Қазақстан клубы Голландия чемпионатына қатыспақ

Қазақстан клубы Голландия чемпионатына қатыспақ

14.09.2013 06:50

Регбиден Қазақстанның ең үздік клубы алдағы уақытта Голландия чемпионатына қатысуы мүмкін. Келесі жылы Францияда өтетін әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы үздік алтылықтан көрінуді көздейді. Сондай-ақ регбишілеріміз 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына да дайындықтарын бастап кетті. Бұл туралы кеше Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан регби федерациясының өкілдері мәлімдеді. 

Әлқисcа. Таяуда оңтүстік астанамыз Ал­матыда регби-15 әйелдер арасындағы Азия біріншілігі өтіп, Қазақстан ұлттық құ­ра­масы «Сары құрлық» чемпионы атан­ған болатын. Сондай-ақ келесі жылы Франция астанасы Парижде өтетін дүниежүзілік до­даға берілер жалғыз жолдаманы жеңіп ал­ған. Міне, кеше Қазақстанның регби фе­де­рациясының Алматыда өткізген бас­па­сөз мәслихаты негізінен осы додаға арналды.

Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық регби федерациясының (IRB) ережесі бо­йынша, әлем чемпионатына жолдама бе­ре­тін Азия біріншілігіне «Сары құрлықтың» рейтингі жоғары төрт елі ғана қатыса ала­ды. Осыған сәйкес, Алматыда әлем чем­пио­натының жолдамасын Қазақстан, Жа­пония, Гонг-Конг және Сингапур құрама­лары өзара сарапқа салған. Нәтижесінде, жартылай финалда Сингапурді 97:7 есе­бімен ойсырата жеңген. Ал Жапония Гонг-Конгті 82:0 есебімен тізе бүктірді. Сөйтіп, финалда жерлестеріміз Күншығыс елінің өкілдерімен кездесіп, аса тартысты өткен матчта 25:23 есебімен жеңіске жетті.

– Негізі, бұған дейін жапондықтарды 40 ұпай айырмашылығымен де жеңіп жүр­генбіз. Бірақ бұл жолы барынша да­йын­­дық­пен келіпті. Оның үстінде ойынның ал­ғашқы минуттарында біздің қыздар жа­пондарды әдеттегідей қалпақпен қайырып аламыз деп ойлап, босаңсып қалды. Тек үзілістен кейін ғана естерін жинап, тізгінді қолдарына алды, – деді финалдық матч туралы Қазақстан регби федерациясының бас директоры әрі ұлттық құрамамыздың бас жаттықтырушы­сы Станислав Кнорр.

Енді Қазақстан құрамасы келесі жыл­дың 1-17 тамызы аралығында Франция ас­танасы Парижде өтетін әлем біріншілігіне қатысады. Бес құрлықтың 12 командасы қатысатын дүниежүзілік додада өнер көр­сетуге Азияның бір-ақ командасы құқылы. Міне, сол жолдаманы біздің қыздар жеңіп алды. Ал Қытай қайда? Тайландтың да рег­биі жақсы дамыған, Үндістанда да спорт­тың бұл түріне жақсы көңіл бөлінеді? Ол­ардың рейтингі қалайша басқалардан төмен? Бұл сұраққа Станислав Влади­ми­рович былай деп жауап береді.

– Өздеріңіз білесіздер, регби Олимпиа­да ойындарының бағдарламасы­на қайта ен­ді. 82 жылдық үзілістен кейін 2016 жы­лы регби додасын Олимпиада ойындары­нан қайта тамашалайтын боламыз. Бірақ Ха­лықаралық Олимпиада комитеті Рио до­дасының бағдарламасына спорттың осы түрінің регби-15-ін емес, регби-7 деп ата­латын ойынын қосқандықтан, қазір көп­теген елдер регби-7-ге барынша көңіл бөлуде. Қытай да, Тайланд пен Үндістан да сол секілді. Сондықтан бұл елдерде рег­би-15 кенжелеп қалды. Дегенмен жа­қын­да (IRB) жаңа ережелер енгізді. Енді регби-15 ойыны дамымаған елдер Олим­пиада ойындарының іріктеу додасына қа­тыса алмайды. Сондықтан бүгінде әлгі ел­дердің бастары қатып жүр. Ал негізінде ең бірінші осы регби-15 пайда болған. Бұл екеуінің айырмашылығы – ойыншылары­ның санында және ойынның ұзақтығында, – деді Станислав Кнорр.

