Шыңжаң қазақтарының кейбір әдет-ғұрыптары

9 Қараша 2012, 03:35

Соңғы редакциялау: 30 қазан 2012 Шыңжаң қазақтарының кейбір әдет-ғұрыптары (МОРИ ҚАЗАҚТАРЫ БОЙЫНША) Баланың өмірге келуіне байланысты әдет-ғұрыптар Шыңжаң қазақтарында жас сәбидің өмірге келуіне, тәрбиесіне байланысты ырым-тиымдар, әдеттер жалпы қазақтық салттарымен бірдей, бірақ жергілікті, рулық, елдік ерекшеліктері бар. Толғағы келген әйелді тізерлеп отырғызып қойып, екі қолтығынан сүйеп қойып босандырады. Жолдасы түспей қойғанда әйелді айналдыра келсаппен жерді түйгілеп, бір айналдырып шығады. Жүрегі лоқсысын деп ер адамның (күйеуінің А.Т.) тізесінің кірін ішкізеді, түндіктің бауын аузына салады. Бала шыр етіп жерге түскенде қойдың жабағысына орап алады. Шешесінің шашын ширатып, сәбидің аузына, көмейіне дейін жіберіп құстырады, себебі босанған кезде шарана баланың аузына кетіп қалады деп. Баланы әбден құстырып алғаннан кейін, қойдың құйрығының қыртыс майын үшкілдеп тіліп ап, шәугімге сап бір рет қайнатып балаға сорғызады күніне 2-3 уақ құйрық сорған баланың ішінде жел болмайды. Қалжаға сойылған қойдың сорпасына баланы шомылдырады, яғни сорпаның көбігін жинап ап денесіне жағады. Сонда баланың денесінің қызылшақасы кетеді. Қалжаның асықты жілігінің етін ойып алып, шешесіне қуырдақ қуырып береді, тез әлденеді деп есептейді. Алдымен қалжадан әйел ауыз тиеді. Қуырдақты сорпасымен бір кесе қылып бірақ ішкізеді. Басқа адам ауыз тиіп қойса баланың іші ауырады деп ырымдайды. Кіндігін шүберекке түйіп сандықтың түбіне сақтайды. Малсақ, малы көп болсын деп аттың жалына байлап жібереді. Қарын шашын алып малың көп болсын деп қораға шашып жібереді. Алғашқы тырнағын алғанда көп қияқ шөпті турап-турап тырнақты араластырып «бісміллә!» - деп жерге көміп тастайды. Кіндігі түскеннен соң қырқынан шыққанша тұзды суға шомылдырып қойдың құйрық майымен сылайды. Аузынан бастап бүкіл денесін тұзға түсіреді. Қолдың сұқ саусағын баланың аузына тығып тұзбен шылайды, әйтпесе аузы тұзға піспей қалады. Жаялыққа орап қойып, тұз өтіп кетіпті –ау дегенде маймен сылайды. Сарымайменде сылайды. Көбінесе құйрық маймен сыласа жел тартады дейді. Қырқынан шығарарда қырық қасық суға шомылдырады. Сәбиге алғаш денесіне кигізген ит көйлекті 40-күн яғни қырқынан шығарғанға дейін кигізеді де, сақтап қояды. Кейін бала өсіп алыс  сапарға аттанғанда ит көйлектен жыртып алып атының ауыздығына, ноқта, жүгеніне байлап қояды. Кейде үлкен адамдардың өзі жол жүрсе ит көйлегін алып жүрген. «Аман барып, аман келтіретін» ит көйлектің жолы үлкен деген сөз бар. Бесікке саларда, бесіктің ағашының бетіне ортасын тесіп бір қабат киіз салады, оны жөргек дейді. «Бесігіңді берсеңде, жөргегіңді берме» - деген тәмсіл бар. Баланы бөлерде алдымен тыштымасын жасайды. Түбек тұратын тесіктен тәттілерді түсіргенде, ел талап алады. Баланың атын туа сап қойып, бесікке салғанда азан шақырып қояды, құлағына сенің атың бәлен – деп 3-рет айғайлайды. Кейде бесікке атша мініп тұрып атын қояды. Бесікке бөлерде, баланы ұстаған адамнан бастап, маңайындағы барлығы үндемей қалады. Сол мезетте ырду-дырду, күлкі, дауыстаған сөз болса, бала мазасыз, жеңілтек болып өседі деп жориды. Сондықтан бесікке бөлеуге жуас, салмақты, сабырлы, ақыл тоқтатқан беделді әйел таңдап