Жаңалықтар

Дәстүр ме, көзбояушылық па: қазақ неге тойдан бас тарта алмайды?

05.06.2026 14:49
Көктем Қарқын
Фото: коллаж AI / El.kz

Той маусымы басталысымен әлеуметтік желілерде қазақтың тойы туралы пікірталас күшейеді. Бірі тойға кеткен шығынды, енді бірі әр өңірдегі салтты сынайды.

Ал бұрынғы қазақтың тойы қандай болған? Қазіргі тойдың негізгі қызметі не? Тойдағы салттар мен шығындардың өзгеруіне экономика қалай әсер етті? El.kz интернет порталы осы сұрақтарға антрополог Динара Әбділдәмен бірге жауап іздеп көрді.

Тойға апарған ақшаның «қайтарымы» бар

Бағзыдан бері қазақ қоғамында адамның өміріндегі маңызды кезеңдер түрлі тойлармен аталып өткен. Дүниеге келген сәбидің шілдеханасынан бастап, үйлену тойы мен мерейтойларға дейінгі рәсімдердің барлығы халықтың тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланысты болды.

Қазір той жасау барлық туыстармен қарым-қатынасты ұстап тұрудың бір жолы. Себебі бәрі жұмысбасты. Бұрынғыдай айтшылап, ескертпей қонаққа бара салу деген жоқ.Сондықтан адамдар той-томалақтан қалмауға тырысады. Тойға барғанда сыйға берілетін ақшаны да жайдан-жай бере салмайды. Біздегі түсінік бойынша, тойға апарған 20-50 мың теңгенің қайтарымы болады. Сіз апарған сыйлық ақшаны той иесі сіз той жасағанда қайтарып береді. Адамдар бір-бірін тойға шақыру арқылы, сыйлық беру арқылы формальді қарым-қатынасын ұстап тұрады, – дейді InVision U университетінің әлеуметтану бағдарламасының директоры Динара Әбділдә.

Антрополог үйлену тойлары тақырыбында зерттеу жасаған. Оның айтуынша, бұрын қазақ халқы малмен айналысқан уақытта тойға төрт түліктің бірін атап, үлес қосқан. Бұл үрдіс әлі де бар. Мал шаруашылығымен айналысатындар бір тай немесе қой беріп жатады. Нарықтық экономиканың ауысуына қарай сыйлықтар монетизацияға ұшырап, ақшалай сыйлыққа ауысты. Қонақтар ауылдық немесе қаладағы мейрамханаларға қарай шамалап, той иелерінің шығындарын жабуға жәрдемдеседі.

Фото: gov.kz

Несиеге той жасауды орынды немесе орынсыз деп айта алмаймыз. Бірақ қоғамдағы өзгерістер осыған мәжбүрлеп отыр. Ақша туыстардың, жақын адамдардың қарым-қатынасын бұзады. Сондықтан той жасайтын адамдар қарым-қатынасын сақтап қалу үшін, несиеге жүгінеді, – дейді Динара Әбділдә.

Бұрынғы қазақ тойлары қандай болған?

Тарихи деректерде көшпелі өмір салтын ұстанған қазақтар тойды кең далада өткізгені айтылады. Мұндай жиындарға тек туыстар ғана емес, көрші ауылдар мен ағайындар да шақырылған. Той бірнеше күнге созылып, оған ұлттық ойындар, бәйге, көкпар, палуандар күресі және ақындар айтысы ұйымдастырылған.

Фото: Алматы облысы, 1989 жыл. Александр Павский фотосуреті / ҚазТАГ 

Бұрынғы тойлар қазіргіге ұқсас болған. Тек кейбір жоралғылар қысқарып кеткен. Мысалы, бірінші қызды атастыратын, одан кейін құда түсіп келген. Сосын қыздың әке-шешесі өз келісімін беру үшін хабаршы жіберетін. Келісім жасалғаннан кейін қалың мал берілетін. Қалың мал бірден берілмеген, 60-тан, 100-ден ірі қара, ұсақ мал, заттай кәделерді төлеп болғанша жылға жуық уақыт керек болған. Қалың малдың көп бөлігі төленіп біткенде жігіттің «ұрын бару» салты орындалған, – дейді антрополог.

Динара Әбділдә пікірінше, қазір бұл салт жоғалып кеткен. Себебі бүгінде барлық жоралғы бірінің артынан бірі тез жасалып кетеді. «Қыздың қолын сұрау» дәстүрі де жойылып кеткен. Мұның бәрі бірігіп, құдалықпен бірге жүреді. Кеңес үкіметі кезінде қалың малды жасыру үшін оны «қоржын апару» деп атаған.

Кеңес үкіметі үлкен той жасауға тыйым салған

Қазан төңкерісіне дейінгі той, жиындар далада өткізілетін. Кеңес үкіметі үлкен той жасауға тыйым салғаннан кейін адамдар 20-30 адамға үйінде кішігірім тойлар жасайтын. Кеңес одағының саясаты әлсірегенде тойға шақырылатын адамдардың саны да арта бастады, – дейді антрополог.

