

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов цифрлық ортада деректерді қорғау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейту қажеттігіне назар аударды.

Дербес деректерді қорғау туралы жаңа айтып өттіңіз. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? Өте өзекті мәселе, бұл салада темірдей тәртіп болуы керек, – деп атап өтті Премьер-министр.

Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрландыру министрі Жаслан Мәдиев киберқауіпсіздікті күшейту және дербес деректерді қорғау жөніндегі шаралар туралы баяндады.

Оның айтуынша, дербес деректерді цифрландыру және қорғау, телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері жөніндегі заңдарда мемлекеттік дерекқорлармен жұмыс істеуге, телефон алаяқтығына қарсы іс-қимылды күшейтуге және биометриялық сәйкестендіруді терең фейктерден қорғауға қосымша талаптар енгізіледі. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің мониторингі тәулік бойы жүзеге асырылуда, ал eGov-та азаматтарға өздерінің дербес деректеріне өтініштерді бақылау қолжетімді. 

Оқи отырыңыз

{