алынады. Бесікке бөлегенде баланың басы дұрыс өссін деп, тары жастыққа салады, тары сырғымалы болады бастың формасы бір жағына қисаймайды. Тары жастық бала қалай қозғаласа солай қозғалады, тары судырып баланың басын доп-домалақ етіп шығарып береді. Бөлеп болған соң атасының белбеуін, жүген, сары ала қамшысын, қабын, басына айна , тарағын, пышақ қояды. Базарға барса айна тарағын ұмытып кетпесін –деп жоралайды. Қап – астық салатын қап, астығы мол, қабы дәнге толсын деп ырымдайды. Жыртыс жыртып бесік тойына келгендерге үлестіреді.к Көшкенде бір-екі бала болса бесікті алдына өңгеріп алып, ересектеуін артына мінгестіріп жүре беретін. Бұрын бала көп болатын, екі баланы бір кебежеге салып, аяқтарын айқастырып көрпемен қымтап, кебеженің қақпағын ашып қойып, оны түйенің қомына іле сап көшіп жүрген. Тұсау кесер жасарда бір ақ, бір қара жіпті алып оңқай-солақай етіп, тұсау кесерге сойылған қойдың ішегімен бірдей қылып баланың аяғына байлайды. Тұсауды аяқ-қолы тез қимылдайтын бір адамға кестіреді. Тұсау кесерге жиналғандар тілеуге сойылған малдың етін жеп, тілек айтып тарасады. Жерлеу салтының кейбір ерекшеліктері Қызай мен албан елдерінің еркектері таяққа сүйеніп тұрып «ой бауырымдап» қайтыс болған адамды жоқтайды. Қазасы бар үйдің жоқтаушысы жоқ болса, жоқтау айтатын адам сол үйдің әйелі боп, не қызы боп жоқтау айтып береді. Дәуіт деген өлеңші адам жоқтаушысы жоқ үйдің адамы болып, шымылдықтың ішінде отырып ап жоқтау айтады екен. Оны ешкім сұрамайды себебі қайғы болып жатқан үй, ел жоқтаушысы бар екен ғой – деп қазаға келгендер ырза болады. Марқұмның мәйітін бейітке апарарда жол қиын болса, бір адам аттың артына отырады да, ердің үстіне тақтай қойып, тақтайдың үстіне мәйітті жатқызып апаратын болған. Тақтай болмаса керегенің үстіне салып өңгеріп кететін. Қабір қазып адамды қоюдың әдісі 1) жерді төртбұрыштап қазып жанынан ақым шығарып қояды. 2) жерді төртбұрыштап қазып алып үстін ағашпен жабады, оны бетағаш дейді, бетағаштың үстінен топырақпен жабады. 3) жерден төртбұрыштап тік қазып, жанынан ауыз шығарады, оны жерошақ дейді, ауыздан кейін ақым қазады, мәйіт көлденең жатады, беті құбылаға қарайды. Бұл жақта жерді үнемдегендіктен кейде бір тік төртбұрыш қазып алып жан-жағына төрт мәйіт қойған кезі болады Ақымды  «жер бесік»  - депте атайды. Бесіктің іші адам малдас құрып отыратындай болу керек. Иманкиіз – мәйітті ақыретке орап, содан соң киізге ораған соң, шапанын алып тастайды да өзінің бөлмесіне іліп қояды. Марқұмды жерлеп келген соң түнде аспанда жұлдыз шыға бастағанда далаға жайып алады, таң ата иманкиізді қайта кіргізеді. Иманкиізге күн тигізбейді, қалампыр салып жиып тастайды. Өлген адамның бетін жапқан шымылдығын құрып, барлық киімдерін тұлдап алып іліп қояды. Қабірдің үстіне үйген топырағын бесікше етіп шығарып, оны бесік шығарып жинау деп атайды. Кейде бесікше үйлеу деп те атайды. Мәйітті жуатын адамдар жұп бола береді 4, 6 адам. Кейде мәйіттің басына түсетін адамдар «мен мына кісінің құндыз бөркіне, саптама етігіне т.