21.05.2026
14:40
148

Демалыс маусымы: лагерьге қалай тегін жолдама аламыз?

Оқу жылы аяқталды. Балаларға сапалы әрі қауіпсіз демалыс ұйымдастыру күнтәртібінде тұр. Осы орайда балалар лагеріне қойылатын талап туралы тарқатамыз. 

Оқу-ағарту министрлігі осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Биыл 1 сәуірде лагерьлерді лицензиялау жүйесі іске қосылды. Бұл қалай жұмыс істейді десеңіз, енді балаларды сауықтыру орталықтары жыл сайын құжатты қайта рәсімдеу үшін сабылмайды. Лицензия 5 жылға беріледі. Есесіне мемлекеттік бақылау күшеуіп, әкімшілік жүктеме азаяды. 

Лицензиялау балаларға көрсетілетін білім беру және сауықтыру қызметтерінің сапасын арттырады. Қауіпсіз орта құрып, балаларға жағдай жасайды. 5 жылға лицензия алу үшін инфрақұрылым, кадрлық қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету және қауіпсіздік бағыты бойынша белгіленген стандарттарға сай болу керек. Егер аталған критерийдің біріне сәйкес келмесе, лагерь жұмысын тоқтатады. 

Балалар сауықтыру орталықтарына қойылатын лицензиялық талаптар:

  • білім беру және сауықтыру бағдарламаларының болуы;
  • білікті педагогикалық және медициналық кадрлармен қамтамасыз етілуі;
  • санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы;
  • қауіпсіздік жүйелерінің болуы;
  • материалдық-техникалық базаның белгіленген стандарттарға сәйкестігі.

Соған сай өңірде әкімдік жанынан лагерьлер жұмысына жауапты штаб құрылады.  Ведомствоаралық комиссиялар балалар сауықтыру орталықтарының маусымға дайындығына алдын ала бағалау жүргізіп жатыр. Лицензияны министрлік жанындағы білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті рәсімдейді. 

Елімізде қанша лагерь бар?

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде 192 маусымдық, жыл бойы жұмыс істейтін 18 сауықтыру орталығы бар. Оған қоса 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерлерь тағы бар. Сонда 3 миллионнан астам бала демалады. Оның ішінде 500 мыңнан астам әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар қамтылады. Қазір Балаларды сауықтыру және олардың шығармашылық, зияткерлік әлеуетін дамыту жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған жол картасы аясында 50 балалар сауықтыру орталығының құрылысы жүріп жатыр. 

Қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьге тегін жолдама беріледі: 

  • мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға;
  • мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға;
  • жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
  • төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға;
  • білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын оқушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына.