7 Шілде, 12:44
Шикі сүт ішеді, етті жақсы көреді: Норвегия қаһарманына айналған Эрлинг Холанн кім?Әлемге әйгілі актер, режиссер және каскадер Джеки Чан Алматы қаласына ресми сапармен келді. Бұл – Голливуд пен Азия киносының аңыз тұлғасының Қазақстанға соңғы жылдардағы кезекті келуі ғана емес, сонымен бірге еліміздің халықаралық киноиндустриядағы рөлінің күшейіп келе жатқанын көрсететін маңызды оқиға.
Бұл жолғы сапар барысында актер Алматыдағы Оқушылар сарайында болып, мектеп оқушыларымен және жасөспірімдермен кездесті. Жас жанкүйерлер әлемдік кино жұлдызымен естелік суретке түсіп, қолтаңба алуға мүмкіндік алды. Мұндай кездесулер жас буынның кино өнеріне қызығушылығын арттырып қана қоймай, халықаралық мәдени байланысты нығайтуға да ықпал етеді.
Құрметті қонақты Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қарсы алды.
Кездесу барысында Джеки Чанға қазақ халқының ерлігі мен қайсарлығының белгісі саналатын қамшы тарту етілді. Сондай-ақ оған жергілікті шеберлер жасаған, Алматының символдарының бірі – Көктөбенің бейнесі бедерленген ұлттық қолөнер туындысы сыйға берілді.
Өнерпаздар қонақтың құрметіне домбыраның сүйемелдеуімен қазақтың халық күйлерін орындап, ұлттық мәдениеттің көркем үлгісін таныстырды.
Джеки Чанның Қазақстанға келуі кездейсоқ емес. Қазір актер басты рөлді сомдайтын «Құдіретті сауыт-сайман 4: Ультиматум» халықаралық фильмінің түсірілімі Қазақстанда жүріп жатыр.
Маусым айында түсірілімнің алғашқы кезеңі Маңғыстау облысында басталды. Алғашқы кадрлар өңірдің ең көрікті табиғи орындарының бірі – Бозжыра шатқалында түсірілді. 7-12 маусым аралығында 35 адамнан тұратын шығармашылық топ осы аумақта жұмыс істеді. Жобаны қазақстандық Sәlem Entertainment пен Dala Edge Creative Tech Park компаниялары жүзеге асыруда.
Маңғыстаудың ерекше табиғаты фильмнің негізгі локацияларының біріне айналды. Сарапшылардың пікірінше, әлемдік прокатқа шығатын картинада Қазақстанның табиғи келбеті кеңінен көрсетілсе, бұл өңірдің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Әлемдік тәжірибеде танымал фильмдер түсірілген орындардың кейін туристер көп баратын бағытқа айналуы жиі кездеседі.
Джеки Чан бұған дейін бұл жоба өзінің Қазақстандағы алғашқы шығармашылық жұмысы екенін айтып, алдағы уақытта қазақстандық серіктестермен тағы да бірлескен жобалар жүзеге асатынын меңзеген болатын. Оның сөзінше, Қазақстанның табиғаты мен ерекше ландшафтары халықаралық кино үшін тың мүмкіндік ашады.
«Құдіретті сауыт-сайман» франшизасы әлем бойынша миллиондаған көрермені бар танымал кинотуындылардың бірі. Сондықтан жаңа фильмде Қазақстанның табиғаты мен тарихи орындарының көрініс табуы еліміздің халықаралық имиджіне оң әсер етуі мүмкін.
Жобаның түсірілімі 2026 жылдың соңына дейін жалғасады деп жоспарланған. Ал фильмнің әлемдік премьерасы 2027 жылдың ақпан айына белгіленген.
7 Шілде, 12:44
Шикі сүт ішеді, етті жақсы көреді: Норвегия қаһарманына айналған Эрлинг Холанн кім?7 Шілде, 10:00
Миллион жазылушы – дайын вице-президент? Қазақстан спортындағы жаңа тренд2 Шілде, 09:05
Қазақстанда кино суретшісінің еңбегі әлі де толық бағаланбайды – Бекен Нарбай1 Шілде, 17:41
Алакөлден Ыстамбұлға дейін: жазғы демалысқа қайда баруға болады?