б. сол сияқты заттарына түстім» дейді екен. Сол адамға айтқан заттарын берген. Қазіргі жағдайда мәйітке түскен адамдарға басына бас киім, денесіне дене киім, аяғына аяқ киім сатып береді. Болмаса мөлшермен ақшасын береді. Аңшылық және аңшылық дәстүлері Аю атқанда «аю аттым» - деп 3 рет айқайлау керек. Қақпанды құрғанда, «қай жерге құрдым» деп өзіңнен өзің жаңылысып таба алмай қалатын жағдайға келсең, сонда қақпанының дұрыс құрылғаны. Түлкіге қақпан құрғанда аңшылар шыжық шашып тастайды, түлкі қу жануар ғой, құйрығымен оны сыпырып шетіне шығарып шыжықты жемекші болады. Оған аңшылар мынандай айла қолданды. Шыжықтың ішіне кәріқыз (шоқайна) деген шөпті араластырып тастайды. Түлкі шыжықты құйрығымен сыпырып тастамақшы болғанда құйрығына кәріқыз жабысып қалады. Түлкі енді құйрығындағы кәріқызды аузымен тістеп алмақшы болып жанталасқанда қақпанға түсіп қалады. Ғазезхан деген аңшы бүркіт салып жүргенде бір  ініне кіріп бара жатқан түлкіні алмақшы болғанда, бүркіттің бір көзіне ши кіріп кететін соқыр болып қалады. Сол бүркіт оң қанатын бір қаққанда сол қанатын екі қағатын болған. Сол көзі соқырлықтан, әйтпесе аударылып кететін болған. Бір жолы бір топ бүркітші әңгімелесіп келе жатқанда екі-үш бүркіт бір ұларды қуып бара жатыр екен. Сонда Ғазезхан шеткі бүркіттің біреуінің көзі соқыр екен дейді. Бүркітшілер тұрып – Әй Ғазезхан не шатып келесің, аспанда ұшып бара жатқан құсты сен қалай парықтайсың? Ғазезхан  ол жолы ешнарсе айтпайды. Сол жерге тұзақ құрып бүркіттің біреуін ұстап алса, ол бүркіттің оң көзі соқыр болып шығады, ол оң қанатын екі рет қағады екен. Ғазезхан бүркітшілерді жинап, әлгі соқыр бүркітті ұшырып, қанатын қалай қағатынын көрсетіп сөзін мойындатқан екен. Тұзақ екі түрлі болады Шаппа тұзақ – ағаштың басын иіп, шыбықты жерге шаншып қора жасайды, оның есігі болады. Қораның ортасы төмпешік болады, соған тұзақ құрады тұзақтың қылын ақ боз жылқының қылынан есетін, себебі қыста ақ  боз жылқының қылы көрінбейді. Бүркіт есіктен кіргенде есік өзінен-өзі жабылып қалады. Атпа тұзақ- малдың, аңның жемтігі болады соны жеп жатқан бүркітті  ұшырып жіберіп, әлгі жемтіктен бір кесім етін кесіп алып, оны жылқының қылымен байлап, екінші жағын ауыр тоқпақ ағашқа байлап қояды. Әлгі етті жеген соң, бүркіт өзінен-өзі арқандалып қалады. Бүркіт келе сап әлгі етті жұта салғанда өзінен-өзі тұзаққа түседі. Қасқыр атуға шыққан аңшы қасқырды ауызға алмау керек. Мысалы- ой әлгіге, бәленге барушы едім деп жүріп кетеді. 4-ші айдың басында ақшақар жауғанда қасқыр күшіктегенде қасқыр аулауға шығады. Күшіктейтін уақытын аңшылар есептеп шығарады. Екі аңшы аңға шыққанда бір қасқыр жортып бара жатады. Ананы ат дегенде жанындағы серігі атып қалады, қасқыр домалап түседі, сөйтсе ішінді 3-күшік бар екен, туған жерінде бір күшік қалыпты. Себебі, қасқыр туып жатқанда аңшылар үстінен түскен, қасқыр қорыққанынан қашқан. Қасқыр күшіктегенде маңайынан мал жемейді, тіпті жанында өзі ауылының малы жүрседе тиіспейді. Алыстан әкеп жейді, бір-екі күндік жерден әкеп жейді. Жемтікті мойнына көтеріп жүрмейді. Сол жерде жеп келген соң күшіктеріне құсып береді. Күшігін құсып бағады. Күшік ержете бастағанда ертіп жүріп малға, мына малға ана малға тиіскізіп, енесі малды шала өлтіріп береді. Қасқырдың туып жатқанын майдан деп атайды, онда жемтік әкеп бермейді. Қасқыр бір жылда бірақ рет күшіктейді, екі рет күшіктемейді. Қасқырдың соқпалы, саруы - үнемі жүріп тұратын жолына сарып, нәжіс қалдырып отырады. Сол жерлерге бір айда бір не екі