Кеше, 17:40
«Атын Төрехан деп қойдық»: шымкенттік отбасы жетінші перзентіне боксшының есімін бердіАстанада AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумының екінші күні басталды. Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылының басты халықаралық іс-шарасында жаңа технологиялар мен цифрлық жобалар таныстырылып жатыр. Олардың қатарында адам кейпіндегі роботтар, ауыр жүк таситын робот-иттер және түрлі салаға арналған ақпараттық жүйелер бар.
120 келіге дейін жүк көтеретін робот-ит
USTEM Foundation қорының инженер-бағдарламашысы Асанәлі Қайролла форумда адам кейпіндегі роботтар мен робот-иттердің мүмкіндіктерін таныстырды.
USTEM Foundation – Қазақстан мен Орталық Азияда STEM білімін, яғни ғылым, технология, инженерия және математиканы, сондай-ақ робототехниканы дамытуға бағытталған қоғамдық қор. Ол Astana Hub халықаралық технопаркінің қатысушысы әрі серіктесі саналады.
Асанәлі Қайролланың айтуынша, форумға әкелінген гуманоид робот адамдармен амандасып, қол шапалақтап, түрлі қимыл жасай алады. Сонымен қатар оның би билеп, кунг-фу қимылдарын орындайтын режимдері бар.
Біз форумға адам кейпіндегі роботтар мен робот-иттерді әкелдік. Мына гуманоид – G1 Education O2 нұсқасы. Мұндай роботтар ойын-сауық орталықтарында қолданылады. Қазір ол адамдармен амандасып, қол шапалақтап, түрлі қимыл көрсетіп тұр. Сондай-ақ Kung Fu Mode және Transformer Mode режимдері бар. Бұл режимдерде робот би билеп, кунг-фу қимылдарын орындай алады. Алайда қазір айналада адам көп болғандықтан, бұл мүмкіндіктерін көрсете алмаймыз, – деді инженер-бағдарламашы.
Маман робот-иттердің төтенше жағдайлар кезінде және аумақты патрульдеуде қолданылатынын түсіндірді. Олар адам өтуі қиын жерлерге жетіп, ауыр жүк тасуға көмектесе алады.
Мысалы, B2 робот-иті төтенше жағдай кезінде адам өте алмайтын жерлерге барып, ауыр жүк жеткізе алады. Роботтың өзінің салмағы – 60 келі. Ал үстіне 120 келіге дейін жүк көтере алады, – деді Асанәлі Қайролла.
Жарақаттарды 3D модельде белгілеуге болады
ALSECO IT-компаниясының өкілі Жұлдыз Жұмағали зияткерлік меншік, атқарушылық іс жүргізу, сот сараптамасы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына арналған ақпараттық жүйелер мен платформаларды таныстырды. Оның айтуынша, компанияда барлығы сегіз жүйе бар.
Соның бірі – ұлттық зияткерлік меншік институтының Kazpatent ақпараттық жүйесі. Онда 45 мыңнан астам өтінім бар, ал сыртқы пайдаланушылар саны 130 мыңнан асады.
Компания өкілі сот орындаушыларына арналған атқарушылық іс жүргізу жүйесінің мүмкіндіктеріне де тоқталды.
Бұл жүйеде 100-ден астам интеграция бар. Сондай-ақ 800 мыңнан астам бірегей пайдаланушы тіркелген, – деді ол.
Таныстырылған жобалардың қатарында ҚР Әділет министрлігіне арналған «Е-Сараптама» жүйесі де бар. Оның көмегімен денедегі жарақаттарды 3D модельде белгілеуге болады.
«Е-Сараптама» жүйесінде жарақаттарды 3D модель арқылы белгілеу мүмкіндігі қарастырылған. Қазір оның 2.0 нұсқасын әзірлеп жатырмыз, – деді компания өкілі.
Ал ALSECO SMART ТҮКШ платформасы тұрғындар, басқарушы компаниялар мен қызмет көрсетуші ұйымдар арасындағы байланысты жақсартуға бағытталған.
Бұл роботпен футбол ойнай аласыз
Таңат Әлихан форумда футбол ойнап, би билей алатын Booster K1 Edu роботын таныстырды. Оны зерттеу, білім беру және жарыстарға арналған адам кейпіндегі роботтарды әзірлейтін қытайлық Booster Robotics компаниясы шығарған.
Айтуынша, білім беруге арналған бұл нұсқаның басты артықшылығы оны бағдарламалап, жаңа әрекеттерге үйретуге болады.
Бұл – Booster K1 Edu роботы. Ол футбол ойнауға және түрлі би қимылдарын орындауға арналған. Edu нұсқасы болғандықтан, оған өз бағдарламаңызды жазып, түрлі қимылдар мен эмоцияларды көрсету мүмкіндігін қосуға болады. Адамның қимылын қайталауға да үйретуге болады. Бағдарламалауды жақсы меңгерген маман оны арнайы шлем немесе басқару пульттері арқылы басқара алады, – деді ол.
Роботтың икемділігі доп тебуге, аяқ-қолымен түрлі қимыл жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол адаммен бірге футбол ойнап, доптың қозғалысын бақылай алады.
Адам мен робот бірге футбол ойнай алады. Роботта допты бақылайтын функция бар. Арнайы нейрондық жүйесі арқылы ол допты танып, соңынан қозғалады. Бұл жүйе доппен жұмыс істеуге үйретілген. Оны басқа нысандарды тануға да үйретуге болады, – деді Таңат Әлихан.
Форумда таныстырылған жобалар роботтар мен цифрлық технологиялардың қолдану аясы кеңейіп келе жатқанын көрсетті.
Ауыр жүк тасудан бастап, білім беру мен сот сараптамасына дейінгі түрлі міндетті атқаратын бұл шешімдер адам еңбегін жеңілдетіп, жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған.
Кеше, 17:40
«Атын Төрехан деп қойдық»: шымкенттік отбасы жетінші перзентіне боксшының есімін бердіКеше, 12:41
Азиаданың финалына шыққан Ажар Асхат туралы не білеміз?Кеше, 11:32
«Шындықты жайып саламын»: Роналду ұлттық құрамадан кетті ме?Кеше, 09:45
Алтынға апарар жол: Азиададағы боксшылардың нәтижесіне көңіл тола ма?