2 Шілде, 09:05
Қазақстанда кино суретшісінің еңбегі әлі де толық бағаланбайды – Бекен НарбайБүгінгінің Z ұрпағы (зумерлер) бұрын тек егде жастағы адамдарға тән деп есептелген денсаулық мәселелерімен барған сайын жиі бетпе-бет келуде. Арқа ауруы, көру қабілетінің нашарлауы, созылмалы шаршау және мазасыздық бүгінде студенттік жастағы жастардың өзінде анықталып жатыр. Бұл туралы el.kz порталы 24.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Күніне бірнеше сағат бойы экран алдында отыру қазақстандық жастар үшін қалыпты жағдайға айналды. Алайда дәрігерлер гаджеттерді үздіксіз пайдалану денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Мұны Астанадағы үшінші курс студенті Адэлина Мангал өз тәжірибесінде сезінген.
«Кейде жақсы ұйықтап, демалатын күндер болады. Бірақ көбіне күнім онсыз да тығыз өтеді, соған қарамастан интернет пен әлеуметтік желілерге уақыт бөлемін, ұйықтар алдында да телефон қараймын. Соның салдарынан ұйқым қанбай, жарты күн бойы шаршап жүремін. Кейде арқам ауырады, көзім талады. Ұйқы қанбаған кезде ашуланшақтық, әлсіздік пен енжарлық байқалады», – дейді студент.
Мұндай шағымдарды мамандар жиі еститін болған. Мәселе тек дене қалпының бұзылуы немесе шаршауда емес. Дәрігерлердің айтуынша, жастар арасында семіздік, зат алмасудың бұзылуы, тіпті екінші типті қант диабеті де анықталуда. Бұған көбіне қозғалыстың аздығы, дұрыс тамақтанбау және дене белсенділігінің жеткіліксіздігі себеп.
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы басшысының орынбасары Салтанат Назарованың айтуынша:
«Ұлттық зерттеулерге сәйкес, Қазақстандағы ересектердің шамамен 59 пайызы артық салмаққа ие, ал 5-9 жас аралығындағы әрбір бесінші баланың артық салмағы бар. Сонымен қатар ресми статистика бойынша қант диабетінің таралуы, оның ішінде балалар мен жасөспірімдер арасында да артып келеді».
Оның айтуынша, соңғы 20 жыл ішінде Қазақстанда қант диабетімен ауыратындардың саны төрт еседен астам көбейген.
Сонымен қатар жастар арасында ең жиі кездесетін мәселелердің бірі – көру қабілетінің төмендеуі. Гаджеттер оларды оқу кезінде ғана емес, демалыс уақытында да тәулік бойы дерлік сүйемелдейді.
Мамандар жасөспірімдер арасында миопияның (алыстан көрмеушілік) жиілегенін айтады. Ауру асқынған жағдайда ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін.
Офтальмохирург Жанель Тұмарбайдың айтуынша:
«Бұл тек жеке адамның немесе Қазақстанның мәселесі емес. Бұл – бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау жүйесі үшін маңызды жаһандық сын-қатер. Мамандардың болжамынша, алдағы жылдары әлем халқының жартысына жуығы миопиямен өмір сүруі мүмкін. Сонымен қатар зумерлер арасында көздің шамадан тыс шаршауы, құрғақ көз синдромы және аккомодацияның бұзылуы жиі кездеседі».
Дәрігердің сөзінше, гаджет қолданғанда адамдар сирек жыпылықтайды. Соның салдарынан көздің жас қабығы тез буланып, құрғақтық, жайсыздық және ашыту сезімі пайда болады. Көптеген жастар көру қабілетінің біртіндеп төмендеуін бірден байқамайды, өйткені оған уақыт өте бейімделіп кетеді.
Сонымен бірге үздіксіз ақпарат ағыны, әлеуметтік желілердің қысымы және оқу жүктемесінің көп болуы жастардың психикалық денсаулығына да әсер етеді. Психологтар жастар арасында мазасыздықтың, эмоциялық күйзелістің (эмоциялық қажудың) және ұйқы бұзылыстарының көбейгенін атап өтуде.
Психология ғылымдарының кандидаты Яна Чигарькова:
«Эмоциялық жүктеменің көптігі, үздіксіз бәсекелестік пен тұрақсыздық жастардың психикасына қатты әсер етеді. Сондықтан олар барлық жағдайды өте сезімтал қабылдайды. Қазіргі заманның қысымы әсіресе өсіп келе жатқан психика үшін ауыр. Өйткені адам миы осыншалық көп ақпаратты қабылдауға бейімделмеген», – дейді.
Мамандардың айтуынша, бұл қауіптердің көпшілігінің алдын алуға болады. Ол үшін профилактикалық тексерулерден уақытылы өтіп тұру, экран алдында өткізетін уақытты шектеу және тұрақты түрде дене белсенділігімен айналысу қажет.
2 Шілде, 09:05
Қазақстанда кино суретшісінің еңбегі әлі де толық бағаланбайды – Бекен Нарбай1 Шілде, 17:41
Алакөлден Ыстамбұлға дейін: жазғы демалысқа қайда баруға болады?1 Шілде, 17:12
Спорттағы қазақ тілі: сәннен сұранысқа дейін30 Маусым, 14:11
«Керек болып қалар»: үйіңізде бекер шаң басып жатқан 18 зат