Жаңалықтар

Димаш, Анджелина Джоли, Шакира және Месси: Ізгілік елшілерін не біріктіреді?

22.05.2026 15:40
Көктем Қарқын
Фото: коллаж AI / El.kz

Әлемге қазақ әнін танытқан Димаш Құдайберген енді гуманитарлық миссиялардың да алдыңғы шебінен көріне бастады. Бангладештегі босқындар лагеріне барған әнші мыңдаған адамның ауыр тұрмысымен танысып, халықаралық қауымдастық назарын көші-қон мәселесіне аударды.

Бұл – Димаштың тек сахна жұлдызы емес, адам тағдырына бейжай қарамайтын ізгі ниет елшісі ретіндегі жаңа қыры. Жалпы, ізгі ниет елшілерінің міндеті қандай? Осы уақытқа дейін бұл миссияны әлемдік жұлдыздардан кім атқарды? El.kz осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Димаш Құдайберген Бангладешке не үшін барды?

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген 2026 жылдың мамырында Бангладешке гуманитарлық миссиямен барды. Оның сапарының негізгі мақсаты – әлемдегі ең ірі босқындар аймақтарының бірі саналатын Кокс-Базардағы мәжбүрлі қоныс аударушылардың жағдайымен танысу және халықаралық қауымдастық назарын гуманитарлық мәселелерге аудару.

Кокс-Базарында миллионнан астам босқын өмір сүреді. Олардың көбі табиғи апаттар жиі болатын аймақта тұрып жатыр. Сапар барысында Димаш лагерьлерді аралап, баспана тарату орталықтарының жұмысымен танысты, гуманитарлық көмек көрсету процесін көрді және жергілікті музыканттармен кездесті. Ол мәдени жад орталығында босқындардың өз мәдениетін сақтап қалуға қалай тырысып жатқанын көріп, өнердің адам тағдырындағы рөлін ерекше атап өтті.

Фото: Hossain Ahammod Masum/IOM Bangladesh 2026

Димаш қашаннан бері ізгі ниет елшісі?

Димаш Құдайберген 2024 жылдың ақпанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Көші-қон агенттігінің өңірлік ізгі ниет елшісі атанды. Кейін ол ұйымның жаһандық деңгейдегі ізгі ниет елшісі мәртебесіне көтерілді.

Бұл мәртебе әншінің тек шығармашылығына ғана емес, гуманитарлық бастамаларға тұрақты қатысуына байланысты берілді. Димаш көші-қон, босқындар құқығы және гуманитарлық көмек мәселелерін халықаралық деңгейде көтеріп келеді.

Ізгі ниет елшісінің міндеті

Ізгі ниет елшілері – Біріккен Ұлттар Ұйымы мен оның агенттіктерінің гуманитарлық бастамаларын қоғамға насихаттайтын танымал тұлғалар. Олар әлеуметтік мәселелерге халықаралық деңгейде назар аударып, халықты қайырымдылық пен адамгершілікке шақырады.

Себебі саясаткерлерден гөрі өнер адамдарының ықпалы кейде әлдеқайда күшті. Музыка, кино және өнер адамдардың эмоциясына әсер етіп, мәселені жүрекке жеткізеді. Бір концерт, бір үндеу немесе бір әлеуметтік жазба миллиондаған адамға тез тарайды.

Мысалы, Шакира ЮНИСЕФ-тің үндеуін жарияласа, оны әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адам көреді. Ал Димаш мигранттар мәселесін көтерсе, оның аудиториясы Азиядан Еуропаға дейін жетеді.

Фото: UNICEF

Димаш бұл міндет аясында не атқарды?

Димаш Құдайберген ізгі ниет елшісі болмай тұрып-ақ қайырымдылықпен айналысып келген. Ол өнерді тек шоу емес, гуманитарлық ықпал құралына айналдыра білді.

2021 жылы әнші Project C.U.R.E. ұйымының алғашқы амбассадоры болды. Осы жоба аясында өткен онлайн концерттен жиналған шамамен 500 мың доллар Қазақстанның денсаулық сақтау саласына бағытталды. Қаржы дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдық алуға жұмсалды.

Сонымен қатар оның жанкүйерлері, Dears қауымдастығы да қайырымдылыққа белсене қатысады. 2022 жылы әлемнің бірнеше еліндегі жанкүйерлер Қазақстандағы онкологиямен күресіп жүрген аналарға көмек ретінде қаражат жинап, оны Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына тапсырды.

Димаштың гуманитарлық қызметі тек қаржылай көмекпен шектелмейді. Ол мигранттардың құқықтары, қауіпсіз көші-қон және гуманитарлық жауапкершілік мәселелерін халықаралық деңгейде көтеріп келеді.

