23 Қазан, 12:09
Мысырға саяхаттау жеңілдейді: Қазақстан мен Мысыр қандай келісімге келдіӨмірдің кез келген саласынан барынша көп пайда көруге, өз мүмкіндігін сарқа пайдалануға ұмтылуды білдіретін интернеттегі «maxxing» сөзі Dictionary.com сөздігінің нұсқасы бойынша 2026 жылдың сөзі атанды.
Сөздік құрастырушыларының пікірінше, бұл ұғым қазіргі қоғамда кең тараған өзін-өзі жетілдіру мен өмірдің әр саласын оңтайландыру үрдісін көрсетеді.
«Maxxing» – адамның белгілі бір істі барынша тиімді атқаруға немесе өмірінің жекелеген қырларын мейлінше жақсартуға ұмтылуы. Бұл сыртқы келбетті күтуден бастап, ұйқы режимін реттеу, дұрыс тамақтану, жұмыста жасанды интеллектіні тиімді пайдалану сияқты сан алуан бағытты қамтиды.
Қазір бұл сөз көбіне басқа ұғымдармен тіркесіп қолданылады. Мәселен:
Looksmaxxing – сыртқы келбетті барынша жақсартуға ұмтылу;
Tokenmaxxing – жұмыста жасанды интеллектіні мүмкіндігінше кең әрі тиімді пайдалану;
Moneymaxxing – әр тиынды барынша ұтымды жұмсап, ақшадан көбірек пайда табу;
Statusmaxxing – мансапты өсіру, табысты арттыру және пайдалы байланыстар орнату арқылы қоғамдағы мәртебесін көтеруге тырысу.
Уақыт өте келе осы үлгімен әзілге құрылған немесе әдейі салмақты етіп көрсетілетін жаңа интернет терминдер де пайда болды. Олардың қатарында:
Nonnamaxxing – италиялық әжелердің тұрмыс салты мен әдеттерін үлгі етіп, өмір сапасын жақсартуға ұмтылу;
Booksmaxxing – оқыған кітаптарының санын барынша көбейтіп, көп оқитын адам бейнесін қалыптастыру;
Proteinmaxxing – күнделікті ас мәзіріндегі ақуыз мөлшерін барынша арттыруға тырысу;
Cozymaxxing – үйі мен күнделікті өмірін барынша жайлы, тыныш әрі көңілге қонымды етуге ұмтылу.
Жалпы, «maxxing» сөзін кез келген басқа ұғыммен біріктіріп, адамның өмірдің белгілі бір саласында ең жоғары нәтижеге жетуге деген талпынысын сипаттауға болады.
«Maxxing» сөзі қайдан шыққан?
Dictionary.com мамандарының түсіндіруінше, бұл сөздің түп-төркіні ағылшын тіліндегі maximum – «ең жоғары шек», maximize – «барынша арттыру» және max сөздерінен бастау алады. Кейін осы ұғымдардан maxing сөзі қалыптасқан.
Одан соң ойын әлемінде min-maxing деген термин пайда болды. Ол ойыншының кейіпкерінің күшті тұстарын барынша дамытып, әлсіз жақтарының әсерін азайтуға негізделген стратегияны білдіреді.
Кейін maxing жеке қолданысқа еніп, оған өзге сөздер жалғана бастады. Уақыт өте келе жазылуына тағы бір «x» әрпі қосылып, бүгінгі maxxing нұсқасы қалыптасты.
Бұл сөздің looksmaxxing түрі 2015 жылдың өзінде қолданыла бастаған. Ал 2021 жылға қарай moneymaxxing, statusmaxxing секілді өзге нұсқалары да таралды. 2026 жылы «maxxing» ұғымына және соған байланысты тақырыптарға қызығушылық күрт артты. Жыл бойы осы үлгімен жасалған жаңа терминдер жиі кездесе бастады.
Бұрын мұндай сөздерді негізінен сыртқы келбетін түрлі жолмен жақсартуға тырысатын жас жігіттер қауымдастығы қолданатын. Қазір бұл ұғым әлдеқайда кең аудиторияға тараған. Оны сұлулық пен фитнес туралы материалдардан, жұмыс барысында жасанды интеллектіні пайдалану жөніндегі талқылаулардан, сондай-ақ салауатты өмір салтына қатысты кеңестерден кездестіруге болады.