рет міндетті түрде келіп отырады, сол жерге қақпанды біліндірмей құрады. Адырыспан – деген шөп жердің бетіне шығып келе жатқанда соған қазанды төңкеріп тастайды, топырақпен көміп қояды. Жайлаудан түсіп күзде шөп піскенде 10-11- айда қазанның жан-жағын ашып, адам аузы – басын таңып,  кезде маска киеді. Ол кезде қолғап жоқ, ұзын құрықпен қазанды төңкеріп, анандай жерге лақтырып жібереді. Бірден қазанға тиіспейді, ол 1-2 сағатпа әлде, бір күн тұрама, белгісіз, қазанның іші көк тат болып кетеді. Қазанның ішіндегі көк нілді қырып алып өте мұқият шыны ыдысқа сақтайды. Ол – У. Ол у -ды  үзеңгінің табанына жақса адамның етігінен өткен у атқа мінген адамды бірден өлтіреді. Бір адамға қас қылу үшін темір үзеңгінің астынан жақса темірден өтіп одан соң адамның етігінің өкшесінен өтіп адам сол сәтте өліп кетеді екен. Тоғыз атар мылтықтың дәрісін қарағайдың шоғымен талдың шоғын араластырып оған күкірт қосып жасаған. Мұны суға қосып аздан ішсе соқыр ішек ауруына ем. Шыжың ауруына көктемде көктеген шидің үлпілдеген басын қайнатып 7- рет ішсе ем. Қасқырдың тілі, өті дәрі. Тілі талма ауыруын қоймайды. Бауыры мұрынға жел түссе, оны қайраққа қайрап –қайрап соны мұрынның сыртынан жағады. Бауырды алдымен кептіреді. Мұрнына дәріні жаққанда күштілігі сондай ауызға, тілге қанның дәмі келіп қан татып кетеді, сол кезде дәріні тоқтата қою керек, әйтпесе одан адам өліпте кетуі мүмкін. Белге құрт түссе қасқырдың кепкен тілін қайраққа өлтіріп белге жақса науқас жазылады. Ол үшін қасқырдың тілін кептіріп қояды. Тілін талқандап суға езіп ішсе талма (эппилепсия) ауруына ем. Қасқырдың асығы өзіңмен бірге алып жүрсең тіл-көзден, ұшықтан аман-есен боласың.  Атыс-шабыс болып кетсе оқта  тимейді деген ырым бар. Мәшинеде жүрсең мәшине аударылса өзің аман қаласың. Асықты қалтаға сап жүру керек. Түлкінің тұмсығын асынып алған адам ешқашан ешнәрсені ұмытпайды. Бұғының қаны қанды өрлетеді, ол қаны төмен болса жоғарлатады. Бұғының өті өт ауруына дәрі. Көзіңіз жарамай қалса бұғының көз жасын көзінің алдындағы былшығын  көзіңізге тамызсаңыз көзіңіз көретін болып сол қалпына келеді. Бұғыныңда қасқырдыңда дене-қуатының бәрі ем. Аюдың өті жаман аурудан жазады, аюдың өтін алмас бұрын бір қапшық ине табу керек. Аюдың өтін жарып жіберіп, өтінің ішіне инелерді салып жіберу керек. Аюды сойып етін бұзып әбден жұмыс біткен соң өттің ішіндегі инеден бір талы қалмай бәрі еріп кетеді. Ең ем болатыны күшті дәрі сол. Рак аурудың бәрін емдейді. Майы буын қабыну ревматизмге ем. Табан майын табаныңызға, қол майын қолыңызға жақсаңыз қақсаудан, сырқыраудан ем болады. Ілбістің сүйегі ем, етінде ем жоқ. Бүйрегі бүйрек ауруына ем. Ілбіс қақпанға түссе, жуас жата береді. Бұғы жарағанда 40-50 маралды бірақ иіреді, жайылтпай тұрады, маралдар әбден шөлдейді сол кезде суға су ішуге қоя бере салады, маралдар шауып барып, өзенді жағалай тізіліп су ішіп жатқанда бұғы басынан бастап аяғына дейін шауып шығады. Екінші рет бұғы шаппайды, маралдар өзінше, бұғы өзінше кетеді.  Шыңжаң қазақтарының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінде өзіндік ерекшеліктер  көп кездеседі, бұл Қазақстан қазақтарында да аймақтық, елдік, рулық өзгешеліктермен мәндес. ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты. Алматы  

