28.04.2026
15:20
190

Дипломын құшақтап, жұмыс таба алмай жүрген түлектің жауапкершілігі кімнің мойнында болмақ?

Студенттер жылдап жоғары оқу орнында білім алып, қомақты қаржы жұмсаса да, оқуын аяқтаған соң өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жатады. Бұл мәселе Парламентте өткен Үкімет сағатында да күн тәртібіне шықты. Жиында Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек алдында осы мәселені көтерді.

Жоғары білімнің құны қымбат, қайтарымы қандай?

Депутаттың айтуынша, бүгінгі таңда студенттер жоғары білім алу үшін қомақты қаржы жұмсайды.

Оның сөзінше, бір студент жылына кемінде 1,5 миллион теңге төлейді. Төрт жылда оқу ақысының өзі шамамен 6 миллион теңгеге жетеді. Ал жатақхана, тамақ және басқа да шығындарды қосқанда, бұл сома 10 миллион теңгеден асады.

Университетке түскен кезде таудай уәде беріледі. Бірақ оқуын аяқтаған соң жұмыс таба алмай жүрген түлектер бар. Осындай жағдайда университетті сотқа беру тәжірибесі бар ма? Ақшаны қайтару мүмкін бе? Жауапкершілік кімнің мойнында?, – деді ол.

Министр не дейді?

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарының қызметі заңмен реттелетінін айтты.

Жекеменшік университеттердің қызметі білім туралы заңмен және кәсіпкерлік кодекспен реттеледі. Ақылы білім берілген жағдайда біз оқу бағдарламасының сапасын бақылаймыз. Арнайы комитет бар, – деді ол.

Сонымен қатар министр қазіргі таңда бұрынғыдай қатаң тексерулер жүргізілмейтінін атап өтті.

Бұрын жыл сайын тексеріс жүргізетін едік, қазір жанама бақылауға көштік. Біздің бұрынғыдай қатаң бақылауға мүмкіндігіміз жоқ. Қазіргі таңда жоғары оқу орындарына қатысты соттасқан істер тіркелмеген, – деді министр.

Оның сөзінше, сапаны арттыру үшін аккредитация тетіктері қолданылады.

Формалды емес білім нарығы реттеледі

Министр формалды емес білім беру нарығында да мәселе бар екенін жасырмады. Оның айтуынша, қысқа курстар мен коучингтер көбейіп кеткен.

Сертификаты жоқ, тәжірибесі жоқ адамдар көбейіп кетті. Бұл салада тәртіп керек, – деді ол.

Осыған байланысты Мәжілісте қаралып жатқан «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы маңызды рөл атқарады.

Психологтарға жаңа талаптар енгізіледі

Бұл заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат психологиялық қызметті реттеуге бағытталған.

Егер заң толық мақұлданса:

  • психологтер міндетті түрде мемлекеттік тізілімге тіркеледі;
  • білімі мен біліктілігіне нақты талаптар қойылады;
  • әр 5 жыл сайын біліктілігін арттыруы тиіс;
  • клиенттің келісімінсіз ақпарат таратуға тыйым салынады;
  • қызмет нәтижесіне кепілдік беруге болмайды.

Бұл өзгерістер қызмет сапасын арттыруға бағытталған.

Жастар практикасы түлектерге қандай мүмкіндік береді

Жұмыс таба алмай жүрген түлектер үшін жастар практикасы алғашқы еңбек тәжірибесін жинауға мүмкіндік береді. 2026 жылғы 22 сәуірдегі жағдай бойынша бағдарлама аясында 2 655 жас маман жұмысқа орналасты. Жыл соңына дейін 25 мың жасты қамту жоспарланған.

Жастар практикасы аясында ең көп қатысушы Түркістан облысында тіркелген, мұнда 754 адам бар. Сонымен қатар Шымкент қаласында 239 жас маман, Ақтөбе облысында – 197, Алматы облысында – 168, Қызылорда облысында – 165 адам тәжірибеден өтуде. Бағдарлама қатысушылардың 59,7 пайызы немесе шамамен 1,6 мың адам ауыл тұрғындары.

Оған жасы 35-тен аспаған, оқуын аяқтаған жұмыссыз түлектер қатыса алады. Орташа жалақы мөлшері – 129 мың теңге.

Бағдарлама арқылы тұрақты жұмысқа орналасқандар да бар. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Аминат Бақытбекқызы жастар практикасы арқылы тәжірибе жинап, кейін тұрақты қызметке қабылданған.

Оқуды бітірген соң мансап орталығына жүгіндім. Кейін жастар практикасы арқылы жұмысқа жолдама алдым. Бір жылдан кейін тұрақты қызметке қабылдандым. Бұл бағдарлама жас мамандар үшін үлкен мүмкіндік, – дейді ол.