Жалпы, регби 1900, 1908, 1920 және 1924 жылғы жазғы Олимпиада ойында­ры­ның бағдарламасына енген. Алғашқы үшеуіне екі-ақ командадан қатысқан бол­са, соңғысында жүлдеге үш құрама қаты­сып, үшеуі де жеңіс тұғырына шыққан. Сон­дықтан спорттың бұл түрінің тартым­ды­лығы болмай, Олимпиада бағдарлама­сынан алынып тасталған. Ал 2014 жылғы әлем чемпионатын өз жерінде ұйымдас­тырудан әу баста Қазақстан да үмітті бо­лыпты. Бізден бөлек, Жаңа Зеландия, Самоа аралдары және АҚШ-та 2014 жыл­ғы әлем чемпионатын өз жерінде өткізгісі келген. Алайда Халықаралық регби феде­ра­циясы Францияның кандидатурасын құптаған екен.

– Дегенмен, шыны керек, біздің еліміз­де спорттың бұл түрі көпшілікке таңсық. Рег­биді өмірлік серік ететіндер көп емес. Қа­зақ­стан регби федерациясының прези­денті Бексұлтан Сәрсековтің айтуынша, Қа­зақстанда регби тек үш-төрт қалада ға­на аздап дамыған. Ел біріншілігінде де бә­секелестікке қабілетті командалар аз. Де­генмен кейбір аймақтар регбиді дамытуды қолға ала бастапты.

Федерация басшылығына келгенімен көп болған жоқ. Бұған дейін 10 жылдай елі­міздің қоян-қолтық төбелес федера­ция­сын басқардым. Енді, міне, спорттың осы түріне ауысып отырмын. Жалпы, рег­би өзінің бойына спорттың бірнеше түрінің элементтерін жинақтаған. Мұнда күрес те бар, доп та бар, тартыс та, талас та – бәрі бар. Өте қызық. Қазір еліміздегі регбидің жағ­дайымен 80 пайызға танысып шық­тым. Алматы, Астана, Талдықорған, Қос­та­най, Шымкент қалаларында жақсы дамыған екен. Жақында Өскеменде де спорттың осы түрінен кәсіпқой клуб ашылмақ. Ал басқа қалалар әзірге үнсіз, – деді Бексұлтан Сәрсеков.

– Әлем чемпионатында қай орын­нан көрінуді жоспарлап отырсыздар? Жал­пы, Рио Олимпиадасына дайын­дық­та­рыңыз қалай?

– Негізі, дүниежүзілік додаға 12 коман­да қатысады. Біз топтан шығып, үздік ал­ты­лық­тан көрінгіміз келеді. Одан кейін Олим­пиада ойындары күтіп тұр. Әлбетте, ол жақта командалар мүлдем басқаша ой­найды. Қытайың да, Жапонияң да ба­рын салады. Сондықтан барынша дайындалуы­мыз керек. Алдымен өзіміз­ден бастап, ішкі біріншіліктің дәрежесін көтеру қажет. Де­меушілерден көмек сұрай­мыз. Бізде «Форбстың» ең бай адамдар тізіміне енген азаматтар бар. Солар регбиге де көз қы­рын салып, көмектессе екен дейміз. Ішкі чемпионатта бәсекелестік тым нашар. Сон­дықтан еліміздің ең үздік клубын Гол­лан­дия чемпионатына қатыстыру ойы­мызда бар. Олардың федерациясымен ке­лісіп те қойдық. Енді қаржы табу жағы ғана қалды. «Эйр Астана» компаниясы жол шығындарымызды өтеуге келіскендей болды. Құдай бұйыртса, Голландия чем­пионатында өнер көрсетіп, ойыншылары­мыз­дың шеберліктерін шыңдайтын бола­мыз.

Балжан ҚОЙШЫБАЕВА, регбиден Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы:

– Қазір регби елімізде жақсы қар­қын­мен дамып жатыр. Азияның алдын бермей келе жатқанымызға да бірнеше жылдың жүзі болды. Өзіме регби қатты ұнайды. Есеңді жібермеуге тәрбиелей­тін ойын ғой. Кейбірі қыздарға жарас­пайды, жарақат алу қаупі жоғары деп жатады. Мұның барлығы бос сөз. Өз басым жарақат алған кезім көп болған да жоқ. Қайта спорттың басқа түрле­рі­не қарағанда аса қауіпті емес. Тек шап­шаң болып, дер кезінде пас беріп үл­гер­сең болды.

 

Әзиз ЖҰМАДІЛ

Baq.kz

Оқи отырыңыз