Соңғы редакциялау:

30 қазан 2012

Шыңжаң қазақтарының кейбір әдет-ғұрыптары

(МОРИ ҚАЗАҚТАРЫ БОЙЫНША)

Баланың өмірге келуіне байланысты әдет-ғұрыптар

Шыңжаң қазақтарында жас сәбидің өмірге келуіне, тәрбиесіне байланысты ырым-тиымдар, әдеттер жалпы қазақтық салттарымен бірдей, бірақ жергілікті, рулық, елдік ерекшеліктері бар.

Толғағы келген әйелді тізерлеп отырғызып қойып, екі қолтығынан сүйеп қойып босандырады. Жолдасы түспей қойғанда әйелді айналдыра келсаппен жерді түйгілеп, бір айналдырып шығады. Жүрегі лоқсысын деп ер адамның (күйеуінің А.Т.) тізесінің кірін ішкізеді, түндіктің бауын аузына салады. Бала шыр етіп жерге түскенде қойдың жабағысына орап алады. Шешесінің шашын ширатып, сәбидің аузына, көмейіне дейін жіберіп құстырады, себебі босанған кезде шарана баланың аузына кетіп қалады деп. Баланы әбден құстырып алғаннан кейін, қойдың құйрығының қыртыс майын үшкілдеп тіліп ап, шәугімге сап бір рет қайнатып балаға сорғызады күніне 2-3 уақ құйрық сорған баланың ішінде жел болмайды.

Қалжаға сойылған қойдың сорпасына баланы шомылдырады, яғни сорпаның көбігін жинап ап денесіне жағады. Сонда баланың денесінің қызылшақасы кетеді. Қалжаның асықты жілігінің етін ойып алып, шешесіне қуырдақ қуырып береді, тез әлденеді деп есептейді. Алдымен қалжадан әйел ауыз тиеді. Қуырдақты сорпасымен бір кесе қылып бірақ ішкізеді. Басқа адам ауыз тиіп қойса баланың іші ауырады деп ырымдайды.

Кіндігін шүберекке түйіп сандықтың түбіне сақтайды. Малсақ, малы көп болсын деп аттың жалына байлап жібереді. Қарын шашын алып малың көп болсын деп қораға шашып жібереді. Алғашқы тырнағын алғанда көп қияқ шөпті турап-турап тырнақты араластырып «бісміллә!» - деп жерге көміп тастайды.

Кіндігі түскеннен соң қырқынан шыққанша тұзды суға шомылдырып қойдың құйрық майымен сылайды. Аузынан бастап бүкіл денесін тұзға түсіреді. Қолдың сұқ саусағын баланың аузына тығып тұзбен шылайды, әйтпесе аузы тұзға піспей қалады. Жаялыққа орап қойып, тұз өтіп кетіпті –ау дегенде маймен сылайды. Сарымайменде сылайды. Көбінесе құйрық маймен сыласа жел тартады дейді. Қырқынан шығарарда қырық қасық суға шомылдырады.

Сәбиге алғаш денесіне кигізген ит көйлекті 40-күн яғни қырқынан шығарғанға дейін кигізеді де, сақтап қояды. Кейін бала өсіп алыс  сапарға аттанғанда ит көйлектен жыртып алып атының ауыздығына, ноқта, жүгеніне байлап қояды. Кейде үлкен адамдардың өзі жол жүрсе ит көйлегін алып жүрген. «Аман барып, аман келтіретін» ит көйлектің жолы үлкен деген сөз бар. Бесікке саларда, бесіктің ағашының бетіне ортасын тесіп бір қабат киіз салады, оны жөргек дейді. «Бесігіңді берсеңде, жөргегіңді берме» - деген тәмсіл бар. Баланы бөлерде алдымен тыштымасын жасайды. Түбек тұратын тесіктен тәттілерді түсіргенде, ел талап алады. Баланың атын туа сап қойып, бесікке салғанда азан шақырып қояды, құлағына сенің атың бәлен – деп 3-рет айғайлайды. Кейде бесікке атша мініп тұрып атын қояды. Бесікке бөлерде, баланы ұстаған адамнан бастап, маңайындағы барлығы үндемей қалады. Сол мезетте ырду-дырду, күлкі, дауыстаған сөз болса, бала мазасыз, жеңілтек болып өседі деп жориды. Сондықтан бесікке бөлеуге жуас, салмақты, сабырлы, ақыл тоқтатқан беделді әйел таңдап алынады. Бесікке бөлегенде баланың басы дұрыс өссін деп, тары жастыққа салады, тары сырғымалы болады бастың формасы бір жағына қисаймайды. Тары жастық бала қалай қозғаласа солай қозғалады, тары судырып баланың басын доп-домалақ етіп шығарып береді. Бөлеп болған соң атасының белбеуін, жүген, сары ала қамшысын, қабын, басына айна , тарағын, пышақ қояды. Базарға барса айна тарағын ұмытып кетпесін –деп жоралайды. Қап – астық салатын қап, астығы мол, қабы дәнге толсын деп ырымдайды. Жыртыс жыртып бесік тойына келгендерге үлестіреді.к

