Димаштың «Aqerke» бейнебаяны жарық көрді: туған жерге арналған ерекше туынды

Димаштың «Aqerke» бейнебаяны жарық көрді: туған жерге арналған ерекше туынды

Көктем Қарқын
Фото: youtube.com/@DimashQudaibergen_official

Димаш Құдайбергеннің «Aqerke» әніне түсірілген жаңа бейнебаяны әншінің ресми YouTube арнасында жарық көрді.

Димаштың туған қаласы – Ақтөбеде түсірілген

Әнде ғашығына деген сағыныш пен қоштасу сезімі жырланғанымен, клиптің астарында одан да терең мағына жатыр. Бейнебаянда Қазақстанның кең байтақ табиғаты мен әртүрлі тағдыр иелері бейнеленген. Кадрлардан егде жастағы ерлі-зайыптыларды, балаларды, футбол жанкүйерлерін және қарапайым тұрғындарды көруге болады. Осылайша лирикалық кейіпкер сүйіктісіне ғана емес, туған жеріне деген шексіз махаббатын жеткізгендей әсер қалдырады.

Еске салайық, бейнебаянның бір бөлігі Димаштың туған қаласы – Ақтөбеде түсірілген.

Клипте ауқымды көріністер де аз емес. Соның бірі – Димаштың бір жүк көлігіне толы гүл сатып алып, оларды көшедегі қыз-келіншектерге таратуы. Сонымен қатар бейнебаянда жасанды интеллект элементтері де қолданылған. Мәселен, бір эпизодта әншінің бейнесі бірнеше есе көбейіп көрінеді.

Жаңа туындыны Мексика, Чили, Перу, Аргентина, Қазақстан, Ресей және өзге де елдердегі тыңдармандар жоғары бағалады. Желі қолданушылары Димаштың ерекше дауысымен қатар, оның пластикасы мен сахнадағы қимыл-қозғалысына да тәнті болған.

Айта кетейік, «Aqerke» – қазақтың халық әнінің авторлық өңделген нұсқасы. Димаш бұған дейін де ұлттық музыкалық мұраны заманауи үлгіде ұсынып келеді. Оның кеңінен танылған өңдеулерінің қатарында «Айқаракөз», «Құсни – Қорлан» және «Дайдидау» әндері бар.

Желі қолданушыларының пікірі

Димаш Құдайбергеннің «Aqerke» әніне арналған жаңа бейнебаянының тизері әлеуметтік желіде де қызу талқыланып жатыр. Жанкүйерлер жаңа туындыны жоғары бағалап, әсіресе әншінің би қимылдары, хореографиясы мен бейнебаянның ауқымды қойылымына тәнті болған.

YouTube-тегі алғашқы пікірлерге қарағанда, көрермендер Димаш Құдайбергеннің «Aqerke» бейнебаянын жылы қабылдады. Пікір қалдырушылардың басым бөлігі әншінің халық әнін заманауи үлгіде жаңғыртып, ұлттық мұраны әлемдік аудиторияға ұсына алғанын жоғары бағалаған.

Пікірлер арасында Димаштың алдағы әлемдік турын асыға күтіп отырған жанкүйерлер де аз емес. АҚШ, Мексика, Бразилия, Аргентина, Чили және Чехиядан пікір қалдырған тыңдармандар концерттерге билет алып қойғандарын жазып, әншімен жақын арада жүздесетіндеріне қуанышты екенін жеткізген.

Жалпы, әлеуметтік желідегі пікірлерге қарағанда, «Aqerke» бейнебаяны көрермендердің қызығушылығын арттырды.

Біз бұған дейін Мексикада Димаш Құдайбергеннің 4,5 метрлік мүсіні жасалғанын жазғанбыз. 

Оқи отырыңыз

{