Ең танымал елші – Анджелина Джоли

Ізгілік елшілері ішінде ең жиі айтылатын есімдердің бірі– Анджелина Джоли. Ол тек Голливуд жұлдызы ретінде ғана емес, әлемдік гуманитарлық қозғалыстың алдыңғы қатарында жүрген тұлға ретінде танымал. Джоли кино әлеміндегі даңқтан биік тұрып, адамзаттың ең күрделі мәселелеріне үн қосып келеді.

Ол 2001 жылдан бері БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссариаты жанындағы ізгілік елшісі қызметін атқарып келеді. Сол жылы Джоли алғаш рет босқындар лагеріне барып, шынайы қайғы-қасіретті өз көзімен көрді. Бұл – көптеген жұлдыз қайырымдылықты тек камера алдында көрсететін кезең еді. Алайда Джоли фотосессия үшін емес, адамдардың шынайы өмірін түсіну үшін қауіпті аймақтарға барды.

Осылайша, актриса Африкадағы аштық пен соғыс зардабын көріп, Азиядағы босқындардың тұрмысын зерттеп, Таяу Шығыстағы қақтығыстардың салдарын әлемге жеткізді. Ол Украинаға да барып, соғыстың зардабын халықаралық қауымдастыққа көрсетті. Деректерге сүйенсек, Джоли 40-тан астам елге барып, 30-дан аса гуманитарлық миссияға қатысқан.

Фото: EDWARD PARSONS/AFP/Getty Images

Бір сұхбатында ол:

Адамдардың қайғысын көріп тұрып, үнсіз қалу – ең үлкен қателік, – деген еді.

Әлі күнге дейін актриса адам құқығы, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі, бейбітшілік пен халықаралық жауапкершілік туралы пікірін ашық айтып келеді.

«Хәрри Поттердегі» Гермиона әйелдер құқығын қорғайды

Ал Эмма Уотсонды көпшілік алғаш «Хәрри Поттердегі» Гермиона рөлі арқылы таныды. Алайда уақыт өте келе ол әлемдік киноның ғана емес, жаһандық гендерлік теңдік қозғалысының да символына айналды. Ол даңқты сән көрсетілімдерінен гөрі халықаралық мінберлерде сөйлеп, әйелдер құқығы үшін күрестің алдыңғы шебінен көрінді.

Фото: UN Women/Karin Schermbrucker 

2014 жылы Эмма Уотсон UN Womenның ізгілік елшісі болып тағайындалды. Бұл – оның актерлік мансабынан да жоғары тұратын адамзаттық жауапкершілікті таңдаған сәті еді.

Шакира өзінің өткенін өзгелердің бүгінінен көрді

Бүгінде Шакира – ЮНИСЕФтің ең белсенді әрі ықпалды ізгілік елшілерінің бірі. Оның гуманитарлық қызметінің негізі өз өмір тәжірибесінен бастау алады.

Әнші Колумбиядағы кедей аудандардың бірінде өсті. Балалық шағында көрген әділетсіздік, жетім балалардың тағдыры, мектепке бара алмайтын тұрмысы төмен отбасы балалары оның жүрегінде терең із қалдырды. Сондықтан ол жұлдызға айналған сәттен-ақ гуманитарлық бағытты таңдады.

Фото: UNICEF

18 жасында Barefoot Foundation құрды. Қордың мақсаты – Латын Америкасындағы кедей аудандарда тұратын балаларға сапалы білім беріп, тамақ және психологиялық қолдау көрсету.

Демек бұл – атақ үшін жасалған жоба емес, өзінің өткенін өзгелердің бүгінінен көрген адамның шынайы әрекеті.

Ізгі ниет елшілерінің қатарында спортшылар да бар

Солардың бірі Лионель Месси әлемдегі ең танымал ізгілік елшісі ретінде саналады. Ол 2010 жылы ЮНИСЕФ-тің ізгі ниет елшісі атанды. Осы уақыттан бері футболшы балалардың білім алуы, денсаулығы және қауіпсіздігі мәселелерін халықаралық деңгейде көтеріп келеді.

Месси гуманитарлық қызметті тек ресми мәртебе ретінде қабылдаған жоқ. Ол табиғи апаттан, соғыс пен кедейліктен зардап шеккен балаларға қолдау көрсетуге арналған кампанияларға тұрақты қатысып жүр. Сонымен қатар әлемнің түрлі елдеріндегі балалар ауруханалары мен әлеуметтік жобаларға қаржылай көмек көрсетіп келеді.

Фото: UNICEF

Лионель Месси бірнеше рет гуманитарлық сапармен қиын жағдайда өмір сүріп жатқан балалармен кездесіп, олардың мәселесін жаһандық аудиторияға жеткізді. Оның айтуынша, футбол тек ойын емес, қоғамға көмектесудің де үлкен мүмкіндігі.

Бүгінде Месси спорттағы жетістіктерімен ғана емес, балалардың болашағына бейжай қарамайтын гуманитарлық тұлға ретінде де танылып отыр.

Оқи отырыңыз