Көшкенде бір-екі бала болса бесікті алдына өңгеріп алып, ересектеуін артына мінгестіріп жүре беретін. Бұрын бала көп болатын, екі баланы бір кебежеге салып, аяқтарын айқастырып көрпемен қымтап, кебеженің қақпағын ашып қойып, оны түйенің қомына іле сап көшіп жүрген.

Тұсау кесер жасарда бір ақ, бір қара жіпті алып оңқай-солақай етіп, тұсау кесерге сойылған қойдың ішегімен бірдей қылып баланың аяғына байлайды. Тұсауды аяқ-қолы тез қимылдайтын бір адамға кестіреді. Тұсау кесерге жиналғандар тілеуге сойылған малдың етін жеп, тілек айтып тарасады.

Жерлеу салтының кейбір ерекшеліктері

Қызай мен албан елдерінің еркектері таяққа сүйеніп тұрып «ой бауырымдап» қайтыс болған адамды жоқтайды. Қазасы бар үйдің жоқтаушысы жоқ болса, жоқтау айтатын адам сол үйдің әйелі боп, не қызы боп жоқтау айтып береді. Дәуіт деген өлеңші адам жоқтаушысы жоқ үйдің адамы болып, шымылдықтың ішінде отырып ап жоқтау айтады екен. Оны ешкім сұрамайды себебі қайғы болып жатқан үй, ел жоқтаушысы бар екен ғой – деп қазаға келгендер ырза болады. Марқұмның мәйітін бейітке апарарда жол қиын болса, бір адам аттың артына отырады да, ердің үстіне тақтай қойып, тақтайдың үстіне мәйітті жатқызып апаратын болған. Тақтай болмаса керегенің үстіне салып өңгеріп кететін.

Қабір қазып адамды қоюдың әдісі 1) жерді төртбұрыштап қазып жанынан ақым шығарып қояды. 2) жерді төртбұрыштап қазып алып үстін ағашпен жабады, оны бетағаш дейді, бетағаштың үстінен топырақпен жабады. 3) жерден төртбұрыштап тік қазып, жанынан ауыз шығарады, оны жерошақ дейді, ауыздан кейін ақым қазады, мәйіт көлденең жатады, беті құбылаға қарайды. Бұл жақта жерді үнемдегендіктен кейде бір тік төртбұрыш қазып алып жан-жағына төрт мәйіт қойған кезі болады Ақымды  «жер бесік»  - депте атайды. Бесіктің іші адам малдас құрып отыратындай болу керек. Иманкиіз – мәйітті ақыретке орап, содан соң киізге ораған соң, шапанын алып тастайды да өзінің бөлмесіне іліп қояды. Марқұмды жерлеп келген соң түнде аспанда жұлдыз шыға бастағанда далаға жайып алады, таң ата иманкиізді қайта кіргізеді. Иманкиізге күн тигізбейді, қалампыр салып жиып тастайды. Өлген адамның бетін жапқан шымылдығын құрып, барлық киімдерін тұлдап алып іліп қояды.

Қабірдің үстіне үйген топырағын бесікше етіп шығарып, оны бесік шығарып жинау деп атайды. Кейде бесікше үйлеу деп те атайды.

Мәйітті жуатын адамдар жұп бола береді 4, 6 адам. Кейде мәйіттің басына түсетін адамдар «мен мына кісінің құндыз бөркіне, саптама етігіне т.б. сол сияқты заттарына түстім» дейді екен. Сол адамға айтқан заттарын берген. Қазіргі жағдайда мәйітке түскен адамдарға басына бас киім, денесіне дене киім, аяғына аяқ киім сатып береді. Болмаса мөлшермен ақшасын береді.

