Жаңалықтар

Декретке миллиондап ақша алғандар: елімізде 38 қылмыстық іс қозғалды

10.06.2026 17:45
Амангүл Тілейқызы
Фото: Жи арқылы жасалды

Қазақстанда жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемдерді заңсыз ұлғайту деректері бойынша тергеу жалғасуда. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта еліміздің 13 өңірінде аталған мәселеге байланысты 38-ден астам қылмыстық іс тіркелген. Материалдардың барлығы құқық қорғау органдарының қарауына жіберілген.

Вице-министрдің сөзінше, қозғалған істер аясында мыңнан астам әйелге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алдын ала есептеулер бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 3 млрд теңгеге жуықтаған.

Бұл фактілер бойынша материалдардың барлығы құзырлы органдарға тапсырылды. Қазір мыңнан астам азаматша тергеу аясында қарастырылып жатыр. Алдын ала анықталған шығын көлемі 3 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ заңсыз схемаларды ұйымдастырған тұлғаларға қатысты тоғыз қылмыстық іс бойынша сот шешімі шығарылды, – деді Виктория Шегай.

Ал Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ әлеуметтік төлемдерді есептеу жүйесіндегі олқылықтар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына айтарлықтай қаржылық салмақ түсіргенін айтты.

Оның мәліметінше, жүргізілген мемлекеттік аудит барысында жүктілік пен босануға байланысты төлемдерді көбейту мақсатында жалған еңбек қатынастарын рәсімдеу жағдайлары анықталған. Кейбір азаматтар бір уақытта бірнеше ондаған жұмыс орнында ресми түрде тіркелген.

Тексеру қорытындысы бойынша 17 мың төлем алушыға қатысты күмәнді фактілер анықталды. Олардың арасында бір адамның 42 жұмыс орнына дейін тіркелген жағдайлары кездескен. Нәтижесінде бұл азаматтарға жалпы сомасы 28,6 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлем аударылған, – деді депутат.

Үнзила Шапақтың айтуынша, мұндай заңсыз тетіктердің салдарынан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының активтері 67 млрд теңгеден астам қаржы жоғалтқан.

Оқи отырыңыз