Оның айтуынша, шатырда жасалатын тойлардың басталуы осы «жылымық» кезге сәйкес келеді. Ол кезде орталықтанған экономика болғандықтан, адамдар дастарханға қойылатын тағамның бәрін өз қолдарымен жасайтын. Алыс-берістің шектелуін де осы экономикалық жағдаймен түсіндіруге болады. Жалпы нарықта айналымда жүретін заттардың өзі аз еді. Құдалыққа кигізетін костюмнің бір отбасыдан екіншісіне көшіп жүруді қалыпты еді. Өйткені ол кез тапшылық заманы болатын.

Фото: Кеңес үкіметі кезінен сақталып қалған тойхана/ Динара Абилденова

Қытаймен сауда-саттық дамып, экономикалық өсу пайда болғаннан бері киіттің құрамы, дастарханға қоятын заттар көбейіп келе жатыр. Тіпті қазір әлеуметтік желінің ықпалымен бұл үрдіс күшейіп кетті. Той – экономиканың тікелей айнасы. Тойдағы сусынға, тамаққа қарап экономикадағы өзгерістерді айтып беруге болады, – дейді InVision U университетінің әлеуметтану бағдарламасының директоры Динара Әбділдә.

«Дәстүрді ақшасы бар адамдар жасаған»

Кейбір өңір қызды түнде ұзатпаса, кейбір аймақта құдалық, беташар жоралғылары мейрамханада бөлек өткізіледі. Ал Маңғыстау өңірінде қыз жасауымен келген көрпеге құда-құдағи аунайды. Жалпы мұндай жоралғының неше түрі бар және әрқайсы әр өңірде әртүрлі.

Менің зерттеуім бойынша, дәстүрді ақшасы бар адамдар жасаған. 2000 жылдары экономикалық жағдай жақсарғанда ұзату тойлары мейрамханаларда өте бастаған. Қалталы азаматтардың жасаған ұзату тойын басқа халық көріп, іліп алып кеткен. Бай отбасылардың шақыратын қонағы да көп болған. Мен зерттеген өңірде 2015 жылы осындай отбасы мейрамханаға шақыратын қонақтары сыймағандықтан «Беташар» дәстүрін пайдаланып екінші той жасайды. Бірақ келесі жылы еліміздегі экономикалық жағдай төмендеп, халық үнемдеуге көшеді. Дегенмен менің ойымша, сол кездері экономика тұрақты болғанда «Беташар» екінші той ретінде бөлініп шығып, оны мейрамханада тойлау трендке айналар еді, – дейді антрополог.

Оның айтуынша, ақшасы бар адамдар бір тойға 2 асаба жалдап, 2 көйлек киіп шығады. Адамдар өзін ешқашан жаман жағынан көрсеткісі келмейді. Сондықтан тойдағы кейбір әрекеттерін «біздің өңірдің дәстүрі» деп ақтап алады.

Тойдан толықтай бас тарта аламыз ба?

Соңғы жылдары жастар арасында шағын форматтағы тойларға қызығушылық артып келеді. Кейбір жұптар жүздеген қонақ шақырудың орнына ең жақын адамдарымен ғана мереке өткізуді жөн көреді. Сонымен бірге көп қаржы шашпау үшін ұзату мен үйлену тойын бірге өткізетіндер де бар.

Той жасамай тек некесін қидыру қаладағы жастарға тән құбылыс. Ал басқа өңірдегі жастар да іштей осы ұстанымды қолдауы мүмкін. Бірақ олар той жасаудың, үйленудің негізгі функциясын түсіне бермейді. Отбасылық одақ құрудың 3 түрлі дәстүрі бар: діни, АХАЖ бөліміне бару және халық куәлігі, – дейді InVision U университетінің әлеуметтану бағдарламасының директоры Динара Әбділдә.

Антропологтың пікірінше, бізде алып қашу түсінігі әлі бар. Бірақ мұнда екі жас АХАЖ бөліміне бармайды. Әсіресе, ауылдық жерлерде қыздар заң жүзінде қорғалмаған. Бұл жерде қызды ғана емес заңсыз некеден туылатын баланы да заң қорғауы керек. Егер заңды неке болмаса, балаға алимент те төлете алмайды.

Жалпы антропологияда үйленудің негізгі функциясы – некеден туылатын балаларды заңдастыру. Қазақтар үшін той жасамау қыздың да сұрауының болмауы. Ал тойда қаншалықты көп адам болса, қыз бен болашақ баласына әулеттің алатын жауапкершілігі артады. Ендеше той жасау әйел мен баланың құқығын қорғауға талпыныс, – дейді антрополог Динара Әбділдә.

Оқи отырыңыз