Аңшылық және аңшылық дәстүлері

Аю атқанда «аю аттым» - деп 3 рет айқайлау керек. Қақпанды құрғанда, «қай жерге құрдым» деп өзіңнен өзің жаңылысып таба алмай қалатын жағдайға келсең, сонда қақпанының дұрыс құрылғаны. Түлкіге қақпан құрғанда аңшылар шыжық шашып тастайды, түлкі қу жануар ғой, құйрығымен оны сыпырып шетіне шығарып шыжықты жемекші болады. Оған аңшылар мынандай айла қолданды. Шыжықтың ішіне кәріқыз (шоқайна) деген шөпті араластырып тастайды. Түлкі шыжықты құйрығымен сыпырып тастамақшы болғанда құйрығына кәріқыз жабысып қалады. Түлкі енді құйрығындағы кәріқызды аузымен тістеп алмақшы болып жанталасқанда қақпанға түсіп қалады.

Ғазезхан деген аңшы бүркіт салып жүргенде бір  ініне кіріп бара жатқан түлкіні алмақшы болғанда, бүркіттің бір көзіне ши кіріп кететін соқыр болып қалады. Сол бүркіт оң қанатын бір қаққанда сол қанатын екі қағатын болған. Сол көзі соқырлықтан, әйтпесе аударылып кететін болған. Бір жолы бір топ бүркітші әңгімелесіп келе жатқанда екі-үш бүркіт бір ұларды қуып бара жатыр екен. Сонда Ғазезхан шеткі бүркіттің біреуінің көзі соқыр екен дейді. Бүркітшілер тұрып – Әй Ғазезхан не шатып келесің, аспанда ұшып бара жатқан құсты сен қалай парықтайсың? Ғазезхан  ол жолы ешнарсе айтпайды. Сол жерге тұзақ құрып бүркіттің біреуін ұстап алса, ол бүркіттің оң көзі соқыр болып шығады, ол оң қанатын екі рет қағады екен. Ғазезхан бүркітшілерді жинап, әлгі соқыр бүркітті ұшырып, қанатын қалай қағатынын көрсетіп сөзін мойындатқан екен.

Тұзақ екі түрлі болады Шаппа тұзақ – ағаштың басын иіп, шыбықты жерге шаншып қора жасайды, оның есігі болады. Қораның ортасы төмпешік болады, соған тұзақ құрады тұзақтың қылын ақ боз жылқының қылынан есетін, себебі қыста ақ  боз жылқының қылы көрінбейді. Бүркіт есіктен кіргенде есік өзінен-өзі жабылып қалады.

Атпа тұзақ- малдың, аңның жемтігі болады соны жеп жатқан бүркітті  ұшырып жіберіп, әлгі жемтіктен бір кесім етін кесіп алып, оны жылқының қылымен байлап, екінші жағын ауыр тоқпақ ағашқа байлап қояды. Әлгі етті жеген соң, бүркіт өзінен-өзі арқандалып қалады. Бүркіт келе сап әлгі етті жұта салғанда өзінен-өзі тұзаққа түседі.

Қасқыр атуға шыққан аңшы қасқырды ауызға алмау керек. Мысалы- ой әлгіге, бәленге барушы едім деп жүріп кетеді. 4-ші айдың басында ақшақар жауғанда қасқыр күшіктегенде қасқыр аулауға шығады. Күшіктейтін уақытын аңшылар есептеп шығарады. Екі аңшы аңға шыққанда бір қасқыр жортып бара жатады. Ананы ат дегенде жанындағы серігі атып қалады, қасқыр домалап түседі, сөйтсе ішінді 3-күшік бар екен, туған жерінде бір күшік қалыпты. Себебі, қасқыр туып жатқанда аңшылар үстінен түскен, қасқыр қорыққанынан қашқан. Қасқыр күшіктегенде маңайынан мал жемейді, тіпті жанында өзі ауылының малы жүрседе тиіспейді. Алыстан әкеп жейді, бір-екі күндік жерден әкеп жейді. Жемтікті мойнына көтеріп жүрмейді. Сол жерде жеп келген соң күшіктеріне құсып береді. Күшігін құсып бағады. Күшік ержете бастағанда ертіп жүріп малға, мына малға ана малға тиіскізіп, енесі малды шала өлтіріп береді. Қасқырдың туып жатқанын майдан деп атайды, онда жемтік әкеп бермейді. Қасқыр бір жылда бірақ рет күшіктейді, екі рет күшіктемейді. Қасқырдың соқпалы, саруы - үнемі жүріп тұратын жолына сарып, нәжіс қалдырып отырады. Сол жерлерге бір айда бір не екі рет міндетті түрде келіп отырады, сол жерге қақпанды біліндірмей құрады.