Dictionary.com мамандарының пікірінше, «maxxing» сөзі қазіргі қоғамда кез келген істі барынша жетілдіріп, ең жоғары нәтижеге қол жеткізуге деген ұмтылыстың күшейгенін аңғартады.
Бір жыл бұрын, 2025 жылғы жаңа сөздер тізімін әзірлегенде, сөздік редакторлары super- және ultra- тәрізді күшейткіш қосымшалары бар сөздердің танымалдығы артып келе жатқанын атап өткен. Ал maxxing осы үрдістің жалғасы іспетті: адам қандай іспен айналысса да, оны бұрынғыдан да жақсырақ жасауға ұмтылады. Дегенмен бұл ұстанымды әркім әртүрлі қабылдайды. Біреулер өмірдің барлық саласын жетілдіруге шындап кіріссе, енді біреулер бұл үрдісті әдейі әсірелеп, әзілге айналдырады. Енді біреулер бұдан да көп нәрсеге қол жеткізуге тырыса беруден бас тартудың белгісі ретінде қолданады.
Dictionary.com тізіміне енген өзге сөздер
«Maxxing» сөзінен бөлек, Dictionary.com 2026 жылдың үздік сөздері тізіміне тағы төрт ұғымды енгізген.
Affordability – тауарлар мен қызметтердің адамның экономикалық жағдайына қарай қолжетімді болуы. Бұл сөз көбіне бағасы қымбаттап, көпшілікке қолжетімсіз бола бастаған баспана, медициналық қызмет пен пайдалы азық-түлік секілді қажеттіліктерге қатысты қолданылады.
Data center – деректерді өңдеу орталығы. Соңғы уақытта бұл ұғым, әсіресе, жасанды интеллект жүйелеріне қажетті инфрақұрылымға байланысты жиі айтылып жүр.
Odyssey – «Одиссея». Кристофер Ноланның осы атаумен түсірген фильмі жарық көргеннен кейін сөзге деген қызығушылық қайта артқан.
Unc – ағылшынның uncle, яғни «көке», «ағай» сөзінің қысқарған нұсқасы. Афроамерикалық ауызекі ағылшын тілінен тараған бұл сөзді Z және Альфа буындарының өкілдері өздеріне ескірген көзқараста көрінетін адамдарды қағыту үшін қолданады. Орыс тіліндегі мағынасына жақын балама ретінде «бумер» сөзі кездеседі.
2025 жылдың сөзі қандай болды?
Өткен жылы Dictionary.com жыл сөзі ретінде six-seven, яғни «сикс-севен» немесе «6-7» тіркесін таңдаған еді. Бұл – нақты бір мағынасы бекімеген интернет-мем.
Оны желі қолданушылары кейде екіұшты жауап беру, бір нәрсені «орташа» деп бағалау немесе нақты пікір білдірмеу үшін пайдаланады. Сонымен қатар күнделікті өмірде «6» және «7» сандары қатар кездескенде де осы тіркесті әзіл ретінде қолданатындар бар. Мысалы, «Бойың қанша?» деген сұраққа «67» деп жауап беруі мүмкін. Сол сияқты «120-дан 53-ті азайтқанда қанша болады?» деген сұраққа да «67» деп жауап қайтару осы мемнің бір көрінісіне айналған.
Уақыт өте келе «6-7» сандары мен екі қолды кезек қозғау қимылы жастар арасында қуаныш, таңданыс немесе ерекше әсерді білдіретін ишараға айналды.
23 Қазан, 12:09
Мысырға саяхаттау жеңілдейді: Қазақстан мен Мысыр қандай келісімге келді20 Қазан, 14:23
Жеңілдікке алданып қалмаңыз: дүкенде артық ақша жұмсамау үшін нені ескеру керек20 Қазан, 12:30
2027 жылы Рамазан қашан басталады? Ораза айт пен Қадір түнінің күндері белгілі болды19 Қазан, 15:07
«Жаным – қазақ»: Нидерланд намысын қорғайтын Шон Ниволдты Қазақстанмен не байланыстырады