Кеше, 12:09
Албанияда бұлтқа ұқсайтын ерекше ғимарат салынадыҚазақстанда қала мен ауылдағы тұрғын үйлердің айналасын абаттандыруға қатысты бірыңғай стандарт енгізу ұсынылды.
Бұдан бөлек мемлекеттік бағдарламалар аясында салынған үйлердің жобада көрсетілген талаптарға қаншалықты сай келетінін тексеру мәселесі көтерілді. Бұл туралы Құрылтай депутаты Мақсұт Нәсібулов мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, елімізде тұрғын үй құрылысының нәтижесі көбіне салынған пәтерлердің саны, шаршы метрі және баспаналы болған отбасылардың көрсеткішімен бағаланады. Алайда жаңа үйлердің айналасындағы жағдай мен тұрғындарға жасалған қолайлылық ескеріле бермейді.
Мемлекет немесе өзге де қаржы көздері есебінен тұрғын үй салынғанда, азаматтарға тек пәтер беріле ме, әлде толыққанды өмір сүруге қолайлы орта да жасала ма деген сұрақ туындайды, – деді Мақсұт Нәсібулов.
Оның сөзінше, кейбір тұрғын үй кешендерінің аулаларында балалар ойнайтын және спортпен айналысатын алаңдар жетіспейді. Жаяу жүргіншілер жолы, көше жарығы мен жасыл желек те талапқа сай бола бермейді. Мұндай қолайсыздық әсіресе қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қиындық туғызады.
Депутат бұл мәселе ірі қалаларға ғана тән емес екенін атап өтті. Ауылдарға мұғалімдер мен дәрігерлерді тарту, жас отбасыларды баспанамен қамту жұмыстары жүргізілгенімен, олардың жайлы өмір сүруіне қажетті жағдай жасала бермейді.
Мемлекеттің қамқорлығы пәтер берумен шектелмеуі керек. Әр отбасы мен оның балалары үшін қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру маңызды, – деді ол.
Аулаларды абаттандыруға да нақты талап қойылмақ
Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында Мақсұт Нәсібулов тұрғын үй айналасындағы ортаның сапасына бірыңғай ең төменгі стандарт енгізуді ұсынды. Бұл талап мемлекеттік қаражатқа ғана емес, өзге қаржы көздері есебінен салынатын үйлерге де қолданылуы тиіс.
Ұсынысқа сәйкес, құрылыс компаниялары тұрғын үйдің өзін ғана емес, оның ауласын абаттандыруды да алдын ала жоспарлауы қажет. Атап айтқанда, жобада жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолдары, көгалдандыру, балалар және спорт алаңдары, демалыс орындары қарастырылуы керек.
Сонымен бірге депутат мемлекеттік бағдарламалар арқылы бұрын салынған үйлерді тексеруді ұсынды. Оның пікірінше, жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген жұмыстардың іс жүзінде қаншалықты орындалғанын анықтау қажет.
Егер жобада балалар алаңы, көгалдандыру немесе жарықтандыру қарастырылса, оның бәрі толық орындалуы тиіс, – деді депутат.
Талап қалаға да, ауылға да ортақ болуы тиіс
Мақсұт Нәсібулов бірыңғай стандарт Астана мен облыс орталықтарында ғана емес, аудан орталықтары мен ауылдарда да қолданылуы қажет деп есептейді.
Дегенмен бұл қаладағы талаптарды ауылдарға сол күйінде көшіру деген сөз емес. Әр елді мекеннің ерекшелігін ескере отырып, қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруге қажетті ең төменгі талаптарды белгілеу ұсынылып отыр.
Депутаттың пікірінше, тұрғын үй құрылысының тиімділігін бағалауда баспананың санымен қатар, тұрғындарға жасалған жағдай да басты назарда болуы керек.
«Қанша шаршы метр тұрғын үй салдық?» деген сұрақпен шектелу дұрыс емес. Ең алдымен, сол үйлерде тұратын адамдарға қандай жағдай жасадық деген мәселеге мән беруіміз қажет. Астанада, облыс орталығында немесе шағын ауылда тұрса да, еліміздің әр азаматы қауіпсіз әрі жайлы ортада өмір сүруге құқылы, – деп түйіндеді Мақсұт Нәсібулов.
Кеше, 12:09
Албанияда бұлтқа ұқсайтын ерекше ғимарат салынады12 Қазан, 13:39
Көк тудың артында тұрған тағдыр: Шәкен Ниязбековтің көпшілік біле бермейтін қыры7 Қазан, 09:25
18 көпірдің аржағындағы «елес қала»: Кезінде ұшақ қатынаған Байжансай неге қаңырап қалды?1 Қазан, 17:40
«Атын Төрехан деп қойдық»: шымкенттік отбасы жетінші перзентіне боксшының есімін берді