Адырыспан – деген шөп жердің бетіне шығып келе жатқанда соған қазанды төңкеріп тастайды, топырақпен көміп қояды. Жайлаудан түсіп күзде шөп піскенде 10-11- айда қазанның жан-жағын ашып, адам аузы – басын таңып,  кезде маска киеді. Ол кезде қолғап жоқ, ұзын құрықпен қазанды төңкеріп, анандай жерге лақтырып жібереді. Бірден қазанға тиіспейді, ол 1-2 сағатпа әлде, бір күн тұрама, белгісіз, қазанның іші көк тат болып кетеді. Қазанның ішіндегі көк нілді қырып алып өте мұқият шыны ыдысқа сақтайды. Ол – У. Ол у -ды  үзеңгінің табанына жақса адамның етігінен өткен у атқа мінген адамды бірден өлтіреді. Бір адамға қас қылу үшін темір үзеңгінің астынан жақса темірден өтіп одан соң адамның етігінің өкшесінен өтіп адам сол сәтте өліп кетеді екен.

Тоғыз атар мылтықтың дәрісін қарағайдың шоғымен талдың шоғын араластырып оған күкірт қосып жасаған. Мұны суға қосып аздан ішсе соқыр ішек ауруына ем.

Шыжың ауруына көктемде көктеген шидің үлпілдеген басын қайнатып 7- рет ішсе ем. Қасқырдың тілі, өті дәрі. Тілі талма ауыруын қоймайды. Бауыры мұрынға жел түссе, оны қайраққа қайрап –қайрап соны мұрынның сыртынан жағады. Бауырды алдымен кептіреді. Мұрнына дәріні жаққанда күштілігі сондай ауызға, тілге қанның дәмі келіп қан татып кетеді, сол кезде дәріні тоқтата қою керек, әйтпесе одан адам өліпте кетуі мүмкін. Белге құрт түссе қасқырдың кепкен тілін қайраққа өлтіріп белге жақса науқас жазылады. Ол үшін қасқырдың тілін кептіріп қояды. Тілін талқандап суға езіп ішсе талма (эппилепсия) ауруына ем. Қасқырдың асығы өзіңмен бірге алып жүрсең тіл-көзден, ұшықтан аман-есен боласың.  Атыс-шабыс болып кетсе оқта  тимейді деген ырым бар. Мәшинеде жүрсең мәшине аударылса өзің аман қаласың. Асықты қалтаға сап жүру керек.

Түлкінің тұмсығын асынып алған адам ешқашан ешнәрсені ұмытпайды.

Бұғының қаны қанды өрлетеді, ол қаны төмен болса жоғарлатады. Бұғының өті өт ауруына дәрі. Көзіңіз жарамай қалса бұғының көз жасын көзінің алдындағы былшығын  көзіңізге тамызсаңыз көзіңіз көретін болып сол қалпына келеді. Бұғыныңда қасқырдыңда дене-қуатының бәрі ем.

Аюдың өті жаман аурудан жазады, аюдың өтін алмас бұрын бір қапшық ине табу керек. Аюдың өтін жарып жіберіп, өтінің ішіне инелерді салып жіберу керек. Аюды сойып етін бұзып әбден жұмыс біткен соң өттің ішіндегі инеден бір талы қалмай бәрі еріп кетеді. Ең ем болатыны күшті дәрі сол. Рак аурудың бәрін емдейді. Майы буын қабыну ревматизмге ем. Табан майын табаныңызға, қол майын қолыңызға жақсаңыз қақсаудан, сырқыраудан ем болады.

Ілбістің сүйегі ем, етінде ем жоқ. Бүйрегі бүйрек ауруына ем. Ілбіс қақпанға түссе, жуас жата береді.

Бұғы жарағанда 40-50 маралды бірақ иіреді, жайылтпай тұрады, маралдар әбден шөлдейді сол кезде суға су ішуге қоя бере салады, маралдар шауып барып, өзенді жағалай тізіліп су ішіп жатқанда бұғы басынан бастап аяғына дейін шауып шығады. Екінші рет бұғы шаппайды, маралдар өзінше, бұғы өзінше кетеді. 

Шыңжаң қазақтарының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінде өзіндік ерекшеліктер  көп кездеседі, бұл Қазақстан қазақтарында да аймақтық, елдік, рулық өзгешеліктермен мәндес.

ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты. Алматы

 

Бөлісу: