Егіздер ана құрсағында жатып қатерлі ісікке шалдыққан: дәрігерлер сирек кездесетін жағдайды зерттеді

Егіздер ана құрсағында жатып қатерлі ісікке шалдыққан: дәрігерлер сирек кездесетін жағдайды зерттеді

Мадина Асылбекова
Фото: unsplash.com/Suhyeon Choi

Ұлыбританиялық дәрігерлер медицинада өте сирек кездесетін жағдайды зерттеп, қатерлі ісіктің ана құрсағында жатқан бір егізден екіншісіне ортақ плацента арқылы тарағанын анықтады.

Өкінішке қарай, екі сәби де дүниеге келгеннен кейін көп ұзамай көз жұмған. Алайда олардың генетикалық материалын зерттеу ғалымдарға ісіктің бір баладан екіншісіне қалай өткенін анықтауға және егіздердің қалыптасуына қатысты тосын жайтты байқауға мүмкіндік берді. Зерттеу нәтижелері Nature Communications ғылыми журналында жарияланған.

Оқиға жүктілік кезінде ұрықтарды тексеру барысында белгілі болған. Дәрігерлер егіздердің бірінің бетінен көлемді ісік байқап, жүктіліктің 34-аптасында кесарь тілігі арқылы босандыру туралы шешім қабылдаған. Алайда нәрестелер дүниеге келген соң, қатерлі ісіктің екі баланың да ағзасына таралып үлгергені анықталған. Дәрігерлер сәбилердің өмірін сақтап қала алмады.

Отбасының келісімін алғаннан кейін Уэллком Сэнгер институтының және басқа да ғылыми ұйымдардың зерттеушілері балалардың генетикалық материалын жан-жақты талдаған. Олар сәбилердің өзінен және ісік тіндерінен алынған жасушалардың толық геномын зерттеп, мутациялардың қай кезеңде пайда болғанын анықтауға тырысқан.

Осы талдау арқылы ғалымдар қатерлі ісіктің даму барысын қалпына келтіріп, оның бір егізден екіншісіне қалай тарағанын түсіндіре алды.

Қатерлі ісік екінші сәбиге қалай жеткен?

Қатерлі ісіктің бала дүниеге келмей тұрып пайда болуының өзі өте сирек кездеседі. Ал оның біржұмыртқалы егіздердің екеуінен де анықталуы – тіпті ерекше жағдай.

Ғалымдардың айтуынша, мұндайда екі ықтимал нұсқа болуы мүмкін. Біріншісі – екі балада да ортақ тұқым қуалайтын мутацияның әсерінен ісік дербес пайда болады. Екіншісі – қатерлі ісік жасушалары бір ұрықтан екіншісіне өтеді.

Бұл жолы генетикалық зерттеу екінші нұсқаны қолдаған.

Зерттеушілер пайымдауынша, қатерлі ісік әуелі А егізінде пайда болған. Ісіктің бастапқы ошағы оның бет тұсында орналасуы мүмкін. Кейін ауру баланың ағзасына таралып, қатерлі жасушалар ортақ плацентадағы қан айналымы арқылы екінші егізге өткен.

Ғалымдар бұл құбылыс жүктіліктің соңғы кезеңінде болған болуы мүмкін деп есептейді. Дегенмен нақты уақытын анықтау қиын. Зерттеушілер мұны бір рет болған ерекше оқиға ретінде қарастырып отыр.

Мұндағы маңызды жайт – егіздердің ортақ плацентасы болғанымен, қатерлі ісіктің бірінен екіншісіне міндетті түрде тарайтыны туралы айтуға болмайды. Мұндай жағдайдың ықтималдығы мен оған әсер ететін факторларды түсіну үшін қосымша зерттеулер қажет.

Егіздердің қалай қалыптасқанына қатысты тосын жаңалық

Зерттеу барысында ғалымдар тағы бір қызық жайтты байқаған. Талдау нәтижесінде плацентаның жасушаларының басым бөлігі Б егізіне тиесілі екені анықталған.

Бұл нәтиже зерттеушілерді егіздердің ерте даму кезеңіне қатысты болжам жасауға итермеледі. Олардың пайымдауынша, А егізі ұрықтанған жұмыртқаның бастапқы даму кезеңінде пайда болған бір жасушадан қалыптасып, кейін эмбрионның бөлінуі нәтижесінде екі ұрықтың бірі болуы мүмкін.

Бұл болжам біржұмыртқалы егіздердің қалыптасуы туралы кең тараған түсінікпен толық сәйкес келе бермейді. Классикалық модель бойынша, бастапқы эмбрионның жасушалары болашақ екі егізге бөлініп, ортақ плацентада екі баланың да жасушалары болады деп күтіледі.

Алайда ғалымдар бір ғана ерекше жағдайға сүйеніп, егіздердің қалыптасу механизмі туралы жалпы қорытынды жасауға әлі ерте екенін атап көрсетеді.

Зерттеу тобы мұндай құбылыстың басқа жағдайларда да кездесетін-кездеспейтінін анықтау үшін генетикалық зерттеулерді жалғастыруды жоспарлап отыр.

Бұл оқиға қатерлі ісіктің жатырішілік кезеңде қалай дамитынын ғана емес, біржұмыртқалы егіздердің қалыптасу ерекшеліктерін де тереңірек зерттеуге жол ашуы мүмкін.

Оқи отырыңыз

{