Денсаулық жағдайына байланысты Президенттің баспасөз-хатшысы лауазымынан босатылды

11 Қыркүйек 2023, 16:50 812

Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы Нұрмұхамед Байғараев қызметінен босатылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның қызметінен босатылуына денсаулық жағдайы себеп болған.

Құрметті достар! Кеше денсаулығыма қатысты оқыс жағдайдан соң (приступтар) дәрігерлерге тексерілуге мәжбүр болдым. Толық тексерістен кейін сырқаттың белгісі байқалды. Дәрігерлер ұзақмерзімді ем-домды бірден бастауды, оны тұрақты қабылдауды және бастысы – ұшақпен ұшуды белгілі бір уақытқа дейін тоқтатуды талап етті, - деп жазды ол.

Нұрмұхамед Байғараев медициналық талап қазіргі қызметін толыққанды атқаруға кедергісін келтіретінін айтты. Себебі аймақтарға және шетелдерге іс-сапарлар тұрақты түрде болады. Бұл – жиі ұшақпен ұшу деген сөз.  

Шыны керек, мұндайды өзім де күтпедім. Жоспар басқаша еді. Өткен аптада кіріскен қызметіме біліміммен, біліктілігіммен дайын едім. Баспасөз қызметін жетілдіруге, одан әрі ашық етуге қатысты бірнеше идея, бастамаларым бар еді. Алайда «денсаулық – бірінші байлық» деп бекер айтпаған. Сондықтан қандай қызмет болса да, ең алдымен, уақыт өткізбей, толық емделіп алу қажет деп таптым. Осыған орай, Президент баспасөз хатшысы қызметін қазір тоқтата тұруыма тура келеді. Басшылық жағдайды түсінді. Түсіністік танытқан барша азаматқа алғыс айтамын, - деп жазды Нұрмұхамед Байғараев.

Айта кетейік, Нұрмұхамед Байғараев бұл қызметке  6 қыркүйек күні тағайындалған болатын.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: